RU KZ
TV
RU KZ
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33 KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Ауа райы:
-1Астана
-0.23Алматы
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38
Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33
KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Жас таланттарымыз Әлем чемпионатының жоғарғы тобында қалды

Жас таланттарымыз Әлем чемпионатының жоғарғы тобында қалды

Шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Дания жастарын екі рет жеңді.

Жас таланттарымыз Әлем чемпионатының жоғарғы тобында қалды, хоккей, хоккейден жастар құрамасы, Чехия , хоккейден Әлем чемпионаты

690 05 Қаңтар 2019 13:19 Автор: Маруан Түсіп

Канаданың Ванкувер және Виктория қалаларында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ (қырық үшінші) әлем чемпионатының көмбесі көріне бастады. Екі топта ең соңғы орындарға табан тіреген Қазақстан және Дания жастары екеуара додаға түсіп, бүкіләлемдік біріншіліктің жоғарғы дивизионында қалу құқығын сарапқа салды.

Қазақстан және Дания құрамалары арасындағы дода екі жеңіске дейін созылуы керек болатын. Хоккейші жастарымыз жігерлік танытып, екі ойында да жеңіске жетті. Яғни үшінші матч қажет болмай қалды. Сөйтіп екі мәрте басым түскен қазақ елі таланттары Әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында қалып, дат дарындары бірінші дивизионға түсіп қалды.

Бірінші матч 4:3 есебімен аяқталды. Біздің жас хоккейшілерімізге қарағанда, дене бітімдері еңгерзедей Дания-U20 құрамасы аянған жоқ. Біздің қақпаға соққыны қарша боратты. Нақтырақ айтқанда, олар біздің қақпаға 43 рет шайба бағыттады. Ал қазақ елі жастары олардың қақпасын 19 рет нысанаға алды.

Әрине бұл жерде «саннан сапа басым болды» деп, қысқа қайыруға да болушы еді. Алайда қақпашымыз Демид Еремеевтің шеберлігі мен тамаша сэйвтерін атап өтпеу мүмкін емес. Ол жанкештілік танытып, тағы да көрермендер көзайымына айналды. Сонымен қатар қорғаушыларымыз да өз міндеттерін мінсіз атқарды.

Бұл ойында Олег Бойко, Ернар Мұсабаев, Саян Данияр және Артур Гатиятов соққан голдардың арқасында Дания құрамасын тізе бүктірудің сәті түсті. Қазақстан-U20 құрамасы қарсыласына қарағанда шапшаң қимылдап, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Дат жігіттері Еремеевтің қақпасына гол соға алмай, қара терге түсті.

Бір күн дем алып алып, екі құрама қайтадан мұз айдында жолықты. Дания-U20 құрамасы енді ұтылса, төменгі топқа түсіп қалатынын біледі. Сондықтан тістеніп шыққандай көрінді. Алайда матч басталған бетте (35-секундта) құрама капитаны Саян Данияр дат қорғаушылары мен қақпашысын алдап өтіп, есеп ашты. Көп ұзамай (бесінші минутта) Давыд Макуцкий есепті еселей түсті.

Осы голдан кейін Дания-U20 құрамасының бапкерлері қақпашыларын ауыстырды. Екі ойында да сенім үдесінен шыға алмаған М.Сегардтың орнына У.Рортты шығарды. Мойындауымыз керек, екінші қақпашылары бар өнерін салып, өз елін жерге қаратпауға тырысып бақты. Тіпті берде-бір шайба жіберген жоқ. Рас, матч соңында (59-минутта) біздің хоккейшілер екі гол соғып, есепті ұлғайта түсті.

Алайда екеуі де Дания құрамасының бапкерлері қақпашысын алтыншы ойыншыға ауыстырып, шабуылды үдете түсуге тырысқанда соғылды. Артур Гатиятов 38 секундің ішінде екі гол соғып, жылдамдығының жоғары екендігін паш ете білді. Сөйтіп, есеп 4:0 болды. Дат елі жігіттері Демид Еремеевтің қақпасына бірде-бір гол соға алмай, пұшайман болды.

Осылайша, Сергей Старыгин жаттықтыратын Қазақстан-U20 құрамасы әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында екі рет жеңіске жетіп, Канада төрінде екі рет Әнұранымыз шырқалып, жанкүйерлерімізді қуанышқа бөледі. Әрі соңғы ойында өз қақпамызға бірде-бір гол жібермей, тағы бір ерен жетістікке қол жеткізді. Ең бастысы, келесі жылы Чехияда өтетін Әлем чемпионатына қатысатын болды.

Осы ойыннан соң Канадада өткен әлем чемпионатындағы үш үздік ойыншымыз жарияланды. Ұйымдастырушылардың, яғни IIHF мамандарының пікірінше, біздің құрама сапында Демид Еремеев (қақпашы), Самат Данияр (қорғаушы) және Артур Гатиятов (шабуылшы) үшеуі ерекше көзге түсті.

Қазақстан – Дания – 4:3 (2:1, 1:0, 1:2) 

Қазақстан – Дания – 4:0 (2:0, 0:0, 2:0)

Маруан Түсіп

Тегтер:

Аbctv.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу:

OK