Жержаңғақ Жамбылды «жатырқамады»

Жержаңғақты осы күнге дейін көршілес Өзбекстаннан саудалап келген ел тұрғындары ендігі кезекте дастархан дәмінің бұл түрін Жамбылдан алдыратын түрі бар.

04 Қыркүйек 2018 14:47 Автор: Маржан Кәрімжанқызы
Жержаңғақ Жамбылды «жатырқамады», Жамбыл облысы, аргентиналық жержаңғақ, жерсіндіру

Былтыр Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы облыста ең алғашқы болып майлы дақылдың осы түрін өсіруге ден қойған болатын. Осы уақытқа дейін жүгері, пияз, қант қызылшасын өсіріп, өнім алып келген қожалықтың иелігінде 500 гектарға жуық жері бар.

Айта кетейік, самғаулықтар жержаңғақтың тұқымын сонау Аргентинадан алдырып, оны 1 гектар алқапқа еккен.

«Оңтүстік Америкада кең танымал өсімдік Қазақстанға XVIII ғасырдың соңында әкелінген. Дақыл аса бір күтімді қажет етпейді. Ең бастысы жер ылғалды, күн райы жылы болса болды. Ал, сабағы мен жапырағы малға таптырмас азық. Тиімділігі сол, бұл да басқа бұршақ тұқымдастары сияқты жерді құнарландырады. Біле білген адамға жержаңғақтан пайда көл-көсір. Төккен тер еш кетпейді, – дейді шаруашылық жетекшісі Евгений Трубников.

Сондай-ақ, диқандардың айтуынша, бұршақ тұқымдас майлы дақылдың бұл түрін өсіріп-баптау да аса қиын емес көрінеді. Бәлкім сондықтан болар, биыл жержаңғақ өсіруге деген жамбылдықтардың қызығушылығы басым.

Соның бір дәлелі – Шу ауданындағы «Анар-1» өндірістік кооперативі. Қорағаты ауылдық округінде орналасқан өндірістік кооператив былтыр  25 гектар алқапқа тұқымдыққа жержаңғақ еккен. Ал биыл егіс алқабын екі есеге ұлғайтып, тәуекел деп бірден 50 гектар жерге тұқым тастаған. Кооператив жетекшісі Ербол Ерғазиевтің айтуынша, Шу ауданы жержаңғақ егуге өте қолайлы екен.

«Ауылымызға өзбек ағайындар әкеліп жүрген жержаңғақты бақшаға егіп көрдім. Уақыт өте келе, әжептәуір өнім берген соң, неге үлкен егін алқабына егіп көрмеске деген ой келді. Осылайша, өткен жылы нар тәуекелге барып, 25 гектар жерге жержаңғақ ектік. Әр жердің тұқымы әртүрлі келеді. Ал біздің еккеніміз – өзбектердікі. Ол 120 күнде піседі. Бұдан бөлек, тәжірибе ретінде аргентиналық өнім мен «Краснодар» тұқымын да егудеміз. Негізінен, бұл өсімдік күннің көзін жақсы көретіндіктен, Шу ауданы оны өсіруге өте қолайлы болып отыр.

Бәлкім, бұл дақылды өсірудің агротехникалық шараларын жақсы білмегендіктен және арнайы техниканың жетіспеушілігі салдарынан болса керек, өткен жылы өнімді аз жинаған. Алайда, бұл өнімге деген сұраныс зор. Сол себептен, бастаған істі әрі қарай жалғастыруды жөн санап, былтырғы өнімнің көбісін биыл тұқым ретінде пайдаланып отыр.

«Алған несие мен қолдау көрсеткен жақсы демеушінің табылуы өзімізге қажетті трактор, дән сепкіш, қатараралық кескіш, жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы, культиватор және жинау комбайны сынды қымбат әрі арнайы техникалардың барлығын сатып алуға мүмкіндік туғызды. Ал, қазіргі уақытта 50 гектар алқапта жержаңғақ өсірілуде. Осы жылы әр гектардан шамамен 25-30 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз», – дейді Ербол Ерғазиев.

Әлбетте, тұқымның жерді «жатсынбай» жайқалып кеткені көңіл қуантады. Алайда, одан алынған өнімді өткеру мәселесі ең маңызды істің бірі екені сөзсіз. Бұл орайда да аса алаңдайтын мәселе жоқ көрінеді. Мысалы, біз сөз еткен «Анар-1» шаруа қожалығына өзбек ағайындар қазірдің өзінде тонналап тапсырыс беріп қойған екен. Ендігі мәселе егістікті суыққа ұрындырып алмай, дер кезінде жинап алу ғана. Өйткені, суыққа ұрынған жержаңғақ тұқымы жарамсыз болып қалатын көрінеді.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы