Жапондар қазақтың жылқысын жегісі келеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2746

Қазақстан Күншығыс еліне жылқы етін экспорттауды қолға алмақ.

Жапондар қазақтың жылқысын жегісі келеді

Жалпы, Жапония нарығынан орын алу қиын. Десе де, кез келген салада кереметтей жетістіктері көп Күншығыс елі қазақтың жылқысына құмартып-ақ отыр. Сондықтан, Қазақстан самурайлар еліне жылқы етін экспорттауды қолға алмақ. 

"Kazakh Export" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ердан Бекхожиннің айтуынша, Жапония тарапынан жылқы етіне сұраныс бар. Олар әуелде жылқы етін мектеп асханаларында ұсына бастаған. Оның тиімділігін байқаған соң, сұраныс та артқан. Сол себепті Жапония бағытында азық-түлік экспортын жандандыру үшін тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр.

"Жылқы етінен бөлек, азық-түліктің басқа да түрлеріне сұраныс бар. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бұйыртса, жақын уақытта отандық ауыл шаруашылығы тауарлары Жапония нарығында сатыла бастайды. Бұл елмен инновация, жаңа технологиялар саласында бәсекелесу қиын. Сондықтан, бірінші кезекте агроөнеркәсіп секторын қарастырып отырмыз. Жапонияда қазақстандық жылқы еті айтарлықтай танымал. Яғни, ұлттық өнім халықаралық нарықта да сұранысқа ие бола бастады", – деді Ердан Бекхожин Астанада өткен Қазақстан-Жапония бизнес форумында.

Ұлттық компания өкілінің айтуынша, алдағы уақытта "Kazakh Export" басқа да отандық өнімдердің Жапония нарығына шығуына қолдау көрсетпек. Компанияда оған қажетті құралдар баршылық. Мәселен, "Kazakh Export" 2016 жылы мемлекет басшысының Жапонияға жасаған жұмыс сапары барысында Күншығыс елінің "Nexia" экспорттық-кредиттік агенттігімен тиісті келісімді бекіткен болатын.

"Біз бүгінде бірлескен кәсіпорындарды ашу бағытында жұмыс істеудеміз. Қазақстандықтар Жапониядан технологиялар мен инновациялардың келгенін қалайды. Олар осының көмегімен экспорттық мүмкіндіктерін арттырмақ ниетте", – дейді Ердан Бекхожин.

Еске сала кетейік, Қазақстан-Жапония бизнес форумын Жапониядағы Қазақстан елшілігі мен "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы ұйымдастыруда. Форумның ашылуына қатысқан инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновтің айтуынша, Жапония – Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасында 2015 жылдан бері инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім әрекет етіп келеді.

"Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы экономикалық өсуді қамтамасыз етуде. Бұл ретте, Жапония Қазақстанның ең ірі инвесторларының қатарында. 2005-2017 жылдар аралығында Жапониядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 5 млрд доллардан астам қаржыны құрады. Жапониялық компанияларды Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырамыз", – деді Арыстан Қабыкенов.

Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің халықаралық істер жөніндегі вице-министрі Тадао Янасэ жапон компанияларының Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық білдіріп отырғанын атап өтті.

"Біздің компания Қазақстанға өнеркәсіптік жабдықтарды, мұнай-химия саласына қажетті құралдарды жеткізеді. Қазір Қазақстандағы инвестициялық ортада елеулі өзгерістер орын алып жатыр. Қазақстандық тарап бізден жаңа бастамаларды жүзеге асыруды талап етуде. Қуантарлығы, бұл талаптар біздің даму стратегиямызбен ұқсас. Былтыр Қазақстан үкіметі "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарламаға сүйене отырып, әрі қарай бірнеше бағытта қарым-қатынасты қалыптастырғымыз келеді", – дейді Жапония-Қазақстан экономикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, "ИТОТЮ" корпорациясының кеңесшісі Тосиюки Косуги.

Форумда ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Мәселен, "Kazakh Invest" компаниясының басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев пен "Марубэни Корпорейшн" компаниясының вице-төрағасы Ямадзоэ Сигеру Алматы қаласында қалалық көлікті дамыту жөнінде жалпы ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті.

"Қазіргі таңда біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі аясында Алматыда жеңіл рельсті көлік желісін салу жобасын жүзеге асырмақпыз. Бүгінде құрылысқа, пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және қаржыландыруға байланысты мәселелер шешілуде. LRT-ны салу қала тұрғындарының қолайлылығы үшін қажет", – дейді Ямадзоэ Сигеру.

2018 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда жапондық тараптың үлесі бар 77 заңды тұлға, бөлімше мен өкілдіктер тіркелген.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 17%-ға ұлғайған. Ал Қазақстанның Жапония бағытындағы экспорты 1,5 есе артқан. Екі ел арасындағы тауар айналымының артуына экспорттың ұлғаюы оң әсер еткен. Өйткені, еліміздің Күншығыс еліне экспорты бірден 58,6%-ға өскен. Бұл – Қазақстанның жалпы экспортының 1,8%-ы. Ал импорт көлемі бірден 25,1%-ға қысқарған.

Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың негізін ферроқорытпа мен мұнай өнімдері құрап отыр. 2017 жылы Жапонияға 534,3 млн доллардың ферроқорытпасы, 339,4 млн доллардың мұнай өнімдері экспортталған. Жапония бағытындағы қазақстандық экспорттың 98,6%-ын аталған екі шикізат түрі құрап отыр. Ал Жапониядан импортталатын тауарлардың қатарында автоөндіріске қажетті өнімдер мен арнайы техникалар, медициналық жабдықтар бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу