Жертөледе жер құшты

76133

Гараждағы жертөлені ескі картоптан тазаламақ болған Теміртаудың екі тұрғыны қаза тапты.

Жертөледе жер құшты

Қайғылы оқиға тапа тал түсте орын алған.Теміртауда тұратын ағалы-қарындасты екеу гаражды былтырдан қалған картоптан тазартпақ болған. Гараж ішін жинастырған соң ер адам ештеңеден күмәнданбастан жертөлеге бірінші болып түскен. Онда былтырдан қалған картопты жинастырып сыртқа шығармақ болып жатқанда, есінен танып құлап қалған. Ағасын құтқармақ болып төмен түскен қарындасы жертөленің  кішірек саңылаулы есігіне қыстырылып, шыға алмай қалады. Бұл қайғылы жағдайды ағасы мен тәтесіне еріп гаражға барған бес жастағы бала көріпті. Балақай жоғарыға шыға алмай қалған тәтесін сүйреп көргенмен, оны шығара алмаған. Сосын шошынған бала жанұшырып гараж жанындағы көлік жөндейтін орыннан көмек сұрапты.

"Бізге кішкентай ұл бала жүгіріп келді. Ағам мен тәтем жертөледен картоп алып шығып жатқанда құлап қалды көмектесіңдерші деді. Мен бұл кезде көлік жөндеп жатқан болатынмын. Тез арада бірге жұмыс жасайтын әріптесім жүгіріп кетті. Оның айтуынша әйел адам жертөленің шыға берісінде кептеліп шыға алмай қалған. Барса әйел қырылдап жатыр екен оған тиіспей, бірден жедел жәрдем шақырыпты", – дейді көлік жөндеу орнының  автодәнекерлеушісі  Иван Стеценко.

Ағалы-қарындастың есінен  танып құлауына жертөлеге жиналған улы көмір қышқыл газы себеп болған. Бұл газ бір жыл бойы жертөледе шіріп жатқан картоптан шыққан. Көмір қышқыл газы біртіндеп жиналып мұндағы оттегіні ығыстырып шығарған.

"Екі адам бұрыннан қалған картопты алып тазарту үшін жертөлеге түскен. Картоп шіріген кезде көмірқышқыл газын бөлетіні белгілі ғой. Осының салдарынан жертөле аумағына газ жиналып қалған. Оттегі болмаған, сосын онда түскен адамдар тұншығып қалған. Газ өте улы болған. Мұндай жағдайда дұрыс әрекет ету қиын, әрине, дегенмен егер бір адам жертөледе құлап қалса, төмен түспей бірден жедел жәрдем мен құтқарушыларды шақыру керек. Өйткені жертөлеге түскен екінші адамда шыға алмай қалады",  – деп түсіндірді  Теміртау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Арман Алпысбаев.

Бір өкініштісі, бұл гаражда желдеткіш болмаған. Көп уақыт бойы шіріп жатқан картоптан шыққан көмір қышқыл газының күшті болғаны соншалықты, құтқару шарасына қатысқан үш өрт сөндіруші уланып қалған. Олар тәулік бойы ауруханада жатып ем алып шығыпты. Төтенше жағдайлар мамандары гаражды немесе желдеткіші жоқ жертөлені жинастырғанда абай болуға шақырады. Жертөледе шіри бастаған немесе тез шіруге бейім жеміс-жидектермен көкөністерді сақтауға болмайды. Олардан адам өміріне орасан зор қауіп әкелетін көмір қышқыл газы бөлінуі мүмкін. Құтқарушылар көптен бері есігі ашылмаған жертөлеге түспестен бұрын оған жанып тұрған қағазды тастап тексеру  керек деп кеңес береді. Егер қағаз бірден сөніп қалса ол жерде оттегі жоқ, жертөле қауіпті дегенді білдіреді. Мұндай жертөлеге  аяқ басуға болмайды.

Өкінішке қарай, картоптың кесірінен жертөледен шыға алмай қалған ағалы-қарындастың екеуі  де құтқарушылар келгенше жан тапсырыпты. Ал қайғылы оқиғаға жалғыз куәгер кішкентай балақайдың шошып қалғаны болмаса, денсаулығына  қауіп төнбеген.

Арайлым Еркебаева, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу