Жас балуандармыз Азиядан үш алтын алды

Бұдан бөлек қоржынымызға сегіз қола түсті.

23 Шілде 2018 09:15 Автор: Маруан Түсіп
Жас балуандармыз Азиядан үш алтын алды,  Күрес түрлерінен жастар арасындағы Азия чемпионаты, грек-рим күресінен Нью-Делидегі Азия чемпионаты, еркін күрестен Нью-Делидегі Азия чемпионаты

Күрес түрлерінен Үндістанда өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионаты балуандарымыз үшін сәтті басталды.

Нью-Дели қаласында жалауы желбіреген жастар арасындағы Азия чемпионатын грек-рим күресінің жас таланттары ашқан. Екі күнге созылған қиян-кескі белдесулерде Серік Жұмашев жаттықтыратын спортшыларымыз екі алтын, бес қола олжалады. Әрі командалық есепте еліміздің жас «классиктері» 147 ұпаймен екінші орынға ие болды. Бірінші орын Иран құрамасына бұйырды (225 ұпай). Үштікті қырғыз бауырларымыз түйіндеді (135 ұпай).

Саф алтынның бірін 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ғалым Қабдынасаров жеңіп алды. Ол финалда Иран балуанын ұтып (10:2 есебімен), Азия чемпионы атанды. Ғалым финалға дейін Сауд арабиясы мен Жапония жігіттерінен айласын асырған.

Екінші алтынды 67 келіде ел намысын қорғаған Мерей Бекенов иеленді. Финалда қырғыз қыраны Халмурат Ибрагимовке еш мүмкіндік бермеді (9:0). Бұған дейін ол Өзбекстан және Қытай балуандарын айқын басымдықпен ұтқан болатын. 

Үшінші орынға Арслан Абдурахманов (55 келі), Тілек Әсембаев (63 келі), Станислав Рыльский (82 келі), Санжар Темірбек (87 келі) және Антон Савенко(130 келі) сынды балуандарымыз ие болып, Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Өкінішке қарай, үш балуанымыздың бағы жанбай, жүлделі орындарға іліге алмады. Олар – Диас Қален (72 келі), Дәулет Жалғасов (77 келі) және Евгений Горбузняк (97 келі).

Бұдан кейін Нью-Дели төріне төселген боз кілемге бойжеткендер шықты. Қазақ елі намысын қорғаған аруларымыз бір алтын, үш қола медаль еншілеп, командалық есепте төртінші орынды қанағат тұтты. Алдымызды Жапония, Қытай және Үндістан қыздары орап кетті.

Жалғыз алтынды 62 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ирина Кузнецова жеңіп алды. Ол финалда жапон қызы Рин Кондодан 3:2 есебімен басым түсті. Ширек және жартылай финалда жеңіске деген жігері басым болып, Үндістан және Қытай қыздарын ұтқан болатын.

Қола жүлдені Марина Закшевская (50 келі), Жанерке Асанова (57 келі) және Гүлназ Жапарова (72 келі) сынды қыздарымыз иеленді. Өкінішке қарай, Эллада Махядинова (53 келі) және Валерия Гончарова(68 келі) қола жүлде үшін өткен белдесулерде ұтылып қалып, бесінші орынды қанағат тұтты.

Ал Айжан Сүйдуова (55 келі), Екатерина Фристова (59 келі) Альбина Қайыргелдінова (65 келі) және Айнагүл Әбирова (76 келі) секілді қыздарымыз ширек финалда жеңілістің кермек дәмін татып, жүлделі орындардан тыс қалды.

Нью-Дели кілеміне шыққан еркін күрес шеберлерінің нәтижесіне жастар арасындағы Азия чемпионаты аяқталған соң тоқталамыз.

Маруан Түсіп