Жер қойнауы деректерінің ұлттық банкі ашылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4568

Антиресейлік санкциялар Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға тиімді болуы мүмкін.

Жер қойнауы деректерінің ұлттық банкі ашылады

Саяси тәуекелдерді зерттеумен және консалтингтік кеңес берумен айналысатын GPW компаниясының бөлім басшысы Ливия Паджидің пікірінше, тау-кен өнеркәсібіне инвестиция салу бойынша Қазақстанның тартымдылығы жыл өткен сайын артып келеді. Астанада ұйымдастырылған 9-шы "MINEX-2018 Орталық Азия" тау-кен өнеркәсібі форумына қатысқан шетелдік сарапшы осындай ой айтты.

Ливия Паджидің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі мұнай-газ саласынан кейінгі Қазақстандағы екінші әлеуетті сала. Сондықтан, тұтас әлемдегі геосаяси жағдайлар бұл салаға бірден әсер етеді.

"Мәселен, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Орталық Азия үшін белгілі бір деңгейде тиімді. Мысал ретінде "РусАл" компаниясын алайық. Антиресейлік санкциялар "РусАл"-ды тығырыққа тіреді. Ресейлік компанияның теңселуі осы саладағы ірі ойыншыларды да әрі-сәрі күйге түсіріп отыр. Бұл ретте, әу баста Ресейге ақша құюды құп көрген кейбір инвесторлар енді басқа нарықтарды іздеуге мәжбүр. Нақтырақ айтсақ, олар Орталық Азияны қарастырып отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар", – деді Ливия Паджи.

Десек те, шетелдік сарапшының сөзінше, Ресей экономикасына тиген зиян сол өңірдегі мемлекеттерді де шарпуы мүмкін. Әсіресе, Қазақстанға әсер етуі ықтимал. Себебі, екі ел арасында берік сауда байланысы орнатылған.

"Сондықтан, инвесторлардың көбі әліптің артын бағып отыр. Өйткені, қандай саяси шешімдердің қабылданарын ешкім де білмейді. Тағы бір қауіп бар. Ол – әлемде билікке деген саяси наразылықтардың күрт өсуі. Соңғы он жылда билікке қарсы топтардың саны 54%-ға дейін өсті. Кеше ғана Арменияда парламенттік төңкеріс басталды. Сондықтан, саяси жағдайдың қалай өрбитінін дөп басып айту қиын. Ал мұның барлығы экономиканың негізгі секторларына әсер етпей қоймайды", – деді GPW саяси тәуекелдер бөлімінің басшысы Ливия Паджи.

ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың баяндауынша, "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы жер қойнауын пайдалану саласын да қамтымақ. Бұл ретте, жыл соңына дейін жер қойнауы деректерінің ұлттық банкі ашылады деп күтілуде. Банк әлеуетті инвесторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетпек.

"Цифрландыру жер қойнауын пайдалану саласын айналып өтпейді. Жер қойнауы деректерінің ұлттық банкі жаңа мүмкіндіктермен толықтырылуда. Аталған банк әлеуетті инвесторларға тың мүмкіндіктер ашады. Олар интерактивті карта арқылы бос аумақтар туралы ақпарат ала алады. Онда аталған аумақтың зерттелгені яки зерттелмегені туралы мәліметтер орналастырылады. Сондай-ақ, интерактивті картаның көмегімен сол сәтте-ақ жер қойнауын пайдалануға лицензия рәсімдеуге мүмкіндік бар. Мұнда электронды үкіметке сілтеме орналастырылған. Демек, жер қойнауын пайдаланушыға лицензия алу үшін көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Міне, аталған жаңашылдық инвестордың әлеуетті аумақтарды зерттеу және лицензия рәсімдеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді", – деді Тимур Тоқтабаев.

Вице-министрдің айтуынша, жер қойнауы деректерінің ұлттық банкін іске қосу бірнеше жыл бойы жүзеге асырылмақ. Осы жылдың соңына дейін бюрократиялық кедергілерсіз қашықтықтан рәсімдеу жүйесі іске қосылады. Осылайша, рәсімдеу шарасын шенеуніктердің қатысуынсыз-ақ онлайн режимде жүргізуге жол ашылады. Одан кейінгі жылдары геологиялық ақпараттардың дерекқорын толықтырып отыруға болады. Яғни, жер қойнауын пайдаланушы дерекқордағы өз ақпараттарын сақтай алады.

Еске сала кетейік, еліміздегі өнеркәсіптің 23%-ы тау-кен металлургия кешеніне тиесілі. Ал бұл саланың ұлттық экспорттағы үлесі – 21%. Аталған секторда ірілі-ұсақты 656 компания жұмыс істейді.

ҚР инвестициялар және даму министрлігі жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишевтің айтуынша, Қазақстанда "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" кодексі қабылданды. Мұндай кодекс ТМД аумағында алғаш рет қабылданып отыр. Құжат 2018 жылдың 29 маусымынан бастап күшіне енеді.

"Кодекс жобасын әзірлеген уақытта Қазақстандағы кен орындарын бөлуде аукцион әдісін алып тастауды қарастырғанбыз. Бірақ, талқылаудан соң аукцион әдісін қалдыруды жөн көрдік. Бұл әдіс алдағы бес жыл бойы пайдаланылатын болады. Яғни, мемлекет қарамағындағы кен орындары аукцион арқылы бөлінеді", – деді Руслан Баймишев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу