Жыл сайын 25 млрд теңге үнемдейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1792

АШМ 11 тиімсіз субсидияны алып тастап, 40 субсидияның шартын өзгертті.

Жыл сайын 25 млрд теңге үнемдейді

"Өткен жылдың басында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 179,5 млрд теңге бөлінді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3%-ға жоғары көрсеткіш. Күзде бюджетті нақтылау кезінде мал шаруашылығын субсидиялауға 30,2 млрд теңге, инвестициялық субсидиялауға 12,8 млрд теңге, "ҚазАгро" жобаларын қаржыландыруға 51,7 млрд теңге бөлінді", – деді ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қарағанды облысында халыққа есеп беру барысында.

Нәтижесінде 2016 жылы субсидия көлемі 220 млрд теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 26%-ға артты. Соның ішінде жеңілдетілген кредит көлемі 233 млрд теңгеге пара-пар болды.  

Министрдің сөзіне сүйенсек, өткен жылы 11 мыңға жуық микрокредит берілді, бұл 2015 жылғы деңгейден 34%-ға жоғары. Ал кредит сомасы 34 млрд теңгені құрап, 2015 жылғы сомадан 8,4 млрд теңгеге артық болды.

"Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 164 млрд теңгеден 253 млрд теңгеге дейін 1,5 есе өсті", – деді Асқар Мырзахметов.

Өндіріс қуаттылығына келер болсақ, былтыр мал шаруашылығында ет өндіру 3,2%-ға, сүт өндіру 3,1%-ға ұлғайып, жануар мен құс басының саны орта есеппен 2,8%-ға өскен.

Министрдің айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа бағдарламасында субсидияның барлық 65 түрі қайта қаралды. Сәйкесінше 11 тиімсіз субсидия алынып тасталып, 40 субсидияның шарты өзгертілді, қалған 14 субсидияға өзгеріс енгізілген жоқ. Осылайша жыл сайын 25 млрд теңге үнемделетін болды.

Сонымен қатар министр соңғы кезде көбірек айтыла бастаған астық сапасының төмендеуіне қатысты мәлімдеме жасады.

"Өкінішке қарай 2011 жылдан бастап астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Осыны есепке ала отырып, нақты шаралар қабылданды", – деді министр.

Тұқым сатып алуға субсидия көбейді

"Тұқым шаруашылығын субсидиялауға 7,7 млрд теңге бағытталады. Әкімдіктер бастапқыда 3,7 млрд теңге бөлді. Бұл тиісті қаражаттан 56%-ға кем көрсеткіш болды. Кейін қосымша 4,0 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат сол бюджет шеңберінде, басымдықтарды қайта қарау есебінен жүргізілді", – деді Асқар Мырзахметов.

Министрдің мәлімдеуінше, тұқым шаруашылығын дамыту үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасына қазіргі заманғы тұқым өсіру техникасы енгізілді. Алдағы уақытта тауар өндірушілерді сапалы тұқым пайдалануға міндеттейтін заңнамалық норма енгізу және осы талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделуде.

Қабылданған шаралар биыл сапалы тұқым егуді 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді.

"Мал шаруашылығында өзгертілген өлшемшарттар осы қаражат шеңберінде субсидия алушыларды екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егер бұрын сиыр еті бойынша субсидияны 175 шаруашылық алып келген болса, қазіргі таңда ол 522 шаруашылықты қамтып отыр. Сүт бойынша 269-дан 532 шаруашылыққа дейін 2 есеге, қой еті бойынша 180-нен 234 шаруашылыққа дейін 1,3 есеге, жүн бойынша 50-ден 180 шаруашылыққа дейін 3,6 есеге дейін артты", – деді Асқар Мырзахметов.

Жыл жаңалығы – кооператив

Кооператив мәселесіне жеке тоқталған министр бүгінге дейін қандай жұмыс атқарылғанын айтты.

"ҚазАгро-ға" ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдетілген кредит беру үшін қосымша бөлінген қаражат арқасында біз оларды жаппай дамытуға негіз қаладық. Нәтижесінде ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдауға 50 млрд теңге бөлінді", – деді министр.

"ҚазАгро" қаржыландырды

Қаржылық шаралардың тиімділігін арттыру үшін көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына "ҚазАгро" арқылы кредит беру кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті мөлшерлеме алғаш рет жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерді құрап отыр. Өткен жылдары түпкілікті мөлшерлеме 9-10%-ды құраған болатын.

"Кредит беру бір ай ерте басталды. Сонымен бірге жалпы "ҚазАгроның" кредиттік өнімдері бойынша талап етілетін құжаттар топтамасы 24%-ға қысқартылды. Мысалы, аграрлық несие корпорациясында заңды тұлғалардан талап етілетін құжаттар саны 27 болса, қазір олар 19-ға  қысқартылды, ал жеке тұлғалардан талап етілетін құжат саны 16 болса, қазір 12 құжатқа дейін қысқартылып отыр", – деді Асқар Мырзахметов.

Экспорт саясаты

Экспорт саясатында бірінші кезекте Қытай, Ресей және Парсы шығанағы елдері секілді әлеуетті экспорт нарықтары бойынша мақсатты тәсілдемелер жолға қойылып, жол карталары бекітіліпті.

"Қытай нарығы бүгінде балық шаруашылығы, бал ара шаруашылығы және жылқы өнімдері, сондай-ақ кебек үшін ашық. Маусымда қой экспорты бойынша құқықтық базаға қол қою күтілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ қара малды жеткізу бойынша кедергілер алынып тасталды. Парсы шығанағының басқа да елдері, сондай-ақ Иран бойынша келіссөздер аяқталып, өнім экспорттауға келісім берілмекші", – деді министр.

Былтыр өнім экспорттау көлемі 2,1 млрд АҚШ долларына жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 5% - ға ұлғайыпты. Соның ішінде астық экспорты 28%-ға өсіп, 8,8 млн тоннаны құраған көрінеді.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу