Жауғашты Нәбиев: Жылағым келеді...

3977

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақ елінің көп жетістігімен қатар жіберіп алған зор мүмкіндіктері де аз емес көрінеді.

Жауғашты Нәбиев: Жылағым келеді... Фото: unikaz.asia

Жауғашты Нәбиевтің өмірбаянына үңілген сайын, таңдайдың тақылдауы да жиілей түсті. Өйтпей ше... "ҚазКоммерцБанкті" құрған, KZIBank, TexaKaBank-ті құрған, "ҚазАтомӨнеркәсібін" құрған деп кете береді. Ал, қызықпай көр!

Келіскен уақытта Жароков көшесін бойлай орналасқан оның кеңсесіне келдім. Кедергісіз жоғары көтеріліп, иесі жылы шыраймен қарсы алған кабинетке кірдім. Жағдай сұрасып, жайлы жайғасқан соң, әңгіме де басталып кетті. Ә дегеннен ақпаратын "соңғы хабарлардан" оқып, тілімнің ұшында байланып тұрған сұрақтан бастадым:

- Сіз Қазақстан атынан алғашқы болып сыртқы сауда жасаған адамсыз. Президенттің сыртқы істер және сауда министрлігін құру туралы таяудағы ұсынысына қалай қарайсыз?

- Уақытқа сай ұсыныс емес. Кезінде "Сыртқы экономикалық қатынастар министрлігі" деген болған. 1991 жылы шығар деймін. Әбішов Сыздық басқарған. Бұл құрылым тарихта түрлі жанжалдан басқа еш нәрсе қалдырмады. Өзінің бұйрығымен 10-14 сыртқы сауда компаниясын құрды, сонымен бітті. Олардың қазір ізі де жоқ.

- Себебі?

- Жұмыс істей алмады. Жұмыс істеп үйренуге де болар еді. Бірақ, олардың жұмысқа деген ынтасы да, алға қойған мақсаты да басқаша болды. Пиғылдары теріс еді. Қалай да болса, дегендеріне жетуге тырысты. Тіпті, қылмыстық әдістерден де бас тартпады. Мұндай сауда үйлерінің басты мақсаты – сол жылдары өте өзекті мәселе – мемлекет қажеті үшін табысты валютамен табу. Әбішев құрған компаниялар да сол үшін жұмыс істеді.

Алайда, айттым ғой, пиғылдары теріс болатын. Әлемге әйгілі небір жылпос сол жерден табыла бастады. Олар, негізінен, кеңесшілік қызметтер атқарды. Ойлағандары – біздің байлығымызды сыртқа шығарып, көлденең пайда табудан аспады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі коррупция сол жерден бастау алады.

- Әйгілі КРАМДС тәрізді ме?

- КРАМДС-тікі бұлардың қасында түк емес. Олар, қайта, құдайдан қорқады екен... 90-жылдардың басында президент экономикаға сырттан инвестиция тарту мәселесін көтерді. Ол дұрыс еді. Жаңағы сыртқы экономикалық қатынастар министрлігінің құрылуы да сол зәруліктен туған болатын. Бірақ, министрдің өресі жетпеді. Ол жерге мені қою керек еді (Жәкеңнің көзіне қарап, не менмендіктің, не бөспеліктің нышаны жоқ екенін байқадым). Сол кезде "президентке не болды? неге мұндай адамға мынадай ауыр жүкті сеніп тапсырды?" дегендей ойлар мазалағаны рас.

15 мықты жігітті табуға болар еді ғой. Шетелдермен экономикалық байланыс жасауды менен көп білетін адам ол кезде жоқтың қасы. Совет Одағы кезінен сонымен айналысып келемін. "ҚазақИнТорг"-ты да құрған мен едім, кезінде. Бүкіл кеңестік республикалар арасында алғаш болып, Лондонда өзіміздің сауда өкілеттігін де аштық. Мен емес, басқа адамның тағайындалып кетуі, тіпті, министрлер кеңесінің іс басқармасын да таң қалдырды. Ешкімге белгісіз Сыздық Әбішовті алып келді. Қарағандыда сауда бөлімін басқарған. Сол министр болды. Деңгейі бар-жоғы қоймашы санатындағы адам болатын.

- Сіз, сонда, толығымен елеусіз қалдыңыз ба?

- Мен, әрине, қол қусырып отырмаймын ғой. Сыртқы экономикалық байланыс жасауға машығым да жетеді, таныстарым да жоқ емес. Қазақстан үшін аса маңызды, өте қажет ірі жобаны қолға алдым. Мемлекеттік қызметтен кеткенмін.

Кеңес кезінен-ақ Маңғыстаудың ауыр мұнайын өңдейтін зауыт салу туралы мәселе көтерілген болатын. "Ауыр мұнай" дегеніміз – құрамында ванадий, никель тәрізді ауыр металлдар кездесетін мұнай. Одан күкірт те, алтын да алуға болады. Бұл мұнайды жетілдіре өңдесе, елдегі химия, фармацевтика сынды бірнеше саланың дамуына септігін тигізер еді.

Мұндай кәсіпорынды салуға бастамашы болған "МаңғышлақМұнай" өндірістік бірлестігінің директоры Нұрлыхан Бекбосыновпен 1989 жылы мен "Қазақстан Коммерция" сыртқы экономикалық байланыс қауымдастығын құрған кезде жақсы араласып, қатар жұмыс істегенбіз. Сол кісі екеуміз 1991 жылдың ақпанында Маңғыстауда жылына 6 млн тонна мұнай өңдей алатын зауыт салу туралы ҚазССР Министрлер Кеңесінің Мәскеудегі КСРО-ның мұнай және газ өнеркәсібі министрлігімен бірге қаулысын шығарттық. Оның алғашқы кезегі 1995 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді.

Жаңағы ванадий мен никель, алтынды айырып алғаннан бөлек, реактивті отын мен дизель, битум мен мазут және тағы да басқа көптеген өнім алар едік. Ел үшін, бюджет үшін пайдасы шаш етектен. Міне, сол жобаны тәуелсіздік алған соң, қайта жандандыра бастадық. Құжаттарын қайтадан дайындап шықтық. Көңіл көл-көсір – енді Мәскеуге жалтақтамаймыз! Бірақ, бекер қуанған екенбіз, соңында түк шықпады.

- Не кедергі болды?

- Үкімет қаулысы қабылданған соң, комиссия құрылып, тендер жарияланды. Ол тендерді тәжірибе жүзінде іске асырған менің 1989 жылы құрып, Мәскеуде КСРО сыртқы экономикалық байланыс министірлігінде тіркеген, Қазақстан Коммерция кауымдастығы (компаниясы) еді. Бір жылдың ішінде бастапқы біршама компаниядан америкалық Kellogg, германиялық Salzgitter және Мицуи, Мицубиси және Тойо-инжиниринг үш компаниядан құралған жапон консорциумы қалды. Бұлардың арасында өткен тендердің екінші кезеңін жапондар жеңіп алды. Бірақ, Терещенко үкіметі жапондардың бұл жобаны "басымдық берілетін жоба" ретінде тану туралы қарапайым талабын орындамай қойды. Сол күндері, аяқ астынан, "Атырау мұнай зауытын қайта жабдықтап шықсақ, арзанға түседі әрі бізге жетеді" деген идея пайда болып, бізді кейінге ысыра берді. Бәрі бітті! Елге қажет өндірістен бас тарттық.

- Жапондар да түк істей алмады ма?

- Не істесін... Мен олармен жұмыс бастағанда, сол елге барып, көп нәрсемен танысуға, көп нәрсені үйренуге тура келді. Сонда "Қазақстан бізге туыс, жақын ел. Сіздер бағыт алып отырған Батыс моделіне еліктеу – қате түсінік. Олай болғанда, сіздің ел сол Батыс өркениетінің шикізат қоры болып қала береді. Біз Қазақстанды өзгелермен терезесі тең, дамыған ел ретінде көргіміз келеді. Біз сіздерге жаңару жолын ұсынамыз. Сонда, сіздердің әлемдік рейтингтің 500 тобына кіретін бірнеше компанияңыз да пайда болады. Соны ескере отырып, ол даму жолы қалай түзілу керек деген ой-есебімізді дайындап едік" деп, сол зерттеуін ұсынған болатын.

Келген соң, көрсетейін десем, президентке кіре алмадым. Мәселені толық хатқа жазып, көмекшілері арқылы беріп жібердім. 1992 жылы 43 компанияның өкілдерінен құралған жапон делегациясы келіп, солардың құрметіне берген асқа күтпеген жерден Президенттің өзі келіп қатысты. Менің хатымды оқығанын, қолдайтынын айтты.

Кейін, Президенттің Лондон сапары барысында, біз жапондармен арадағы осы мәселені түпкілікті шешпек болып жатқанда, Алматыда Терещенко кабинеті Маңғыстау мұнай өңдеу зауытына қатысты шыққан үкімет қаулысының күшін жойып жіберіпті. Кеш білдім... Іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты емес пе!?. Жапондар ескерткен "Батыс моделімен" кеттік қой.

- Бұл жоба үшін әлі де өкінесіз бе?

- Өкінішті, әрине! Бірақ, менің өзегімді өртейтіні – мемлекетіміз үшін аса маңызды, аса қажет болған, тағы бір ірі жоба. Лондонға барған бір іссапары барысында "Халықаралық қаржы корпорациясы" (ХҚК – IFC – International Finance Corporation) деп аталатын беделді ұйым басшыларының бірімен кездесіп, өзара инвестициялық қор құру туралы әңгіме қозғалды. Бұл – кез келген дамушы ел үшін арман. Бәрі де осындай қор құруға қол жеткізсек дейді.

Бірақ, оған кез келген елдің мүмкіндігі жоқ. Ондай қорды әлемдік қаржы нарығындағы алпауыт қаржы институттары жасайды. Американың, Жапонияның ірі инвестбанктері. Көрінген жерде аша да бермейді. Қазбаға бай, еңбек ресурсы бар, өндіріс ошақтарын құру мүмкіндігі зор елдерді ғана таңдайды. Қазақстанға олар қатты қызығып еді. Мұндай қор Үндістанда, Бразилияда, Малайзияда жұмыс істеп, сол елдердің дамуына зор ықпал жасады.

Ішімнің қатты ашитыны – болмай қалған жоба осы еді. Қаулыны да дайындап шығартып, барлық мүдделі министрдің қолын алып қойған едік. Алдымен, осында қор құрамыз. Оның құрылтайшылары – кезінде одақтық деңгейде басқарылып келген 30-ға жуық қазақстандық өндіріс орны. Бұл кәсіпорындардың өнімі негізінен экспортқа бағытталған болатын.

Ал қаржыландыру үшін АҚШ банктері арасынан таңдап жүріп, өзара инвестқор құрамыз. Сонда, ел байлығы талан-таражға түспес еді. Біз көрген жекешелендіру олай жүрмес еді. Неге құрғызбай қойғанын сол жекешелендіру кезінде түсіндім. Олар, маған қарағанда, алысты болжаған екен. Мен айтқандай істегенде, кәсіпорындарды сатудың да қажеті болмас еді. Инвестициядан да тарықпас едік.

Мысалы, Павлодар аллюминий зауытын алып көрейік. Жарғылық қоры сол кезде шамамен 6 млн доллар болды. Ал ХФК мамандары берген баға бойынша, 60-65 млн тұратын. Демек, 10 есе қымбат. Кімді де болсын қызықтыратын кәсіпорын.

Мен әлемдегі алдыңғы қатарлы үлгілерді жиып, елдің өндірісін көтерсем деп едім. Ал кейбіреулер бәрін сатып жіберіп, оңай пайда көргенді дұрыс санапты... Ең керек жоба еді. "ШымкентШина", Қостанайдағы жап-жаңа дизель зауыты, "ҚарағандыРезина". "Союзфосфор" толығымен бізде болатын. Инвестиция тартып, бәрін өзіміз жасауға мүмкіндік көп еді. Қыруар қаржы келер еді.

- Сіздің атышулы "Трактабельге" де қатысыңыз бар емес пе?

- Бар болғанда қандай! Ол компанияның басшыларымен алғаш танысқан да, елге келуіне мұрындық болған да мен едім. Бұл бүкіл әлемге танымал, өз саласындағы алпауыт компанияның бірі. Бастапқы келісімге орай, олар Қазақстан энергетикасына айтарлықтай инвестиция салып, Атырауда, Астанада жылу электр стансаларын тұрғызар еді. Өте тиімді жоба болатын. Жемқорлық жібермеді. Пара алғысы келгендер "Трактабель" басшылығынан менің бұл жобадан толық шеттетілуімді талап ете бастады.

Содан екі жылға созып, ырың-жырыңмен бәрін өзгертіп жіберді ғой. Мен жасаған энергетикалық жобалар жойылды да, билік "Трактабельді" жұмыс істеп тұрған "Алматыэнерго" компаниясының операторы болуға көндірді. Кейін еуропалықтар өз стандартына сай "Интергаз" компаниясын құрып берген соң, оның мұндағы бизнесі "ҚазТрансГаз"-дың қарамағына өтіп кетті. Ал, бельгиялықтар болса бар абыройынан айрылды. Сонда да экономикалық болсын, рухани тұрғыдан болсын, орасан зардап шеккен – қазақ халқы. Біздің ел. "Парақорлар отаны" атандық.

- Сізді қаузай берсек, "қаза" болып кеткен мүмкіндіктер туралы шыға беретін сыңайлы. Тағы қандай ұтымды жобаларды "көміп" тастадық?

- Боинг!

- Боинг?!

- Иә, кәдімгі әлемге әйгілі ұшақ шығарушы компания. Олар маған өздері келді. "Боинг" компаниясының өкілі Алдо Базили есімді тегі италиялық АҚШ азаматы. "Боинг" өзін қызықтырған мемлекеттерде АҚШ елшілігі сол ел тұрғындары қатарынан ұсынған төрт-бес маман – кандидат ішінен біреуін таңдап, кеңесші ретінде жұмысқа шақырады. Дені бизнес айналасындағы кәсіпкерлер. Компания басшысы өзі таңдайды екен. Бірін-бірі танымайды да, білмейді де. Шарты сондай. Елге дамыған әуе флоты аса зәру кезі. Мұндай ұсыныстан қалай бас тартасың?!

Содан, "Боинг" компаниясының алдында "мен кеңесші қызметін атқарған мерзімде "Боинг" компаниясына пайда әкелетін коррупциялық әрекеттерге бармаймын" деген міндеттеме алуыма тура келді. Үкіметте, басқа да билік құрылымдарында жақын туыстарымның жоқ екені де анықталды. Бұл кездері біздің нарыққа енуге еуропалық "Эйрбас" та әрекет жасап жатқан. Мен АҚШ-қа барып, компанияның зауыттарымен танысып қайттым. Зерттедім. Кейінірек, америкалықтардың Бахрейн короліне арнап жасаған Боинг-767 ұшағымен Алматы арқылы ұшып, ойда жоқта Президентке көрсетудің сәті түсті. Ол кісіге қатты ұнады.

Бірақ, премьер-министр Терещенконың бізді жолатпақ ойы жоқ. Қасында ресейлік "ТрансАэроның" президенті Плешаков. "Боингке" қарсы шығып жүрген екеуі. Дегенмен, мен қоймастан төрт Боинг-767-ні 390 млн долларға сатып алатын болып екі жақты келістіріп үлгердім, 1994 жылдың 7 маусымында Женева қаласында контрактіге қол қойылды. Америкалықтар керемет жеңілдік қарастырып, он жылда асықпай төлеп бітетін болдық. Онымен қоса, олар өз қаржысынан 8,5 млн долларға Алматыда осы ұшақтарға қызмет көрсететін, Қытайдан бергі бүкіл өңірді қамтитын техникалық орталық ашпақшы да еді. 33 экипаждың 66 ұшқышын және техникалық қызмет көрсететін 150 маманды Сиэтлде дайындап та бермек еді.

Бірақ, біздің үкімет алғашқы жарна ретінде бір-ақ рет төленетін 18 млн долларды тауып бере алмай қор қылды. Ал үш айдан соң үкімет "ТрансАэроның" ұсынысымен, ескі Боинг-747-іні біз келіскен сомадан екі есе қымбат бағаға сатып алды. Мұны естіген америкалықтардың тілі күрмеліп, "біз мұндай мемлекетті түсіне алмаймыз" дегеннен басқаға шамасы келмеді.

Кейінірек Өңірлік техникалық орталық Ташкентте салынды. Терещенко болса, "Қазақстанның Еңбек Ері" атанып, омырауына алтын алқа тақты...

- Әңгімеңіз еңсемді басып тастады. Әйтсе де, сіздің бірнеше банк құрғаныңызды ескере отырып, бүгінгі қаржы жүйесі туралы сұрамасыма болмас. Не айтасыз?

- Біздің бүгінгі басты проблемамыз – екінші деңгейлі банктер. Олардың жағдайын жақсарту үшін Ұлттық қорға қол салып жатырмыз. Қаржы тікелей берілмей, дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында қарастырылып келеді. Неге? Қазына арқылы тікелей бөлуге болар еді ғой. Оның механизмі бар. Несиенің өтемақысы 20-25% деген не сұмдық? Сонымен-ақ, мұрттары майланып отыр емес пе...

Қазіргі қаржы саясаты да түсініксіз. Инфляцияны жоямыз деп экономиканың ауқымын қысып жіберді. Экономикаға ақша массасы жетіспей жатыр. Теңге жетіспейді. Тіпті, банктерге де қиын тиіп отыр. Жалпы, дұрыс саясатсыз жөні түзу экономика болмайды. Екеуі егіз түсінік.

- Ал жалпы экономикалық жағдайымызды қалай бағалар едіңіз?

- Шынын айтсам, қарап тұрып жылағың келеді...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу