Жекешелендіру жедел жүріп жатыр

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3921

Мемлекет ұлттық экономикадағы үлесін 40%-дан 15%-ға қысқартады.

Жекешелендіру жедел жүріп жатыр

Ұлттық экономиканы серпілтіп, жеке бизнестің дамуына жағдай жасау үшін мемлекет меншігіндегі ұйымдардың бәсекелес ортаға беріле бастағанына бірнеше жыл болды. 

Мақсатқа жетудің тиімді тетігі ретінде "Халықтық IPO" бағдарламасы іске қосылды. Осылайша ел азаматтарына ірі компаниялардың акцияларына ие болу арқылы табыс табу мүмкiндiгi ұсынылды.

Қазақстан қор биржасы "Халықтық IPO" бағдарламасын 2012-2015 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырды. Үш жылда "ҚазТрансОйл", "KEGOC", "Air Astana", "ҚазТрансГаз", "Қазмортрансфлот", "Самұрық-Энерго", "Қазақстан темiр жолы", "Қазтеміртранс" сынды компаниялардың акциялары сатылды. Сол кезде акционер атанып үлгерген адамдар бүгінде ұлттық компаниялардың дивиденттерінен пайда көріп отыр.

Айта кетейік, үкіметтің үлесі бар қандай да бір нысан жекенің қолына көшкен кезде төленетін төлем бірден Ұлттық қорға жөнелтіледі.  

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, былтыр 190 нысан сатылып, одан түскен 108 млрд теңге ұлттық қорға жіберілген.

Мемлекет бизнеспен бәсекелеспейді
Бұл үшін мемлекеттің ұлттық экономикадағы үлесі 40%-дан 15%-ға қысқарады. Ал үкімет табиғи монополияны және стратегиялық маңызы бар жобаларды ғана іске асыратын болады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру бюджет шығынын азайтады.

"Кәсіпкерлер белсенді қызметке көшеді. Жеке бизнес үкіметтік ұйымдарды ығыстырады. Бұған мемлекеттің өзі жағдай жасайды. Себебі мемлекет бизнеспен бәсекелескісі келмейді, керісінше қолдау жасап, жол көрсетуді көздейді", – деді министр.

Екі жыл ерте қамдандық
Президенттің тапсырмасы бойынша, жекешелендірудің тізіміне енген 900-ге жуық нысан 2018 жылдың соңына дейін жаңа қожайындарын табуы тиіс. Әу баста бұл жұмыс 2020 жылға дейін атқарылуы керек болатын. Осыны назарға алсақ, жекешелендірудің жедел жүріп жатқанын түсіну қиын емес.

Бақылау пакеті емес, акция сатылады
Қарапайым халықты ұлттық компаниялар жекенің қолына басыбайлы өтіп кетсе не болады деген сұрақ алаңдатады екен. Мәселенің мән-жайын АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов төмендегідей түсіндірді: "Ұлттық компаниялар қор нарығында саудаланады. Олардың бақылау пакеті емес, акциялары сатылады. Сондықтан ұлттық компаниялардан айырылып қалу туралы қорқыныштан арылу қажет. Мұндайға жол берілмейді".

Қайрат Келімбетовтің мәлімдеуінше, болашақта ұйымдастырылатын қор нарығындағы сауда кезінде АХҚО-ға басымдық берілуі мүмкін.

"Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "Эйр Астана", "Қазақтелеком", "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының акцияларын сатпақшы. Бұл істі АХҚО атқарады деген болжам бар", – деді АХҚО басқарушысы.

Жекешелендіру табыс түсіріп тұр
Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті республикалық меншік объектілерін сату және жекешелендіруден кейінгі бақылау басқармасының басшысы Дәулетбай Шағыровтың мәлімдеуінше, бағдарламаның бастапқы кезеңінде жеке­шелендірілуі тиіс болған 1199 нысанның 644-і сатылып, қазынаға 272,7 млрд теңге түскен. Ал 2016 жылдан бері қарай 892 нысанға жаңа қожайын қарастырылған. Нәтижесінде 415 нысан 210,8 млрд теңгеге сатылған.

"Жекеше­лен­ді­рілетін нысандарға қатысты мәліметтер мемлекет­тік мүлік тізілімінің веб-порталына енгізіліп, бірыңғай ақпараттық дерек қоры жасалды. Жекешелендірілетін нысанға қатысты барлық мәліметті осы жерден қарауға болады", – деді Дәулетбай Шағыров.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу