Жас хоккейшілер әлем чемпионатында бақ сынайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4165

Шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Канадада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Жас хоккейшілер әлем чемпионатында бақ сынайды Фото: icehockey.kz

20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ (қырық үшінші) әлем чемпионаты әдеттегідей желтоқсан айының соңында (26-сында) басталып, 2019 жылғы қаңтардың басында (6-сында) аяқталады. Қазақ елі жастары бүкіләлемдік мұзайдын додасының жоғарғы дивизионына 10 жылдан кейін қайта оралып отыр. Олар 2018 жылғы әлем чемпионатының "А" тобында үздік шығып, кіл мықтылар арасында бақ сынау құқығына ие болған.

Соңғы рет жоғарғы дивизионда 2009 жылы ойнаған Қазақ елі жастары Канадада өтетін әлем чемпионатында "В" тобына түсті. Қарсыластары – АҚШ, Швеция, Финляндия және Словакия құрамалары. Ал "А" тобында Канада, Ресей, Чехия, Дания және Швейцария жас таланттары додаға түседі. Әр топтан төрт команда ширек финалға шығады. Ал өз топтарында соңғы орынға табан тірегендер жоғары дивизионда қалу құқығын сарапқа салатын болады. Екеуара ойындар екі жеңіске дейін созылады.

"А" тобының ойындары Ванкуверде өтсе, "В" тобындағы құрамалар Викторияда додаға түседі. Қазақ елі жастары "Үйеңкі жапырақтылар" еліндегі әлем чемпионатына дайындықтарын бастап кетіпті. Әзірше ел намысын қорғайтын жастар құрамасының кеңейтілген тізімі жарияланды (төменде). 5 және 6 желтоқсан күндері Астанада жиналыс өтіп, жас хоккейшілеріміз Канадаға ұшады екен. Мұхиттың арғы жағында толыққанды оқу-жаттығу жиынын жүргізіп, жергілікті студенттер командаларымен және басқа топтағы Швейцария құрамасымен жолдастық кездесулер өткізу жоспарланып отырған көрінеді.

Енді 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының кеңейтілген тізімімен таныс болыңыздар: 

қақпашылар – Демид Еремеев, Денис Каратаев, Вилен Прокофьев (бәрі де – "Снежные Барсы"), Владислав Нурек ("Алтай");

қорғаушылар – Самат Данияр, Ернар Мұсабаев, Давид Мұратов, Валерий Орехов, Кирилл Пак, Евгений Шинкарецкий, Артем Королев, Валерий Нероев, Михаил Тарасов (бәрі де – "Снежные Барсы"), Темірлан Ғайтамыров ("Фарго", АҚШ), Ярослав Хрипков ("Алтай-Торпедо");

шабуылшылар – Саян Данияр, Айдос Жорабек, Батырлан Мұратов, Артур Гатиятов, Диас Гусейнов, Давыд Макуцкий, Иван Верещагин, Олег Бойко, Максим Мусоров, Максим Мухаметов, Дмитрий Митенков, Владислав Сайко (бәрі де – "Снежные Барсы"), Сергей Пряхин, Андрей Буяльский, Руслан Демин (бәрі де – "Теміртау"), Данил Третьяковский ("Алтай-Торпедо").
Бас бапкер – Сергей Старыгин,
Жаттықтырушылар – Андрей Шаянов, Александр Высоцкий, Ильдус Габдрахманов

Қазақстан жастар құрамасының ойындары күнтізбесі:

28 желтоқсан: Финляндия – Қазақстан (Астана уақытымен 09:30-да басталады).
29 желтоқсан: Қазақстан – АҚШ (Астана уақытымен 09:30-да).
31 желтоқсан: Қазақстан – Словакия (Астана уақытымен 09:30-да).
1 қаңтар: Швеция – Қазақстан (Астана уақытымен 05:30-да).

Жоғарғы дивизионда қалу құқығын сарапқа салу – 2, 4 және 5 қаңтар күндері.

Ширек финалдық ойындар – 2 қаңтар.

Жартылай финалдық ойындар – 4 қаңтар.

Үшінші орын үшін және финал – 5 қаңтар.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу