Жасына емес, талғамына қарай

Санкт-Петерборда өткен Plus size week fest-2016 фестивалінде павлодарлық дизайнер Size plus өлшеміндегі қазақстандық сән үлгісін көрсетті. 

06 Қазан 2016 10:12 Автор: Марина Попова
Жасына емес, талғамына қарай, Павлодар,сән,фестиваль,дизайнер,Plus size week fest-2016

Биыл фестиваль өрісі айтарлықтай кеңейіп, жергілікті деңгейден халықаралық кеңістікке шықты. Меймандардың назарына қарапайым киім үлгісінен бастап ішіктер, тондар, әшекей бұйымдарынан тұратын кең көлемдегі коллекция ұсынылды.

Белгілі дизайнерлер арасында өз жинағын ұсынған павлодарлық Светлана Коновалова да жиылған қауымның көңілінен шыға алды. Көрсетілімнің әрбір қатысушысына жинақты сәнбикелердің нақты бір өлшеміне сәйкес дайындау талабы қойылған болатын. Павлодарлық ісмерлердің дайындаған ең үлкен киім үлгісі 64-өлшемде болды.

 «Әртүрлі өлшемдегі киім үлгісінде жұмыс істейтінімізге қарамастан, біз үшін бұл үлкен сын болды. Кезінде осы форматта жеке тапсырыстар бізде өте көп болатын. Ал қазір өнімді жаппай сатылымға шығару бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сатып алушылар енжар болып кетті, олар бірден дайын киімді алып, риза болып кеткенді жөн көреді», – дейді Светлана.

Питерге әрқайсысы 10 киімнен тұратын екі жинақ жібердік. Біріншісі – классика, негізінен павлодарлық дизайнер осы бағытта жұмыс істейді, екіншісі – оver size, бохо.

Оверсайз – еркін пішілетін киім үлгісі, ол киім иесіне бір-екі өлшемге үлкен болады. Бүгіндері бренд маркалы фирмалар әдейі үлкен болып көрінетін киімді көбірек тігеді. Әйелдер бейнесінде, әсіресе, бомберлер, джинсы мен жейделер сұранысқа ие.

«Өлшемі елуден жоғары киім – бұл  үлкен сұранысқа ие бағыт. Стандартқа сай келмейтін өлшемді киім іздейтін әйелдерге дүкендерден қажетті киім табу қиынның қиыны. Киім, әрине, бар.

Дегенмен оның денеңді жай ғана жауып тұрғанын емес, жарасып тұрғанын қалайсың ғой. Фестивальде бөксе өлшемі 120 см болатын сәнбикелер  өте әдемі көрінді. Сан түрлі стильде киім үлгісі көрсетілді. Классика дегеніміз түсінікті, бұл стильде сәнді көрінуге болады. Бірақ, оверсайз!

Кең киім тек 42-өлшемдегі қыздарға ғана лайық деген стереотип қалыптасқан. Ондай қыздарға кез-келген киім өте жарасады. Бірақ,  фестиваль барлық стереотипті жоққа шығарды. Етжеңді әйел де кең киім кигенде өте керемет көрінеді», – дейді Светлана.

Бір ілмек, екі ілмек

Светлана тоқыма ісімен мектеп жасынан шұғылданады. Басында тоқыманы бізбен тоқи бастады, сонан соң қарапайым тоқыма машина сатып алып, тапсырыс қабылдай бастады. Көп ұзамай кәсібін кеңейтпек болып шешіп, өз ісінің мамандарын жинады. Нәтижесінде он жыл бұрын трикотаж өнімдерін шығаратын «Софья» творчестволық тігінханасы пайда болды.

Оның өнімдерінің ерекшелігі – майда моншақпен, киіз жіптермен көмкерілген әр түрлі әшекейдің қолданылуы. Оның үстіне әрбір затты басынан аяғына дейін бір шебер тігеді. Техникалық ілгерілеу барған сайын жетіліп келеді. Осы уақытқа дейін тігінханада кеңес дәуіріндегі тоқыма машиналарымен жұмыс істеп келген болатын. Ал енді мүлде жаңа сапалы деңгейге көтерілу үшін қазіргі заманға сай техника керек. Ондай мүмкіндік те пайда болды.

«Басында «Даму» арқылы банктен несие алсам дегем, оның шарттары тиімді ғой. Барлық құжатты әзірлеп, барлық инстанциядан өттік. Бірақ, ақыры несие ала алмадық. Соңғы сәтте бізге мүлде тиімсіз пайыз ұсынды. Ал мен тиын-тебеніне дейін алдын-ала есептеп қоямын, сондықтан артық шығын шығара алмаймын. Тез арада ақша табу қажет болды. Өйткені, тігінхана жабдығына тапсырыс беріп қойғанбыз», – деп әңгімесін жалғастырды бизнес-вумен.

Бүгінгі күні сауданың негізгі ағыны интернет арқылы жүреді. Бұл кәсіпорынды ұстап тұруға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, жалпы сату көлемінің 5%-ы ғана Қазақстанға келеді екен. Негізгі сатып алушылар Мәскеуде, одан сәл аздауы Питерде және Ресейдің басқа да қалаларында тұрады. Алыс шетелдік сатып алушылар қатарында Аустралия, Лос-Анжелес, Германия, Тель-Авив бар.

Барлық сатып алушы орыс тілді. Светлана Коновалованың айтуынша, олардың басым бөлігі дүкеннен өздеріне шақ киім таңдап ала алмайды. Өйткені, саудаға шығарылатын киім арық әрі нәзік жандарға лайықталған. Ал екінші бөлігі ерекше эксклюзивті киімді қалайтындар. Бұл ретте Светлана Коновалова өз киімдерін қазақстандық дүкендерде сату ниетін жасырмайды. Оның үстіне киімі көпшілік көңілінен шығатынына сенімді.

«Павлодарда сауда орнын ашуды жоспарлап қойдым. Мемлекет жарнама тұрғысынан көмектессе екен. Шағын бизнестің жарнамаға бөлетін қаражаты жоқ. Былтыр біз «Универмаг.kz»-пен келісім-шартқа отырғанбыз.

Бірақ, әзірге бірде-бір киімді апарған жоқпыз, тапсырыс бойынша жұмыс тым көп болды.  Бұл ойымыздан айныған жоқпыз, өз жинағымызды ол жаққа қазан-қараша айларында апаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ, алдымен ол жерде сауда қалай жүріп жатқаны, не сатылып жатқаны туралы білсем деймін. Өкінішке орай, ешқандай ақпарат жоқ. Тіпті дүкен жайлы бірде-бір пікір жазылмаған, тек дүкеннің ашылғандығы туралы ғана ақпарат бар».

Ең бастысы – қатысу

Санкт-Петербор фестиваліне Қазақстан тарапынан тек Светлана Коновалованың компаниясы қатысқан. «Неліктен басқа қазақ компаниясы болмады? Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп жоқтың қасында екенін мойындауымыз керек. Біз сияқты кәсіпкерлер саусақпен санарлық. Ал трикотаждың небір түрінен кардиган, көйлектен бастап пальтоға дейін киім тігетін кәсіпкерлер мүлде жоқ десе болады. Оның үстіне, шикізаттың бәрі сырттан келетіндіктен, жұмыс оңайға түспейді. Жіп өңдеуден бастап дайын өнімге дейін шығаратын Қазақстандағы жалғыз Қостанай шұға-мауыт комбинатымен жұмыс істейтінбіз, ол да жабылып қалды», - деп жылармандай болады СА. Коновалова.

Санкт-Петербордан ол кәсіпкер дипломына қоса көптеген іскерлік байланыс орнатып қайтты. Оның жинағы назардан тыс қалмады. Көңілге қонымды ұсыныстар болды, тек енді оларды іске асыру қажет. Қазір Светлана Коновалова интернет-дүкенін ағылшын тілін де ашуды ойластыруда.

Марина Попова