Жеті хан дамыл тапқан жер

Көне Сарайшық шаһары аспанасты музейі бар тарихи кешенге айналады.

15 Қаңтар 2018 13:52 Автор: Ясмин Алматқызы
Жеті хан дамыл тапқан жер,  Атырау облысы , көне Сарайшық, археология, аспанасты музей

Атырау өңірінде өткен жылы қазақ хандығының алғашқы астанасы саналатын Сарайшық қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Ол үшін қазынадан 1 млрд 500 млн теңге бөлінді. Алдымен осы ақшаға ескі шаһарды  Жайық өзенінің шайып кетуінен сақтау үшін 4 метрлік берік қабырға орнатылды.

Қазба жұмыстарының жетекшісі, археолог Зейнолла Самашевтің айтуынша, көне қаланы жаңғырту жұмыстары 2008 жылдан бері тоқтап қалған.

«2008 жылы бұл жерде үлкен кешен бар болатын. Бүгінге дейін соның үштен бірін су алып үлгерді. Қазір қалған мұраны сақтап қалу мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бізден кейін консерваторлар келіп жөндейді. 3 метр тереңдікке дейін бірнеше жерден 4-5 қазба жұмыстары жүргізілуде. 15-16 ғасырға жататын кезеңдерді қазып жатырмыз. Ноғайлы-қазақ кезеңі деп шартты түрде айта аламыз. Одан төмен 14 ғасыр, Алтын Орда дәуірінің мұраларын ашып аламыз деп жоспарлап қойдық. Әрі қарай орта ғасыр кезеңіндегі ескерткіштер болуы мүмкін», – деді Зейнолла Самашев.

Қазба жұмыстарының нәтижесінде Сарайшықтан 300-ден астам жәдігер  табылған. Олардың арасында керамикалық ыдыстар, қыштан жасалған су құбырының қалдықтары болған. Археологтар қалашықта XVI ғасырда ауызсу құбырлары жүргізілгенін айтады. Бұл мәліметтер араб саяхатшысы, жиһанкез Ибн Баттутаның «Ұлы жібек жолымен саяхаты» қолжазба деректерінде де келтірілген.

«Атақты жиһанкез, араб географы Мұхаммед Ибн Баттута 14 ғасырда қазақтың ұлы даласына келіп қатты таңданады. Сол ғасырдағы деректерінде жиһанкез қазақтарды біресе түркі, біресе қыпшақтар деп атаған. Оның қолжазбалары 1350 жылы тұңғыш рет араб тілінде, кейіннен 1870 жылы француз, ағылшын тілдерінде басылып, жарияланған. Бұл еңбектерінде қазақтардың  тұрмысы, әдет-ғұрпы, киген киімдері, ас мәзірі, ер-тұрман, қару-жарақ, сән-салтанаты түгел келтірілген. Мәселен мына дерегіне назар аударсақ, ұлы судың бойында гүлденген Сарайшық қаласында сол кезде үлкен көпір болған. Ол Самар даласы мен Бұхар даласын жалғастырған. «Мен әлемде Бағдаттан басқа жерде мұндай көпірді көрген жоқпын» деген араб саяхатшысы Ибн Баттута. Сол кездегі деректерге сүйенсек, көпір Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мұстафин.

Шынымен өз заманында батыс пен шығысты байланыстырған Жібек жолы бойындағы сауда орталығының күллі түркі әлемі үшін маңызы зор болған. Бұл туралы Анкара университетінің профессоры, Абдолла Гондогут: «Орта ғасыр уақытында бұл жер өте қасиетті өңір саналған. Мен бұл қаланы Мұхаммед Ибн Баттута жазған деректер негізінде зерттемекпін», – деді. Ал қасиетті Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы: «Сарайшық қазақтардың тарихи астанасы болған қала. Біз батыс өңіріндегі ең үлкен саяси орталық – Сарайшық қаласының тарихи болмысын толық аша алмай келеміз. Қуантатыны, ҚР мәдениет министрлігі 2018 жылы осы жерге үлкен визит-орталық салуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бұл жерге 4 үлкен тарихи кешен салынады», – деді.

Жоспар бойынша қазба жұмыстары толық аяқталған соң, Жайық бойында өмір сүрген елдің тұтас көрінісі ел назарына ұсынылады. Бұл іске облыстық тарихи-өлкетану музейінің  қызметкерлері белсенді араласып жатыр.

«Музей қызметкерлері бірнеше жыл қазба жұмыстарын жүргізе алмады. Оның себебі бізде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия болмады. 2017 жылы лицензия алып, үш тарихи орынға қазба жұмыстарын жүргіздік. 2017 -2020 жылға дейін  жоспар құрылды. Мұндағы мақсатымыз  қазба жұмыстарын жүргізіп болғанннан кейін көне Сарайшық қаласының орнына аспан асты музейін ашу», – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры Рашида Харипова.

Аспанасты мұражай 100 гектар аумақты алып жатқан ескі шаһардың бір бөлігіне орналасады. Түбінде бұл жер туристер үшін  таптырмайтын демалыс аймағына айналады.

Айта кетейік, Сарайшық Атырау қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Ол Алтын орданың саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған. Қасым ханның тұсында қазақ хандығының астанасы атанған. Тарихшылардың дерегінше, бұл жерге  7 хан жерленген. Олар: Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар.

Ясмин Алматқызы, Атырау облысы