Жер телімдерін беруде ашықтық қажет

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2473

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл жер телімдері туралы ақпаратты ашық жариялауды мемлекеттік органдарға міндеттеуді ұсынды.

Жер телімдерін беруде ашықтық қажет Фото: atameken.kz

"Жер телімдерін берудің ашық еместігі туралы шағымдар бар. Кім, қандай мақсатта жер учаскесін алғаны туралы ақпарат жоқ. Жер телімін сатып алған тұлға туралы, телімнің  орналасқан жері мен салынатын нысан жөніндегі ақпарат айқын болуға тиіс. Мұндай ақпаратты ашық жариялау туралы мемлекеттік органдарға міндет жүктеу қажет", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов "Атамекен" КҰП-тың кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, жергілікті бизнес үшін ең өзекті мәселе – коммерциялық мақсатта жер телімін алу.

"Жер кодексі бойынша жергілікті атқарушы органдарға интернет ресурстарында елдімекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының және инженерлік коммуникациялардың схемаларын жариялау міндеттелген. Дегенмен бұл талаптар толығымен орындала қойған жоқ. Облыс әкімдеріне бірнеше рет өтініш жасағаннан кейін барып, жағдай түзеле бастады", – деді Болат Палымбетов.

Деректерге сүйенсек, 2016 жылы интернет-ресурстарда бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының бар болғаны 29%-ы (398-дің 115-і) орналастырылған. Ал 2017 жылдың қараша айында бұл көрсеткіш 70%-ға өскен (278). Бұл ретте 100%-дық ақпаратты Астана мен Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдіктері орналастырған. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері өзге өңірлермен салыстырғанда артта келеді.

"Заңнама жерді аукцион арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл жер сатып алудың әділ тәсілдерінің бірі. Дегенмен аукцион өткізіле ме, жоқ па бұл әкімдіктердің құзырындағы мәселе. Талдау көрсеткендей, 2015-2016 жылдар аралығында бұл мүмкіндікті Шығыс Қазақстан, Оңтүстік  Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдіктері жақсы пайдаланды. Ал Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында және Алматы қаласында аукцион өткізілмейді десе де болғандай. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жер телімдерін аукцион арқылы алу әкімшілік кедергілер мен рәсімдеу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Ал аукционсыз алуға өтініш берген күннен бастап есептегенде 40 күннен астам уақыт кетеді", – деді Болат Палымбетов.

Ол өз баяндамасында кәсіпкерлердің жер телімдерін тартып алу мәселесіне арнайы тоқталды. Айтуынша, мұндай фактілер Қазақстанның көптеген өңірінде кездеседі екен.

"Мәселен Алматы қаласында жыл басынан бері мыңнан астам стационарлық емес сауда объектілерін мәжбүрлеп бөлшектеген. Орнына өзге жер телімдері ұсынылмағандықтан, кәсіпкерлер бизнесін жабуға мәжбүр болған. Біздің ойымызша, жергілікті органдар "Орын өзгергенмен, бизнес сақталады" деген қарапайым қағиданы басшылыққа алуға тиіс", – деді ол.

Болат Палымбетовтың сөзінше, бизнес үшін кәсіпкерлікті тұрақты субсидиялау күрделі мәселеге айналған.

"Нақты мысал ретінде балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыруды алуға болады. Бірқатар өңірдегі кәсіпкерлер бұл мәселені көтерді. Олардың дәлелдерімен келіспеу мүмкін емес. Бұл жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы айтылып отыр. Онда әрбір тарап қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Өкінішке қарай, келісімшартқа немесе орындалған жұмыс актілеріне қол қоюға кезек келгенде негізсіз, кейде тіпті ойдан шығарылған себептерге байланысты кәсіпкерлердің талабын  орындаудан бас тартқан жағдайлар кездесіп жатады. Субсидия беру туралы шешім қабылдаушы шенеунік оны өз қалтасынан шығаратындай әсер қалдырады. Әрине мұндай жағдай адал кәсіпкерлердің наразылығын тудырады", – деді Болат Палымбетов.

Оның айтуынша, қаржыландыруды бөлу комиссиясының құрамы реттелмеген. Комиссия құрамына  негізінен басқару және білім беру салаларының қызметкерлері енген.

"Мұндай жағдай конкурстық комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете алмайды және сыбайлас жемқорлық себебін туындатады. Бұлай болмауы үшін субсидия бөлуші комиссия құрамына бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін енгізу қажет. Мысалы, Астана қаласындағы, Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер дәл осындай комиссия құрамында бар және аталған өңірлерде мұндай сұрақтар туындаған емес", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Болат Палымбетов өңірлерде ұқсас функцияларды атқаратын басқармаларды атады. Мәселен, құрылыс басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы секілді мекемелердің қызметтері бірін-бірі қайталайды.

"Мұндай тәжірибе басқару жүйесіне былық енгізіп, азаматтар мен кәсіпкерлерді жаңылыстырады. Өңірлерде басқармалар саны шамамен бірдей – 23-25. Мысалы, Ақмола облысында 26 басқарма, Оңтүстік Қазақстан облысында 23 басқарма бар. Дегенмен бұл екі облыс тұрғындарының саны мен экономикалық қызметінің негізгі бағыттарында айтарлықтай айырмашылық бар", – деді ол.

Болат Палымбетов бизнес-омбудсмен институтының атқарған жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда экономикалық құқық бұзушылыққа қатысты қозғалатын қылмыстық істер саны 80%-ға кеміген. Мәселен, 2015 жылдың 9 айында экономикалық құрамда құқық бұзушылық бойынша 6565 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2017 жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 1328.

"Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында рақымшылық алған 640 кәсіпкер экономикалық қызметке қайта оралуға мүмкіндік алды. "Жалған кәсіпкерлік" қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қылмыс деп танылмайтын болды. Бұл жалған кәсіпкерлікпен мәміле жасасқан адал кәсіпкерлерге оң әсерін тигізді. Жеке кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту мөлшері 2 мың АЕК-ден 20 мыңға дейін көтерілді. 2015 жылдың басынан бастап бизнесті қорғау бағыты бойынша 16500-ден астам өтініш түсті. Айта кету керек, оның 90%-ы өңірлерге тиесілі және жергілікті деңгейде шешілуге тиіс мәселелер", – деді Болат Палымбетов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу