Жарқын жеңіс

2267

"Астана Арландары" "Uzbek Tigers" боксшыларын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Жарқын жеңіс

Талдықорғанда WSB жобасы аясында Қазақстан және Өзбекстан боксшылары қолғап түйістіріп, көрерменді қызыққа бөледі. "Астана Арландары" "Uzbek Tigers" боксшыларынан басым түсіп, қазақ жігіттерінің жүректі һәм білекті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

52 келі. Олжас Сәттібаев – Аброржон Кодиров – 3:0 (49:46, 48:47, 48:47)

Жекпе-жек өте тартысты өтті. Басында өзбектің жас боксшысы дес бермеді. Қарсы соққылары Олжасқа дөп тиіп, бастапқы екі раундта өте ширақ қимылдады. Құйындай орап соқты. Бірінші-екінші раундтарда төрешілердің шешімі де екі айырылды.

Шыны керек осы жерде Аброржанның былтыр Азат Махметовтен оңбай таяқ жегенін есімізге алып, "бапкерлер бүгін Олжасты шығарып, қателескен жоқ па екен?" деп тықыршып, мазасыздана бастадық. Бірақ үшінші раундтан бастап өзбек боксшысының жылдамдығы бәсеңсіп қалды. Сол-ақ екен  Олжастың соққылары дөп тие бастады. Қарсыласының қабағын да жарды. Сәттібаев жігерлік танытып, соңғы раундтарда өзінің деңгейі жоғарылау екенін дәлелдеп, сенімді ақтады.

60 келі: Закир Сафиуллин – Муроджон Ахмадалиев – 3:0 (49:46, 50:45, 49:46)

Қарсыласына қарағанда Закирдің бойы – биіктеу. Бірден бастырмалатып, соққының астына алды. Деңгейінің жоғары екендігі көзге ұрады. Бастапқы екі раундта үстемдік танытты. Қарсыласы жаны сірі боксшы екен. Таяқ өтпейтін, төзімді жігіт болып шықты. Оны ұрып жүріп Закирдің өзі титықтап қалғандай көрінді. Ал Ахмадалиев айылын жияр емес. 56 келіден жақында ауысқан. 60 келіге әлі үйрене алмай жүрген де болар.

Неге екені белгісіз, әлде "енді жеңіс – қолда" деп ойлады ма, түсініксіз, әйтеуір Закир үшінші раундта қарқынын бәсеңсітіп алды. Сол-ақ екен қарша бораған соққыдан бас көтере алмай жүрген өзбек атойлап алға шапты. Соққылары – нық, қимылы – шалт. Бірақ Закир оның аптығын тез басты. Бүйірден де, бауырдан да, іштен де, бастан ұрып, қайтадан бас сауғалап, қорғануға мәжбүрледі. Жекпе-жек біткенше еркінсітпей, төпелеп тастады    

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Шахрам Гиясов – 2:1 (47:48, 48:47, 48:47)

Көпшілік күткендей шектен тыс шиеленісті жекпе-жек болды. Асланбек Рио Олимпиадасының күміс жүлдегеріне өзінің соққысының қандай пәрменді екенін көрсете білді.

Бірақ басы қатты басталды. Бастапқы раундтарда төрешілер жеңісті өзбек боксшысына беріп, жағдай біршама қиындап кетті. Шымбергенов тек үшінші раундтан бастап өзінің соққылары дөп тиіп жатқанын дәлелдей алды. Ал Шахрамның соққыларының көбісі жанай тиіп, "жалап" өтіп отырды.  

Асланбек қолының ұзындығын пайдаланып, ара қашықтықты сақтай отырып, соққыларын діттеген жеріне дөп тигізе білді. Шымбергеновтің соққыларынан кейін Шахрамның шаштары (кекілі) желп-желп етіп, басы тоқ соққандай дірілдеді. Тіпті мұрнынан қан саулады.

Тамаша жеңіс! Асланбек сенімді ақтады. Сәл ширақ қимылдаса, тіптен жақсы болар еді.

81 келі: Нұрдәулет Жарманов – Бектимир Меликузиев – 0:3 (46:49, 46:49, 46:49)

Өкінішке қарай  Нұрдәулет сенім үдесінен шыға алмады. Қарсыласы бұған дейін WSB шаршы алаңында бір-ақ жекпе-жек өткізген болатын. Ал Нұрдәулет болса, бүгін бесінші рет шықты. Әйтсе де дәл бүгін керісінше сияқты болып көрінді.

Жарманов жайбасарлық танытып, селсоқ қимылдады. Соққы аз. Аяқтарымен де "желе-жортып", жылдам қозғалмады.

Соңғы раундта Меликузиевтің қабағы жарылып, қаны судай ақты. Бапкерлер де, жанкүйерлер де қиқу салып, Жармановты "қамшылай" түсті. "Жаралы" қарсыласын ұрып құлатса деп  өре түрегелді. Бұл үміттің соңғы жұрнағы еді. Бірақ  нокаут болған жоқ.

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходыр Жалолов – 3:0 (50:45, 49:46, 48:47)

Қамшыбек жарады. Бойы сырықтай өзбек алыбын аяусыз төпеледі. Екеуі 2015 жылы Болгарияда өткен халықаралық турнирдің финалында кездесіп, Қоңқабаев Жалоловты жалп еткізген болатын.

Талдықорған төрінде Қамшыбектің мысы басып тұрғаны алғашқы минуттардан-ақ сезілді. Ол батыл қимылдап, Баходырды бастырмалата ұрып отырды. Жалолов болса, Қоңқабаев өзіне қарай тұра ұмтылғанда, асып-сасып, айнала керілген арқанға барып, "тығылуға" тырысты.

Бұл жекпе-жекте Қамшыбек күмәнсіз жеңді. Басымдық танытты. Еңгерзедей қарсыласы аракідік жауап "қатып", жұдырық сілтеп отырғанымен, бұл қимылдары "ұялған тек тұрмастың" кері ғана сияқты болып көрінді.

Сонымен  "Астана Арландары" жеңіске жетті. Қазақ жанкүйерлерінің сенімі мен үмітін ақтады. Рио Олимпиадасында жүлдені "күреп" алған өзбек боксшыларына WSB жобасының екі дүркін чемпиондары қазақ жігіттері  екенін іс жүзінде дәлелдеп берді.

Айтпақшы, өткен маусымда да екі клуб бір топта болған. Ташкентте өзбек боксшылары 4:1 есебімен жеңіске жетсе, қазақ топырағында біздің жігіттер дәл осындай есеппен есе қайтарған. Енді міне, үшінші кездесу де тура осындай нәтижемен аяқталып отыр. Қарымта кездесу 1 сәуір күні Өзбекстанда өтеді. Қызық әлі алда!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу