Жәнібек Әлімханұлы британиялық боксшымен кездеседі

2553

Жәнібек Әлімханұлының (11-0, 7 КО) ісін жүргізетін Top Rank промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы мен британиялық Дэнни Дигнум (14-0-1, 8 КО) арасындағы жекпе-жектің өтетінін ресми түрде жариялады.

Жәнібек Әлімханұлы британиялық боксшымен кездеседі

Жекпе-жек 21 мамырда Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді. Жәнібек пен Дэнни орта салмақтағы WBO уақытша титулын сарапқа салады. Бұл ұйымның толық чемпионы – америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) екенін айта кетейік.

Әлімханұлы былтырғы жылдың қараша айында өткен соңғы жекпе-жегінде француз Хассан Ндам Нжикамды (38-6, 21 КО) сегізінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Ал Дигнум ақпан айында тағы бір британдық Грант Денниске қарсы (17-4, 3 КО) текетіресте мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Кездесудің қашан өтетіні ресми жарияланғаннан кейін боксшылар алдағы жекпе-жекке қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Андраде мен Мунгуя менен қашты. Сондықтан Дигнумға жекпе-жекті өткізуге келісім бергені үшін алғыс айтамын. Бүкіл әлемге нағыз "қазақ стилін" көрсетіп, титулды аламын. Дивизионның ең танымал боксшылары әзірге менен қашып жүргенімен, олар мәңгілікке қашып кете алмайды. Resorts World-та тартысты жекпе-жек өткізуді асыға күтемін", – деді Жәнібек Әлімханұлы.

"Жәнібекпен уақытша WBO чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізетініме өте қуаныштымын. Мен өз-өзіме сенімдімін. Аренадан жеңіспен және титулмен кетемін", – дейді британиялық боксшы.

Ал промоутер Боб Арумның пікірінше бұл кездесудегі басты фаворит Жәнібек.

"Жәнібек – аса талантты. Соңғы жылдары Шығыс Еуропадан келген үздіктердің бірі. Ол осы деңгейге лайықты түрде жетті. Лас-Вегас, ESPN арнасының басты оқиғасы. Ол Дэнни Дигнумға қарсы керемет өнер көрсетеді деп ойлаймын. Жәнібекте чемпион болу үшін барлық мүмкіндік бар", деді Боб Арум.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу