Жер бауырлаған жекешелендіру

Жыл соңына дейін 62 нысан жекешелендірілмей қалады деген қауіп бар.

17 Шілде 2018 16:59 Автор: Фархат Әміренов
Жер бауырлаған жекешелендіру,  жекешелендіру, Бақыт Сыздықов, Тимур Сүлейменов, сатылымға шығару

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың дерегінше, осы уақытқа дейін  жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына енген 887 нысанның 502-сі саудаға шығарылған. Оның 421-і 216 млрд теңгеге сатылған.  266 нысан қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Осылардың барлығын қоса есептегенде, кешенді жоспардың орындалуы 77,4%-ды құрайды.

«2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 104 нысанды сату жоспарланған еді. Нақты іс жүзінде 89 нысан сатылымға шығарылды. Сондай-ақ 15 нысанды қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 39-ы 36 млрд теңгеге сатылды», – деді Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жекешелендіруге жататын 63 ірі нысаннан бүгінге дейін 110,5 млрд теңгеге 15-і сатылған. Биыл 39 ірі нысанды сату жоспарланып отыр. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ірі нысандардың 8-і сатылымға шығарылып, тек 2-і ғана өз иесін тапқан. Қалған нысандар бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізілуде.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, республикалық меншіктегі 4 ірі нысанға қатысты проблема бар. Айтуынша, кейбір мемлекеттік органдар сатылымға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отыр. Атап айтқанда, инвестициялар және даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктері салғырттық танытуда. Сондықтан 4 нысан сатылмай қалуы мүмкін.

«Үкіметтің 10 сәуірде өткен отырысында жекешелендіру барысын тежейтін және сатушылар тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтарды қозғаған болатынбыз. Қазір сатушылар заң бұзушылықтар мен ескертулер бойынша біраз жұмыс жүргізіп, негізгі кемшіліктерді жойып, берілген тапсырмаларды орындады. Десе де жүргізілген мониторинг жекелеген өңірлерде 12 нысан бойынша заң бұзушылықтардың әлі де болса бар екенін көрсетті», – Бақыт Сұлтанов.

Қаржы министрі баяндағандай, нысандарды түгендеу нәтижесінде жекешелендіру тізбесіне коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың 38 нысаны енеді.   

Еске сала кетейік, жыл соңына дейін 87 нысан сатылымға шығарылады. Оның 20-сы – республикалық меншікке қарайды. 31-і коммуналдық меншікке тиесілі. 36 актив квазимемлекеттік сектордың үлесінде.

Ал ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарды уақытынан бұрын орындау көзделіп отырғанын айтты. Министр жоспарды 2018 жылдың соңына дейін орындау қажет екенін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы 30 мамырдағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының осы жылдың сонына дейін іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Алайда 2018 жылғы сату кестесіне сәйкес, төртінші тоқсанда 62 нысанды сатылымға қою жоспарланған. Демек мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай қалады деген қауіп бар. Сондықтан жекешелендірудің жол карталарын қайта қарап, сату мерзімін осы жылдың қыркүйек-қазан айларына ауыстыру қажет деп санаймыз», – деді Тимур Сүлейменов.

Фархат Әміренов