Жоғары жалақы алатындардың мәселесі майшаммен қаралады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6326

Үкімет жарты миллионнан артық  ақша алатын қазақстандықтарға салынатын салықтың мөлшерін көбейтпекші.

Жоғары жалақы алатындардың мәселесі майшаммен қаралады

Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда азаматтардан жеке табыс салығын прогрессивті шкала бойынша жинауды енгізуге қатысты ұсыныстарды және өз ұстанымдарын ведомство алдағы тамыз айында үкіметтің қарауына ұсынады.

Прогрессивті шкала бойынша қазақстандық неғұрлым көп жалақы тапқан сайын соғұрлым көбірек салық төлейтін болады. Әйтпесе қазіргі кезде 25 мың теңге көлемінде ең төменгі еңбекақы алатын жұмыскерлерден де, табатын табысы бонусымен бірге бірнеше миллионға кететін ұлттық компания менеджерлерінен де бірдей, 10% көлемінде салық алынады.

"Мемлекет басшысы прогрессивті шкаланы қолдану мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма жүктеді. Бұл мәселе күн тәртібінде бұрыннан тұрған. Біз тамыз айының соңына қарай ақырғы көзқарас-тәсілдемелерді түзіп, өз ұсынысымызды үкіметке береміз. Түпкілікті шешім үкіметте қабылданады", – деді ол. 

Қазіргі уақытта ұлттық экономика министрлігінің экономикалық зерттеулер институты жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкалаға көшудің салдары қандай болатынын зерделеп, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл заңнама талабы.

Азамат Әмрин осығна қатысты әзірше түйткілдер мен мәселелер көп болып тұрғанын жасырмады. Мәселен жоғарылатылған салық бойынша қатып қалған бір меже-мөлшер емес, бірнеше саты белгілеу туралы ұсыныс та пысықталуда екен.

Оның үстіне қазір мемлекеттік қызмет істері органы мемқызметтің тартымдылығын арттыру үшін жалақыны 60%-ға, ал өңірлерде 2,2-2,5 есеге дейін көтеруді қарастырып жатыр. Алик Шпекбаев басқаратын агенттіктің орталық аппараты қызметкерлерінің жалақысы 50-60%-ға жоғарылатылыпты. Бұған олар мәжбүрлі түрде барып отырған көрінеді, себебі мемлекеттік ұйымдардың ең таңдаулы мамандарын ұлттық компаниялар мен шетелдік фирмалар тартып әкетіп жатыр екен. Бірақ прогрессивті шкала олардың қосылған табысын қайта кеміткелі отыр. 

Экономика министрлігі бұл жаңашылдыққа елімізде қанша қызметкер мен жұмысшы ілігуі мүмкін екенін, бұдан қандай фискалдық пайда болатынын,  бюджеттің қанша табыс табатынын анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізуде. Оның алдын ала көрсеткіштері көңіл көншітпейтін болып шықты.  

Мәселен ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстанда орташа айлық жалақы көлемі 163 мың 604 теңгені құрайды деп жарияланды. Алайда шынында, мол жалақы алатындар ауыз толтырып айтуға да тұрмайды екен.

"Бұл шкала бюджетке үлкен кіріс құюы үшін оның барлық жерде жалақы деңгейі жоғары болғаны жөн. Әйткенмен статистика көрсеткендей, Қазақстанда 6 млн жалдамалы жұмыс істейтін қызметкерлердің және жұмысшылардың 60%-ы 120 мың теңгеден де аспайтын жалақы алады. Тұтастай алғанда еліміздегі барлық жалдамалы қызметкерлер мен жұмысшылардың 94%-ы 330 мың теңгеден төмен жалақы алады. Егер прогрессивті шкаланы 500 мың теңгеге дейін көтерсек, онда бұл сомадан көп жалақы алатын қазақстандықтар саны небары 2% ғана болады. Яғни осынша адам ғана прогрессивті шкала бойынша жеке табыс салығын төлейді. Демек фискалдық тиімділік тым төмен. Оның үстіне қалған екі пайыздың өзін біз "көлеңкеге" тығылуға мәжбүрлеуіміз мүмкін. Өйткені оларға түсетін жүктеме үлкен болады", – деді ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры.

Ол 2007 жылға дейін Қазақстанда прогрессивті шкала жұмыс істегенін еске салды. Бірақ салықтың жиналуы айтарлықтай болмаған: жыл сайын бюджетке 147 млрд теңге жеке табыс салығы ғана құйылған.

Ресми мәлімет бойынша, 2017 жылдың қорытындысында 650 млрд теңге ЖТС жиналды, бұл 2007 жылғыдан төрт есеге көп.

"Бұдан шығатын қорытынды жоғары табыс тауып келген адамдар көлеңкеден күнгейге шығуды жөн деп тапқан. Олар шын табысын көрсете бастаған, себебі салық  жүктемесі бұрынғыдай, 30% немесе 20% емес, тек 10%-ды ғана құрайды", – деген ой түйді министрлік өкілі.

Ол біз ұмтылып отырған дамыған елдерде прогрессивті шкала қолданылатынын растады, бірақ оларда барлық әлеуметтік сегменттерде жалақы деңгейі әлдеқайда жоғары екеніне назар аудартты.

"Біз прогрессивті шкала енгізу үшін экономиканы көтеруіміз керек. Сонда ең төменгі жалақы көлемі де, орташа жалақы да жоғары болады. Менің ойымша, осыдан кейін аталған шкала бойынша салық салуға көшуіміз қажет. Әзірше бұл ерте. Қолданыстағы біртұтас шкала өзіне жүктелген функцияларды орындап отыр деп санаймын", – деген Азамат Әмрин жалпы, бұл идеяға қарсы еместігін, қайта қолдайтынын баяндады.

Ал сарапшылар 2020 жылы табыс пен шығыстың жаппай декларациясы енгізілген соң, жалақыны көлеңкеге әкету қиындайтынына сенім білдірді. Прогрессивті шкаланың қайта енгізілуі де осы науқанмен үйлесім тапқалы отыр. Себебі табысы аз, бірақ шығысы үлкен азаматтардың күндердің бір күні құзырлы орган өкілдері есігін қағуы ғажап емес.  

Саясаттанушы Айбек Ғалымов бұл бастаманың саяси жағы басым екенін айтады.

"Экономикалық тұрғыдан бұдан түсер барлық түсім бір ірі кәсіпорын төлейтін салыққа да жетпеуі ықтимал. Бірақ қазіргі күйзелісті шақта халық әлеуметтік әділеттілікті талап етіп отыр. Ол талапты биліктің орындағаны маңызды. Егер бірер пайызды ғана құрайтын ауқаттылар мен байларға мемлекет жоғары, 30-40%-дық салық сала бастаса, елдің көңілі көтеріледі, билікті қолдайды. Бұл жерде неге айлық еңбегі үшін жүз жиырма мыңнан аз алатын жұмыскерлер миллиондап жалақы алатын адаммен пайыздық мөлшерде бірдей салықтық жүктемені көтеруі керек деген мәселе бар. Мәселен Илон Маск өз сарайында алтыннан бассейн салса, оған ешбір америкалық наразылық пен көңілтолмастық білдірмейді. Өйткені Маск мырза сол алтын бассейн үшін тапқан табысының 47%-на дейін салық төлеп, ел бюджетін толықтырған", – деді сарапшы. 

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бұл ретте ұлттық экономика министрлігінің статкомитеті ай сайын жариялайтын орташа жалақы мен халықтың шынайы жалақысы арасында үлкен айырмашылық бар екеніне назар аудартты. 

"Экономика 4%-ға көтерілді, орташа жалақы жүз алпыс мыңнан асып кетті деп жариялағанмен, шын мәнінде халықтың ақшалай нақты табысы бірнеше жыл қатарынан төмендеуде. 2017 жыл қорытындысында тағы 0,7%-ға кеміді. Орташа жалақы мөлшері бойынша Қазақстан әлемде 72-ші орынға түсті. Бұл ретте 2017 жылы орташа жалақы ел бойынша 150 мың теңге делінгенмен, нақты ахуалды жақсырақ сипаттайтын "жалақының медиандық мөлшері" елімізде небары 83 мың теңгені құрады", – деген депутат ел үкіметіне басты параметрлер бойынша бюджеттің орындалуына мәз болмай, әлеуметтік терең мәселелерді шешуге ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу