Жекеменшік жерлерге өтемақы нарықтық бағамен өтелуі мүмкін

5244

Мемлекеттің қажеттілігіне қайтарылған жерлерге өтемақы нарықтық бағамен төленсе екен дейді.

Жекеменшік жерлерге өтемақы нарықтық бағамен өтелуі мүмкін

Елімізде бүгінде мемлекеттің қажеттілігі үшін жерлерді мәжбүрлі түрде қайтарып алу мәселесі өзекті күйі қалып отыр. Қазіргі қолданыстағы заңнама аталған мәселеде жекеменшікке қол сұқпау қағидаттарына сәйкес келмейді, сондықтан оны жетілдіру қажет деп мәлімдеді әділет министрлігі.

Қоғамдық тыңдауда әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина тілге тиек еткендей, министрлік мүліктік құқықты қорғауды жетілдіретін құжат әзірлеп қойған.

"Біз жер учаскелерін кері қайтарып алудың "айрықша жағдайлары" деген түсінікті нақты айқындауды ұсынамыз. Яғни, айрықша жағдай деп мемлекеттің қажеттілігін өтеудің өзге жолы жоқ кез деп білуіміз керек.

Бұл дегеніміз, мемлекеттік орган алдымен мемлекеттік қажеттілікті қанағаттандыру үшін ықтимал барлық тәсілдерді қарастырып, тек содан кейін мүлікті қайтарып алу туралы шешім қабылдауға тиіс деген сөз", – деп мәлім етті Баймолдина ханым.

Жер аумақтарын мәжбүрлі түрде қайтарып алғаны үшін парапар өтемақы шартын міндеттеу ұсынылып отыр.

"Біз дәл сондай өзге жер учаскесін ұсынуды немесе қайтарып алатын учаскенің нарықтық құнын өтеуді ұсынамыз. Қазіргі заң бойынша басқа жер учаскесін ұсыну қарастырылмаған. Біз қалай шешу керегін айқындайтын осы механизмді қарастырдық.

Жер учаскесіне меншік құқығының пайда болу негізі мен құрылымына қарамастан барлық жағдайда да өтемақы нарықтық бағамен төленуге тиіс дегенді айтудамыз. Мемлекеттік мүлік туралы қолданыстағы заңда нарықтағы құны бойынша емес, сот шешімі немесе шартта көрсетілген баға бойынша өтемақы төлеу қарастырылған. Алайда ол жер учаскесі иесіне табыс етілетін құнды толықтай өтемеуі мүмкін", – деп түсіндірді вице-министр.

Жеке меншік жерлерді мәжбүрлі түрде қайтару туралы мәселені қарау ісі әділ өтуі үшін оған қоғамдық кеңестерді жұмылдыру көзделуде.

Сондай-ақ мүлікке жасалатын мәмілелерге де қатысты заңнамалық бастама көтеріліп отыр. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік сатып алу барысында нотариус депозиті арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігі ұсынылған.

"Тараптар сатып алу-сату шартын жасасқан кезде нотариустың депозиті арқылы есеп айырысатынын көрсетіп жазатын болады. Бұл мүлікті сатушының аталған құнды нақты алатындығын кепілдендіреді. Яғни, ақшаны нотариустың депозитіне салады да, мәміле жасалып, аяқталған соң ол сол ақшаны ала алады. Былайша айтқанда, оған сатып алушы тарап нотариустың депозитінде жатқан соманы табыс ететіндігіне 100 пайыз сенімді болады", – деді Зәуреш Баймолдина.

Сонымен қатар, әділет өкілі шартта нотариустың аталған қаржыға өз бетінше иелік етуге қақысы жоқ екендігі көрсетілуге тиіс екенін айтады. Вице-министрдің айтуынша, есеп айырысудың мұндай әдісі мәмілені дау-дамайдан қорғайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу