Жастар тегін кәсіптік-техникалық білімді алғысы келмейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5048

14-24 жас аралығындағы ұл-қыздарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту көрсеткіші төмен.

Жастар тегін кәсіптік-техникалық білімді алғысы келмейді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, елімізде кәсіптік-техникалық білім алу тегін болғанымен, жастар мұндай оқуға аса қызыға қоймайды. Мәселен, 14-24 жас аралығындағы ұл-қыздарды техникалық және кәсіптік біліммен қамту көрсеткіші небары 17%-ды ғана құрап отыр. Ең төменгі көрсеткіш (10%) Алматы облысында тіркелген. Түркістан облысының көрсеткіші – 13,9%. Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарындағы көрсеткіш тиісінше 14,4% және 14,5%-ға тең.

Үкіметтің бүгінгі отырысында Бақытжан Сағынтаев осы мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, аталған мәселені білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуі керек. Бұл ретте, премьер-министр жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік біліммен қысқа мерзімде, формалды емес және қосымша біліммен қамту бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

"Жоғары оқу орындары мен колледждерде берілетін білім бүгінгі заман талабына сай болуы шарт. Себебі қазіргі білім беру бағдарламалары цифрландыру сияқты маңызды жобалармен үндеспей жатады", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылып, барлық мамандық бойынша 245 модульдік бағдарлама әзірленген. Оған сәйкес, колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша 50%-ға дейін және қосарлы білім беру кезінде 80%-ға дейін өзгертуге мүмкіндік бар.

"Ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу мақсатында жол картасының жобасы әзірленді", – деді министр.

Сондай-ақ Ерлан Сағадиев үкімет отырысында ұлттық бірыңғай тестілеу тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынды.

"Бізге педагогтар мен ата-аналардың тарапынан жыл бойы ұсыныстар түсіп жатады. Мәселен, ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бірдей функцияны атқарғандықтан, екі тестілеуді бірге өткізу керек деген ұсыныс айтылды. Екіншіден, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату ұсынылды. Үшіншіден, мектеп балаларын ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама, "пробный" тесттер өткізбеу туралы бастама көтерілді. Төртіншіден, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне – қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау және тағы да басқа ұсыныстар бар", – деді ведомства басшысы.

Министр барлық ұсыныс алдағы Тамыз конференциясында кеңінен талқыланатынын айтты. Соның негізінде тиісті шешім де қабылданбақ.

Елімізде орта білім беру жүйесін жаңартылған мазмұнға көшіру жүргізіліп жатқанын жақсы білеміз. Былтырдан бері 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары жаңа оқу бағдарламасына ауысты. Министр 2018 жылғы оқу жылынан бастап 3, 6, 8 сынып оқушылары да жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшетінін айтты.  

"Оларға арналған оқулықтар дайын. Сараптамадан өтті. Басылып шықты. Оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмысы басталып кетті. Бұған әкімдіктер жауапты. Жалпы облыстар көлік компанияларымен кітаптарды жеткізу бойынша келісімшарттарға отырды. Десе де, Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы, Түркістан облысының төрт ауданы осы күнге дейін аталған жұмыстарды бастаған жоқ. Сондықтан, оқу басталғанға дейін оқулықтардың уақытылы жеткізілмей қалу қауіпі туындап отыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың осы мәселеге назар аударуын сұраймын", – деді министр.

Оның сөзінше, осы жылдың соңына дейін оқушылардың 75%-ы жаңартылған мазмұн бойынша оқиды. Жаңа мазмұнға көшуге байланысты екі жылда шамамен 150 мың мұғалім арнайы курстан өткен. Қазіргі уақытта 73 мың педагог оқып жатыр. Ал жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді.

Министр педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгенін мәлімдеді. Айтуынша, аттестациялауға 60 мыңға жуық педагог қатысып, оның 36 мыңнан астамы сәтті өткен.

Ерлан Сағадиевтің сөзінше, қалалық және ауылдық мектептердің білім сапасында айырмашылық бар. Осы айырмашылықты жою үшін министрлік Дүниежүзілік банктен алынған кредитті жұмсамақ. Нақтырақ айтсақ, қаржы ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейтуге, ауыл мұғалімдерінің сапасын жақсартуға бағытталады. Бүгінде тиісті жұмыстар басталып та кеткен.

Бас педагогтың баяндауынша, елімізде ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайындалған. Биыл әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісіне қазақстандық 10 университет енді.

"Биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мың орынға артты. 2022 жылға дейін студенттер жатақханаларында 75 мың орын әзірлеу жоспарланған. Бүгінде әкімдіктер 140 жер телімінің бар екенін растады", – деді Ерлан Сағадиев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу