Қазақстан құрамасы екі дүркін әлем чемпионын қара терге түсірді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3573

Футзалдан ХІ Еуропа чемпионатының жартылай финалындағы Қазақстан және Испания құрамалары арасындағы ойын Батысты қайран қалдырды.

Қазақстан құрамасы екі дүркін әлем чемпионын қара терге түсірді Фото: UEFA.com

Словенияда өтіп жатқан құрлық біріншілігін "С" тобында бастаған Қазақстан құрамасы Польшадан үстем түсіп (5:1), Ресеймен тең түскен болатын (1:1).  Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында сөйтіп осы топта бірінші орынға ие болды да, ширек финалда "А" тобында екінші орын алған Сербия саңлақтарымен кездесті.

Аса тартысты өткен ойында Бразилия маманы Какау жаттықтыратын Қазақстан футзалшылары 3:1 есебімен жеңіске жетті. Әрі жартылай финалға шықты. Еуропа чемпионатының бұл сатысында азуын айға білеген Испания құрамасымен кездесті.

Осы ретте айта кетейік, Испания құрамасы – "Кәртамыс Ғаламдағы" атақ-даңқы бәрінен жоғары команда. Олар футзалдан екі дүркін әлем чемпионы, жеті дүркін Еуропа чемпионы. Былайша айтқанда, құрлықта қарсылас шақ келтірмей жүрген айбынды команда еді.

Футболда Германия құрамасын "машина" десек, футзалда Испания құрамасын да дәл осылай атауға болатын шығар. Ойыншылары бірін-бірі айтқызбай түсінеді. Қателеспейді, жаңылыспайды. Ойын өрнектері әбден үйлескен. Тек жастары егде тартып қалды демесек.

Ал біздің құрамадағы жігіттер ұстараның жүзіндей лыпылдап тұр. Қолды-аяққа тұрмайды. Шапшаң қимылдайды, жылдам ойнайды. Сонымен қатар, ешбір құрамада жоқ тактиканы қолданады. Қақпашымыз бесінші ойыншының міндетін атқара алады. Алыстан шірен тепкенде, кез келген құраманың зәре-құтын алады.

Бүгін түнде аяқталған Қазақстан – Испания кездесуі өте жоғары жылдамдықта өтті. Нағыз табан тірескен нағыз дүлей дода болды. Намыс отына шоқтай қарылған екі құраманың да жігіттері аянған жоқ. Тіпті бір-бірінің жағасынан ала түсуге де дайын еді. Төрешілер бірінші таймда-ақ бірнеше ескерту жасады.

Содан екі команда алма-кезек алға шығып, көрермендерді қызыққа бөледі. Есепті Қазақстан құрамасы ашты. Дуглас пен Тайнан сол аяқпен қалай ойнау керек екендігін паш етіп, соңғысы нық соққысымен Испания жанкүйерлерін аһ ұрғызды. Біздің құраманың бұдан кейін де бірлі-жарым мүмкіндіктер болды. Өкінішке қарай, тағы бір доп салып, есепті еселеудің сәті түспей-ақ қойды.

Ал Испания құрамасы бұрыштан және алаң жиегінен (ауттан) допты ойынға қосуға шебер екендерін дәлелдеп, екі гол соқты. Әуелі Бебе Есенамановтың аяғын шалыс басқан сәтін аңдып тұрып, бильярд тәсілімен таразы басын теңестірді. Қарама-қарсы бағытқа бір қадам басқан Игита да дәрменсіз күй кешті.

Мұнымен шектелмей, ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда, Испания құрамасы допты ойынға алаң жиегінен қосып, Тольра ұрымтал нүктеден қақпаны дәл көздеді. Біздің қорғаушылар одан көз жазып қалып, жаза басты. Осылай шектен тыс шиеленісті өткен бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймда таразы басы екі жаққа алма-кезек ауды. Екінші таймның басында, айналасы 45 секундтың ішінде Қазақстан футзалшылары екі гол соғып Испания құрамасын сең соғыстрды. Әуелі Игита алыстан шірене тепті... Зеңбіректің оғындай зулаған доп қақпа торын жырта жаздады.

Испания құрамасы біздің қақпашымыздың осы голынан кейін нокдаунға түскендей болды. Естерін жинап үлгермей, Какаудың шәкірттері тағы бір доп салды. Жанкешті Дугластың аяғына салып берген добын Таку қақпаға бағыттап үлгерді. Пако Седано қолы допқа тисе де, қағып жібере алмады.

Алайда бұдан кейін Испания құрамасы қарқындарын үдетіп, шаршаңқырап қалған біздің футзалшылардың қателіктерін қалт жібермей, екі гол соқты. Сонда да Қазақстан құрамасының қайсар жігіттері жасыған жоқ. Матчтың аяғында Дуглас қақпаны алыстан нысанаға алып, пәрменді соққысымен таразы басын қайтадан теңестірді.   

Қосымша экстра-таймның біріншісі басталған бетте Испания құрамасы 10 метрлік пенальти орындау құқығына ие болды. Өйткені біздің футзалшылар алтыншы рет ойын ережесін бұзған болатын. Бағымызға орай, Мигелин қуатты соққысымен қақпа бағанасын солқ еткізгеннен әріге бара алмады.

Есесіне, көп ұзамай алыстан теуіп, Испания құрмасын қайтадан алға шығарып, пенальтиден мүлт кеткен қатесін түзеді. Көрермендердің дегбірін алған ойында бұл да соңғы гол болмай шықты. Екінші экстра-таймның аяғында Жаманқұлов өзіне қарай ұшып келе жатқан допты тоқтатпай теуіп, испандықтарды қапы қалдырды. Есеп – 5:5!

Сөйтіп, пенальтиге жүгінуге тура келді. 50 минутта 10 гол соғылса да, екі команда бірін-бірі ала алмады. Тең түсті. Екі дүркін әлем чемпиондары Қазақ елінің қайсар жігіттерінен айлаларын асыра алмады. Ал пенальти сериясында Испания құрамасының бағы жанды. Қазақстан футзалшылары финалға шыға алмаса да, мамандар мен көрермендерді тәнті қылып, көпшілік сүйіспеншілігіне бөленді.

Қазақстан – Испания – 5:5 (1:2, 3:2; 1:1). Пенальтиден – 1:3

Голдар: Тайнан, 7:04 (1:0). Есенаманов, 15:34-автогол (1:1). Тольра, 18:42 (1:2). Игита, 24:14 (2:2). Таку, 24:59 (3:2). Хоселито, 28:08 (3:3). Пола, 33:01 (3:4). Дуглас, 38:41 (4:4). Мигелин, 42:27 (4:5). Жаманқұлов, 47:33 (5:5).

Пенальти соға алмады: Мигелин, 40:34 (қақпа бағаны).

Матчтан соңғы пенальтилер: Мигелин – 0:1. Тайнан – 0:1 (қақпашы). Ортис – 0:2. Першин – 1:2. Лин – 1:3.

Ескертулер: Тайнан, 6. Сүлейменов, 14. Дуглас, 34. Игита, 37 – Пола, 14. Алекс, 20. Ортис, 25.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Нұрғожин, Дуглас, Тайнан, Жаманқұлов, Сүлейменов, Тұрсағұлов, Оразов, Таку, Довгань, Першин, Шамро.

Испания: Пако Седано, Ортис, Пола, Мигелин, Алекс – Марк Тольра, Бебе, Адольфо, Франсиско Солано, Лин, Серхио Лосано, Рафа Усин, Хоселито, Хесус Эрреро.

Төрешілер: Богдан Сореску (Румыния), Алессандро Мальфер (Италия).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу