Жер дауы жол дауына ұласты

Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік орман қорындағы жерді жол құрылысы компаниясының балансына өткізбей отыр.

Жер дауы жол дауына ұласты

Берісі Өскемен мен Зырян қалаларын, әрісі Өскемен мен Рахман қайнарын жалғап жатқан Осинов ирегіндегі төте жолдың құрылысы межелі мерзімінен кешігеді. Бұған жер дауы негізгі себеп болып тұр.

Осинов ирегі арқылы көлік қатынасының орнағанына биыл 80 жыл. Бұл соқпақ соғыс алдындағы қарбалас кезінде "Шығыс белдеуі" деп аталған және  стратегиялық маңызы бар жоба саналған. Қазір Осинов ирегінің аты бұрынғы даңқымен емес, қазіргі дау-дамайымен әйгілі.

Артыңа бұрылып қарасаңбас киімің құлайтындай етіп салынған тасжолдың әбден тозығы жетіп, тағаны мүжілгені соншалық, діттеген жеріңізге жеткенше ит сілікпеңіз шығады.

Осинов ирегі Өскемен-Зырян бағытындағы жолдың ең қауіпті бөлігі. Осы жерді басып өтетіндер жандарын шүберекке түйіп алады. Бұл жолдың азабын сырқатына ем іздеп облысқа баратын науқас жандар мен туристер де тартудай-ақ тартып жүр.

Әкімдіктен қолдау тауып, үш жыл бойы жобаланған төте жолдың құрылысынан таяуда аяқ астынан шу шықты. Бұл туралы "BI Road Construction" ЖШС директоры Дархан Рахимов: "Қағазбастылық құрылысқа кесірін тигізіп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік орман қорындағы жерді тапсырыс берушінің балансына өткізбей отыр. Салдарынан былтыр аяқталуға тиіс жұмыс күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Төте жол салу үшін сайдың үстіне көпір орнату керек. Сайдың ені 177 метр, тереңдігі кей тұстарда 45 метрден асады. Жер телімі ауыл шаруашылығы министрлігі  мемлекеттік орман қорының бақылауында болғандықтан, олар бізге көпір салу үшін рұқсат беруге тиіс. Көпірді толық салып шығуға 20 ай уақыт қажет. Күні бүгінге дейін рұқсат берілген жоқ, ал біз уақыттан ұтылып жатырмыз", – деді.

Оның сөзінше, "BI Road Construction" ЖШС мемлекеттік органдардан жауап күтіп отыр. Ал олар қаннен-қаперсіз жатыр. Тапсырыс беруші "Қазавтожол" мекемесі көпір салынатын жерді осы уақытқа дейін өз балансына алмаған. Бұл мәселе түптің түбінде құрылыстың кешігуіне түрткі болады. Екі ортада мердігер компания айыппұл арқалайды.

Дәл қазір 2020 жылы қолданысқа беріледі деп жария етілген төте жолдың тағдыры қыл үстінде тұр. Жалпы құны 18,1 млрд теңгені құрайтын жоба жұмысының бәсеңсіп қалуына заңнамадағы өзгерістер әсер еткен.

Осы турасында "Қазавтожол ұлттық компаниясы" АҚоблыстық филиалының директоры Нұрланбек Өмірбаев: "Заңнамадағы толықтырулар орман қорындағы жерді өзге мақсатқа пайдалануға беру үшін жергілікті халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу туралы қосымша шара жүктеген. Заңнамадағы кейбір толықтырулар жобалау үдерісін назарға алмаған.

Қазір қате-кемшілік дұрысталып жатыр. Осының барлығын реттеу үшін үкімет қаулы шығаруға тиіс. Біз соны күтіп отырмыз. Үкіметтің қаулысы шыққанша әділет департаменті мен жер ресурстары басқармасы бір де бір құжатқа қол қоймайды", – деді.

Оның айтуынша, нысанның жобасы осыдан үш жыл бұрын жасалған. Ол кезде орман қорындағы жер телімін беру тәртібінде қазіргідей талап болмаған.

Салынып жатқан төте жолдың ұзындығы 32 шақырым. Жолдың алғашқы 16 шақырымы "BI Road Construction" ЖШС-ға тапсырылған. Оны салып бітіруге 10,9 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржы көпір құрылысына жұмсалады. Жолдың қалған бөлігін "АБК Автодор-НС" ЖШС салады. 2020 жылы қолданысқа берілуі тиіс делінген жолдың қалған бөлігіне 7,2 млрд теңге жұмсалады.

"Жұмысқа кіріскеннен кейін жобалау кезінде жердің бедері есепке дұрыс алынбағанын анықтадық", – деді "АБК Автодор-НС" ЖШС директоры Айдын Майусов. 

Демек салынып жатқан жолдың екінші бөлігінен де мәселе тууы мүмкін.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу