Жүздеген миллиард игерілмеген қаржы қысқаруға кететін болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2524

Соңғы 8 айда 564 млрд теңге талан-тараж етілгені анықталды.

Жүздеген миллиард игерілмеген қаржы қысқаруға кететін болды

Көпшілік сене қоймас, бірақ Қазақстан экономикасы есірткіге елтіген нашақордай шикізатқа басы байланған қалпынан жазылып, жаңа экономикаға қарай бет бұра бастапты.  

Үкіметтің статистері осыны байқапты. Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында мұны ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жария етті.

"Экономиканың шикізаттық емес сегментіндегі оң өзгерістерді айта кеткен жөн. Мәселен шикізаттық емес сектордың ел экономикасының өсіміне қосар үлесінің артқаны байқалады, ол 2,3 пайыздық тармақты құрады. Салыстыру үшін айта кетелік, шикізаттық салалардың осындай үлес-салымы небары 1,6 пайыздық тармақты құрады", – деді бас экономист.  

Үкіметтің осы отырысында еліміздің биылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылды.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Қазақстанның экономикалық өсуі шілдедегі азғана төмендеуден кейін (ол айда өсім тек 4% болған), тамыз айында 4,3%-ға дейін ұлғайған.  

Сыртқы сауда 30%-ға жуық өсті, инфляция бәсеңдеп, нысаналы дәліз шегінде тұр. Осының аясында Американың алпауыт Moody’s және S&P жаһандық рейтингтік агенттіктері қазақ елінің "егемен кредиттік рейтингі" болжамын теріс көрсеткіштен тұрақты көрсеткішке жақсартты: атап айтқанда, Moody’s – "Baa3-ға", S&P – "BBB-", Fitch – "BBB"-ке жоғарылатты.

"Өсудің жоғары серпіні алты базалық саланың төртеуі бойынша (өнеркәсіп, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс) байқалуда, өсу қарқынының бәсеңдеуі құрылыста және ауыл шаруашылығында байқалып отыр", –  деді Тимур Мұратұлы.

Кен өндірудің 11,3%-ға және өңдеудің 6,1%-ға "синхронды өсуі" есебінен өнеркәсіпте ең жоғарғы 8,5%-ды өсу қарқыны тіркеліп отыр.

Тимур Сүлейменов дәл осындай ең жоғары өсім "соңғы алты жылда да болмағанын" тамсана айтты. Яғни қазақстандық өнеркәсіп биыл ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы басталғалы бері алғашқы рекорд орнатты.

Кен өндіру өнеркәсібінің ішінде көмір және лигнит (13,2%-ға өсу), мұнай (12,2%-ға), табиғи газ (10,9%-ға), металл кенін өндірудің (на 10,8%-ға) өсуі "екі таңбалы сандармен" тіркелді.

Өңдеу өнеркәсібінде өсу үрдісі тамақ өнімдерінің өндірісінде (5,8%-ға өсу), жеңіл өнеркәсіпте (11,5%-ға), фармацевтикада (33,7%-ға), металлургияда (7,6%-ға), мұнай өңдеуде (6,4%-ға) және машина жасауда (6,3%-ға) байқалып отыр.

Ауыл шаруашылығы қырға шығып, ойға түсіпті: салада өсу биылғы маусымда 3,1%-дық шарықтау шегіне жеткен, одан кейін ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда өсімдік шаруашылығы шығарылымының төмендеуі (-1,1%) нәтижесінде 1,9%-ға дейін құлдырады. Төмендеу сойылған мал мен құс көлемінің (4,9%), сиыр сүті (2,8%) және тауық жұмыртқасы (4,0%) шығарылымының ұлғаюы есебінен мал шаруашылығындағы (3,2%) өсумен ішінара теңдестірілді.

Құрылыс саласы үкіметтегілерді тіксінтіп отыр: бұрын бұл сала буырқана өсіп келе жатқан. Енді өсу серпіні бірінші жартылдықта 5,9%-ға дейін ұлғайып, шілдеде күрт баяулады (0,7%) және 8 айдың қорытындысы бойынша 0,1%-ға дейін нөлдік мәнге жақындады.

"Саланың бәсеңдеуі өнеркәсіптік ғимараттар мен құрылыстардың 1,1%-ға және тұрғын ғимараттар құрылысының 0,8%-ға төмендеуімен байланысты. Бұл ретте автожолдар мен темір жолдар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 4,2%-ға өскені байқалып отыр",- деді министр.

Ол өңірлік бөліністе аймақтардың көпшілігінде негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні тіркелгенін айтты. Мәселен, ауыл шаруашылығында барлық өңірлерде 0,3%-дан 5,6%-ға дейін өсу байқалады.

Бірақ көштен қалып қойғандар бар.

"Сонымен қатар Маңғыстау және Қызылорда облыстары бойынша өнеркәсіпте тиісінше 0,2%-ға және 3,6%-ға және құрылыста тиісінше 20,0%-ға және 32,4%-ға төмендеу тіркелді. Қарағанды және Алматы облыстары бойынша құрылыста тиісінше 4,6%-ға және 13,7%-ға және негізгі капиталға салынған инвестицияларда тиісінше 21,2%-ға және 22,7%-ға төмендеу орын алып отыр. Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында тек бір-бір көрсеткіш бойынша төмендеу ғана байқалды, тиісінше құрылыста – 8,6%-ға және негізгі капиталға салынған инвестицияларда – 7,2%-ға төмендеген", – деді Тимур Сүлейменов.

Бір жақсысы, қазақстандық кәсіпкерлер күйзелістен бірте-бірте шығып келеді.

"Өндірістік сектордағы іскерлік белсенділіктің жаңаруы аясында қызмет көрсетулер саласындағы тұрақты өсу траекториясына біртіндеп шығу байқалуда. Ағымдағы жылға 8 айда көлік қызметтері 4,7%-ға өсті, сауда және байланыс қызметтері 2,9%-дан ұлғайды. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестицияларға келсек, экономикаға инвестициялар ағымдағы жылы экономиканың одан әрі дамуы үшін негіз қалыптастыра отырып экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі басты фактор болып қалып отыр, – деді ұлттық экономика министрі.

Ішкі сұраныс негізгі капиталға инвестициялардың өсуімен сүйемелденді, ол 8 айдың қорытындысы бойынша 3,4%-ды құрады және 4,8 трлн. теңгеден асып түсті. Инвестициялардың өсуіне "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру едәуір ықпал етуде екен.

Министр бизнесмендердің қай салада өркен жайып, қарқындарын арттырғанын да баян етті: инвестициялардың ең жоғары өсуі сауда (9,0%), көлік (5,9%) және өнеркәсіп (5,1%) салаларында байқалуда". Аталған салаларға инвестициялардың жалпы көлемінің 73,7%-ы тиесілі.

Қаржы секторы – үкіметтің қазіргі бас ауруы екені мәлім.

"Қазақстанның қаржы нарығында ахуалдың едәуір жақсарғаны байқалып отыр. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша кредиттер жыл басымен салыстырғанда 0,7%-ға өсіп 12,8 трлн теңгені құрады. Алайда, пайыз мөлшерлемесінің жоғары болуы (14,6%) кредиттерді экономикаға инвестициялау үшін әлі де болса қиындатып отыр", – деп ұлттық экономика министрі ұлттық банк басшысына сын садағын қадады.

Министрдің айтуынша, бұл конъюнктуралы түрде ұлттық банк тарапынан расталып та отыр. "Олар ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанында кәсіпорындардың айналымдық және негізгі құралдарын кредиттеудің бағалық (яғни, мөлшерлеме және комиссия) және бағалық емес (яғни, мөлшері, мерзімі, кепілдік, қарыз алушының қаржылық жағдайы) шарттары болмашы ғана нашарлағанын атап өтті", – деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар инфляциялық процестердің баяулауы аясында ҰБ-ның базалық мөлшерлемесі біртіндеп төмендеуде: жыл басынан 1,75 пайыздық тармаққа төмендеу арқылы бүгінгі күні 10,25% құрап отыр. Бұл кредиттерді қоса алғанда, ақша нарығындағы мөлшерлеменің төмендеуіне ықпал етуге тиіс.

"Біз экономиканы кредиттеуді жандандыруға ұлттық банк Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, қаржы секторын сауықтыру жөніндегі шараларды іске асыру әсер деп есептейміз!" – деді премьерге қайырылған бас экономист.

Жиында әлеуметтік саланың да қорытындылары шығарылды. Экономиканың нақты секторындағы жағдайдың жақсаруы нәтижесінде әлеуметтік көрсеткіштер де оң тренд көрсетті.

Жылдық инфляция баяулап келеді, ол ағымдағы жылғы тамызда 7% құрап, нысаналы дәліз шегінде тұр. Айлық инфляция екінші ай қатарынан небары 0,1%-ды құрап отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталып отырған көрінеді.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен әкімдердің басым міндеті ағымдағы жылдың 8 айында жинақталған өсу қарқынын сақтап қалу болып табылады. Бұдан басқа, құрылыс пен ауыл шаруашылығында, сондай-ақ өнеркәсіптің жекелеген салаларында баяулау трендін тоқтату қажет. Осыларды ескере отырып, 2017 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 3,4% деңгейінде өсуін күтеміз", – деп түйді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Үкімет отырысында осы тақырыпта қаржы министрі Бақыт Сұлтанов та баяндама жасап, ағымдағы жылдың 8 айындағы бюджеттің қаншалықты орындалғанын айтып берді.

"Ұлттық экономика министрлігі баяндаған салалар дамуының оң нәтижелері мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуында да елеулі көрініс тапты. Ағымдағы жоспарды орындау жағынан да, сол сияқты өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғандағы өсу қарқыны жағынан да оң серпін байқалды. Мәселен, мемлекеттік бюджеттің кірістері өткен жылмен салыстырғанда 366,9 млрд теңгеге немесе 108,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде 105,9 пайыздық өсу қарқынымен 172,2 млрд теңгесі – республикалық бюджет үлесінде, ал 195,2 млрд теңге немесе 115,8 пайыз – жергілікті бюджеттер үлесінде", – деді бас қаржыгер.

Биылғы 8 айда мемлекеттік бюджетке  4 триллион 512,3 млрд теңге мөлшерінде кірістердің түсуі қамтамасыз етілді. Артығымен орындалу 194,5 млрд теңгені немесе есепті кезеңдегі жоспардың 104,5 пайызын құрады.

Ел қазынасының молаюына өндірісін арттырған бизнесмендер игі ықпал етіп отыр. Олар ел экономикасын ілгері сүйреуде. "Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің құрылымында қосылған құн салығы бойынша түсімдер – 34,3 пайыздық, корпоративтік табыс салығы – 31,5 пайыздық негізгі үлесті алып отыр",– деді Бақыт Сұлтанов.

Мемлекеттік бюджет шығыстары жыл басынан бері 9 триллион 21,7 млрд теңгені немесе есепті кезеңдегі жоспардың 97,7%-ын құрады.

"Игерудің жақсы қарқынына қарамастан ағымдағы жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша атқарылмау 114,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 13,2 млрд теңге – бюджет қаражатын үнемдеу еншісінде. 101,6 млрд.теңге – игерілген жоқ. Игерілмеудің ең үлкен өсуіне мынадай министрліктер жол берді: денсаулық сақтау – 20,3 млрд теңге, мәдениет және спорт – 9,3 млрд теңге, ішкі істер – 9,3 млрд. теңге, қорғаныс – 7,9 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы – 6,5 млрд. теңге, білім және ғылым министрлігі – 6,4 млрд теңге. Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінде игермеу – 10,6 млрд теңге болды",- деді қаржы министрі.

Игерілмеудің негізгі себептеріне тоқталған ол бірінші себеп ретінде "бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің сылбырлығын" атады. Мәселен ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өткізілмеген конкурстар, оларды ұзақ өткізілуіне және уақтылы өткізілмеуіне, өткізілу уақытын кейінге қалдыруға байланысты 16,6 млрд. теңге игерілген жоқ; 6,9 млрд теңге нормативтік-құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауына байланысты игерілмеген

Екінші себеп – "бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан мердігерлердің жұмыстарына әлсіз әкімшілендіру және нашар бақылау". Мердігерлердің орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларын уақтылы бермеу себебінен игерілмеу сомасы –29,1 млрд теңге, өнім берушілердің орындалмаған шарттық міндеттемелері – 17,9 млрд теңге, ал жұмыс жүргізу кестесінен артта қалу – 14,5 млрд. теңге болды.

Осы орайда көптеген министрді қатты тіксінткен шешім ұсынылды: игерілмеген жүздеген миллиард қаржылар кері қайтарып алынады:

"2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде шамамен 280 млрд теңгені қысқарту және қайта қарастыру ұсынылады. Оның ішінде үкімет резервінің бөлінбеген қалдығы 60 млрд теңге, жобаларды Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп қаржыландыру бойынша бөлінбеген қалдық (16,2 млрд теңге), үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша айырма бағасы (7 млрд теңге) бар",- деді Бақыт Тұрлыханұлы.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 3 023 млрд.теңге сомасында немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 96,7 пайызға ғана атқарылды.

Жоспардың атқарылмауының неғұрлым көп сомасы мынадай өңірлер бойынша қалыптасты: Астана қаласы – 29,4 млрд теңге, Алматы қаласы – 13,5 млрд теңге, Ақмола облысы – 8 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы – 7 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 6,4 млрд теңге.

"Өңірлер 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде 67,9 млрд теңге көлемінде бөлінген нысаналы трансферттерді де қысқартуды және қайта бөлуді ұсынады", – деп кесімін айтты Бақыт Сұлтанов.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл ұстанымды қолдады.

Айтқандай қаржы министрлігі бақылаулық тексеріс  барысында жарты триллионнан астам қаржыны, дәлірек айтқанда 564 млрд теңге талан-тараж етілгенін анықтаған. Осынша қаржы 27 мың рәсімді өткізу кезінде заңнаманы бұзу арқылы қолды болыпты.

Бірақ ревизорлар жемқорлардың жегенін кері қайтартқыза алған екен: "Құқықбұзушылықтың көп бөлігі мемлекеттік сатып алудың бастапқы кезеңдерінде анықталып, жолы кесіледі, бұл мемлекеттік сатып алу мерзімдеріне әсер етпейді. Сонымен қатар әлеуетті өнім беруші бизнесмендердің шағымдары бойынша 2 мың 347 мемлекеттік сатып алудың немесе бүкіл тексерілгендердің 0,5 пайызының қорытындылары жойылды", – деп хабарлады министр Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу