banner

Жеңілатлеттеріміз ақша таба бастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2523

Биылғы маусымда Қазақстан жеңілатлеттеріне ел ішіндегі жарыстарда 11 миллион теңгеден артық сыйақы табыс етілген.

Жеңілатлеттеріміз  ақша таба бастады Фото: kazathletics.kz

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты таратқан деректерге сенсек, биыл қысқы маусымдағы Қазақстан чемпионаты мен кубогының жүлдегерлерге ақшалай сыйақы төленген. Замануи үлгідегі инновациялық әдіс бірнеше мақсатта қолданылған. Біріншіден – спортшыларды материалды тұрғыда қолдау. Екіншіден – оларды жоғары көрсеткіштерге (нәтижелерге) ынталандыру. Үшіншіден – республикалық жарыстардың мәртебесін көтеру.

Сөйтіп, аталмыш федерация бюджетіне қарай көсіліп, жүлделі орындарға сыйақылар мөлшерін бекіткен. Мұндағы басты талап, тек қана жүлдеге ілігу емес, спорт шебері нормативінен жоғары нәтиже көрсету болыпты. Сөйтіп қысқы маусымдағы Қазақстан чемпионаты мен ел кубогының үш (екі електік және финалдық) кезеңінде ақшалай сыйақылар бекітілген.

Нақтырақ айтқанда, қысқы маусымдағы Қазақстан чемпионаты мен кубогында 1-орын алғандарға 300 мың теңге, 2-орынға ие болғандарға 200 мың теңге, ал 3-орынды еншілегендерге 100 мың теңге табыс етілетін болған. Ал ел кубогының електік сындарында жүлдеге іліккендерге 30 мың, 20 мың және 10 мың теңге тиесілі болыпты.

Осылайша, Қазақстан кубогының бірінші кезеңінде 21 спортшы, ал екіншісінде 16 жеңілатлет жүлдеге іліккен. Финалда 17 спортшы, ал Қазақстан чемпионатында 22 жеңілатлет ақшалай сыйақыға қол жеткізген. Жалпы сыйақы сомасы 11 миллион теңгеден асып түскен (11 080 000 т.). Оның ішінде, 5 600 000 теңге Қазақстан чемпионатында, ал 4 500 000 теңге ел кубогы финалында сарапқа салынған екен.

Қайсыбір спортшылар осы төрт жарысқа да қатысып, бір миллион теңгеден астам ақшаны жан қалтасына басқан. Бірнеше жеңілатлет 600 мыңнан астам ұлттық валютамызға сыйақы ретінде қол жеткізген. Олардың бәрі допинг-сынақтан өткен соң ҚР жеңіл атлетика федерациясы жүлдегерлерді ақшалай сыйақы түрінде ынталандырыпты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу