banner

Жарыс жолында – жалғыз қазақ, жалғыз жігіт

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2648

Лондонда жеңіл атлетикадан 10 күнге созылған ХVІ әлем чемпионаты аяқталды.

Жарыс жолында – жалғыз қазақ, жалғыз жігіт

Эстафетада финалға ілікпедік

Бүкіләлемдік біріншіліктің соңғы күндері біздің спортшылар жеңіл атлетиканың екі түрінде, яғни бәйгесінде бақ сынады. Оның бірі әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасының іріктеу жарыстары болатын. Қазақстан құрамасының қыздары бұл сында екінші сегіздікте жүгірді.

Сөреден Рима Кашафутдинова шығып, эстафета таяқшасын Виктория Зябкинаға берді. Одан кейін Светлана Голендова, ал соңғы кезеңде Ольга Сафронова жүгірді. Өкінішке қарай, екінші кезеңде жүгірген қызымыз эстафета таяқшасын алып, оны өзінің алдындағы спортшымызға беру кезінде жаза басып, аздаған уақыт жоғалтып алды.

Жарақатынан толық айығып кетпеп еді, сол да әсер еткен сияқты... Ал эстафетада мұның бәрі – маңызды. Бір секундтың ондаған, тіпті жүздеген бөліктерінің өзі – бағалы. Әйтпесе, ауа-райы өте қолайлы, стадион лық толы, жүгіру жолдары жайлы еді.

Сөйтіп, қыздарымыз финалға шыға алмады. Уақыттары да аса жоғары емес – 45,47 секунд. Мәселен, олар Азия чемпионатында 43,53 секунд көрсеткішпен жеңімпаз атанса, Алматыда өткен Қосанов мемориалында 43,03 секунд уақытпен топ жарған-ды. Ал Лондонда өз мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыра алмады.

Жалғыз қазақ...

Әлем чемпионатының соңғы күні спорттық жүру жарысынан ерлер және әйелдер арасындағы бәйгелер өтті. 20 шақырымдық бәйгеде үш қызымыз бен жалғыз жігітіміз бақ сынады. Үш қыздың бірі – осы әлем чемпионатына қатысқан жалғыз қазақ Диана Айдосова.

Әуелі қыздар жарысты. Әйелдер арасындағы 20 шақырымдық бәйге өте жоғары қарқында басталды. Әу баста біздің қыздарымыз қалыңқырап қойды. Алға қарай жүйткіп ала жөнелген көшке ілесу оңай болған жоқ. Әйтсе де, үш қызымыз да қайсарлық танытып, намысқа тырысты. Бәрі де көмбеге жетті.

Осы ретте айта кетейік, сөреден 61 спортшы шыққан болатын. Солардың бірнешеуі көмбеге жете алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Ал бірсыпырасын ереже бұзғандары үшін төрешілер жарыс жолынан аластатты.

Сонымен, спорттық жүру жарысынан 20 шақырымдық бәйгені Диана Айдосова 47-орынмен аяқтады. Уақыты – 1 сағат 38 минут 16 секунд. Осы маусымдағы ең жоғарғы көрсеткіші! Намысқа жүгініп, шамасының келгенінше тырысқаны, осыдан-ақ байқалмай ма?

Ал Полина Репина 50-ші, ал Регина Рыкова 52-ші орындарға табан тіреді. Олардың уақыттары – 1:39:56 және 1:41:59. Жүлделі орындарға Қытай, Мексика және Италия спортшылары ие болды. Жеңімпаздың уақыты – 1 сағат 26 минут 18 секунд.

Сөйтіп, үш қызымыз да жарады. Әсіресе, Диана көмбеге жеткен соң ентігін баса алмады. Өте қатты шаршапты. Аянбай, барын салғаны көрініп тұр. 

Жалғыз жігіт

Іле-шала спорттық жүру жарысынан ерлер арасындағы 20 шақырымдық бәйге басталды. Біздің елдің намысын Георгий Шейко қорғады. Ол – осы әлем чемпионатына біздің елден қатысқан жалғыз жігіт. 13 спортшының қалғандары қыз-келіншектер болатын.

Сонымен, ерлер арасындағы 20 шақырымдық бәйге басталды. Оған 64 спортшы қатысты. Қыздар арасындағыдай, мұнда да көмбеге жете алмаған, сондай-ақ ереже бұзып, жарыстан аластатылған спортшылар болды (барлығы – алтау).

Георгий Шейко көмбеге жеткен 58 спортшының ішінде 36-шы орынға ие болды. Уақыты – 1 сағат 23 минут 11 секунд. Ал бірінші орынды Колумбия саңлағы Эйдер Аревало иеленді (1 сағат 18 минут 53 секунд). Әрі ол өз елінің рекордын жаңартты. Мойындауымыз керек, әлемде жеңіл атлетиканың бұл түрі жетілген үстіне жетіле түсіпті. Ал бізге әлі көп жұмыс жасау керек.

Сөйтіп, ХVІ әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы ХVІ әлем чемпионатын үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова қол жеткізген жалғыз қола жүлдемен тәмамдады. Бұған да шүкір, демеске амал жоқ. Спортшыларымыз ертең елге қайтады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу