Жаңа жылда қай компания жалақыны қаншаға өсіреді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3998

Қазақстандағы ірі кәсіпорындар жалақы көтеруге кірісті.

Жаңа жылда қай компания жалақыны қаншаға өсіреді

Eurasian Resources Group компаниясы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, өзінің қазақстандық кәсіпорындарында еңбекақы көтеруді бастайтынын жариялады. Еуразиялық топ басшылығы Қазақстандағы кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбекақысын жоғарылату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Оның мәліметінше, алдағы жылғы 1 қаңтарда еңбекақы мөлшері 9-14%-ға көтерілмек. Бұл мақсатқа топ 17,6 миллиард теңге бағыттамақ.

Жалпы алғанда ERG-дің 58 500 қызметкерінің табысы өсетін болды. Бұл Еуразиялық топ еңбек ұжымының 97%-ын құрамақ. Соның 23 мыңнан астамы Павлодар облысында, 21 мыңы – Қостанай, 11 мыңы – Ақтөбе және 3 мыңы Қарағанды облыстарында еңбек етіп жүр.

"Еуразиялық топ кәсіпорындарының өндірістік персоналының арасында еңбекақысы төмен қызметкерлер жоқ. Біз әрдайым заң талаптарын бұлжытпай орындап, соның ішінде ең төменгі еңбекақы мөлшерін ескеріп, еңбекақыға үстеме төлеудің салалық коэффициенттерін ұдайы қолданып келдік", – деген түсініктеме берді директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Оның сендіруінше, 2016 жылдан бері компания осымен үшінші рет еңбекақыны көтергелі отырған көрінеді.

"Сондықтан осы аралықта жинақталған өсім Қазақстандағы инфляцияның ресми деңгейінен жоғары болмақ. Бұған дейін еңбекақы мөлшерін ұлғайтқанда, біз өз жұмысшыларымыздың азық-түлік себетінің қымбаттауынан шеккен шығындарының орнын толтырған болсақ, бұл жолы өзге компаниялардағы ұқсас мамандықтарды салыстыра отырып, қызметкердің біліктілігін, атқаратын жұмысының күрделілігін және кәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ескере отырып, жалақыны жоғарылату коэффициентін қолданып отырмыз", – деді ол.

Мұндай өсіру білікті мамандар жоғарырақ жалақы ұсынатын бәсекелестерге кетіп қалмау үшін жасалады екен.

Еуразиялық топ басшысы еңбекақыны өсірумен бірге, кәсіпорындар қызметкерлері пайдаланып келген, ұжымдық келісім шарттарға енген және енбеген түрлі әлеуметтік бағдарламалардың бәрі де сақталып қалатынын айтады.

"Kaz Minerals" тобының корпоративтік байланыстар департаменті өздерінің де тұтынушылық себеттің, инфляция деңгейінің және топтағы компаниялардың экономикалық ахуалын ескере отырып, жұмысшылар еңбекақысын қайта қарайтынын хабарлады.

"Президент жолдауына байланысты 2019 жылы ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есе, яғни қазіргі 28 мыңнан 42 мыңға дейін өседі. Тиісінше, 2019 жылы осыған орай тиісті өзгерістер болады", – деп хабарлады компания.

"Қазмырыш" та өз қызметкерлеріне Жаңа жыл мерекесіне сый әзірлеуде:  қаңтардан бастап жалақы көтеріледі.

"Біз елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын қолдаймыз. Біздің компания – Шығыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын. Сондықтан өңірдің мыңдаған тұрғынының тағдыры компаниямен байланысты екенін түсінеміз. Демек, олардың әл-ауқатының жақсаруы – біздің міндетіміз", – дейді "Қазмырыш" ЖШС бас директоры Александр Хмелев.

Оның сендіруінше, жалақының алда көтерілуі әртүрлі дәрежеде компания бөлімшелерінің барлық қызметкерлеріне қатысты болмақ. Осыған орай компания "ең төменгі жалақы көлемінің жаңа деңгейін, салааралық келісімде белгіленген көтермелі коэффициенттерді және ұжымдық келісімдерде көзделген жұмысшы разрядтары бойынша коэффициенттерді ескере отырып", барлық қызметкерлерінің еңбекақылары мен тарифтік мөлшерлемелерін қайта есептеп жатқан көрінеді.

"АрселорМиттал Теміртау" да 1 қаңтардан бастап, еңбекақыны өсіруге ден қойыпты. Компания мәліметінше, төмен жалақы алатын санаттағы жұмысшыларда жоғарылау 25-30%-ға дейін баруы ықтимал. Ал жоғары жалақылы жұмысшыларға аздау қосылады. Тұтастай алғанда, компанияның барлық бөлімшелері бойынша жалақы қорының өсуі шамамен он пайызға жетпек.

Алатау бөктеріндегі қалада орналасқан "Алматы бояулары" ЖШС, "Абди Ибрагим Глобал Фарм" ЖШС, "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС секілді бірқатар кәсіпорындар басшылары да қызметкерлерінің жалақысының ең төменгі мөлшерін көтеру туралы шешім қабылдағандарын жеткізді.

"Алматы бояулары" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Римма Салықова компанияның жаңа жылды күтіп отырмай, жұмыскерлер жалақысын биылғы қараша айынан бастап көтеруге кіріскендерін айтады. 2009 жылдан бері жұмыс жасайтын бұл кәсіпорны жол белгілері үшін лак-бояу заттары мен жол жөндеу үшін материалдар шығарады. Қазір оның қоластында 160 жұмыскер бар.

"Біз үнемі өз жұмыскерлеріміздің жалақысын көтеріп отыруға тырысамыз. Бүгінде біз барлық жұмыскерлеріміздің жалақысын 50%-ға көтердік. Еңбекақыны тағы көтеру керек деп шештік, өйткені халықтың әл-ауқатын шынымен де арттыру қажет. Біз жалақыны тағы 15%-ға ұлғайтуға ұйғардық. Барлық кәсіподақтар мен белсенді қауымдастықтар аудандарға барып, әкімдермен, кәсіпкерлермен кездесіп, бұл мәселені талқыласа, деп ойлаймын. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы жаппай көтерілуге тиіс. Бұл міндет барлық кәсіпорындардың басшыларының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын", – дейді Римма Салықова.

Оның дерегінше, осы кәсіпорындағы ең төменгі жалақы қазір 76 мың теңгені құрапты және ол енді 15%-ға артқан.

"Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиевтің айтуынша, кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге мамандандырылған. Өнімдерінің 63%-ы Орталық Азия, Қытай және Ресей нарықтарына экспортталады.

"Біздің компания 1 желтоқсаннан бастап еңбекақы мөлшерін ұлғайтады. Бізде 1200 адам жұмыс істейді – бұл негізінен ауыл тұрғындары. Орташа жалақы мөлшері қазіргі кезде 114 мың теңгені құрайды, ең төменгісі – 68 мың. Жалпы алғанда компания тобы бойынша еңбекақы 11,5%-ға өседі, бұл 311 қызметкерге қатысты. Осылайша, осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап орташа еңбекақы 127 мың теңгеге дейін, ал төменгісі 80 мың теңгеге дейін өседі", – деді ол.

Шығыс Қазақстандағы ірі құрылыс компаниясы "Азия" Фирмасы" ЖШС да алдағы жылы төменгі жалақы алатын жұмысшыларының жалақысын 50%-ға көтеретінін мәлімдеді. Өңірдегі 280 тонна алтын қорына ие "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ("Бакырчикское горнодобывающее предприятие") бас директоры Юрий Овчинников те жалақы өсіру мәселесін қарастырып жатқандарын жеткізді. Бүгінде кәсіпорындағы 1097 қызметкердің 97,2%-ы Қазақстан азаматтары екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу