Жыл соңында республикалық бюджеттің 2 млрд теңгесі игерілмей қалады

5566

Биыл қазынаға өткен жылмен салыстырғанда 232 млрд теңге артық ақша түсті. 

Жыл соңында республикалық бюджеттің 2 млрд теңгесі  игерілмей қалады

Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ел экономикасын несиелендіру көлемі соңғы 11 айда 2,6%-ға төмендеп, 12,8 триллион теңгені құрағанын мәлімдеді.

"Ұлттық экономиканы несиелендіру көрсеткішінің төмендеуіне бизнестің несиеге деген сұранысының 11,4%-ға, 7,6 трлн теңгеге қысқаруы себеп болды", – деді ол.

Мәлім болғандай, 2018 жылдың соңғы 10 айында қысқамерзімді несие беру көлемі 5 858,7 млрд, ұзақмерзімді кредит беру көлемі 4 869,7 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Несиенің 34,7%-ы саудаға, (3 717,4 млрд теңге) 15,0%-ы өнеркәсіпке (1 604,3 млрд теңге), 4,2%-ы құрылысқа (448,5 млрд теңге), 3,1%-ы көлік саласына (334,5 млрд теңге), 0,9%-ы ауыл шаруашылығына (93,8 млрд теңге)  берілген.

Жыл басынан санағанда инфляция 4,6%-ды құраған. Азық-түлік тауарларының бағасы 3,8%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 5,9%-ға және ақылы қызметтердің бағасы 4,2%-ға өскен.

2018 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, жеке тұлғалардың депозиттері 2,5%-ға, 8 323,5 млрд теңгеге көбейген, ал заңды тұлғалардың депозиттері 0,8%-ға, 9 317,9 млрд теңге азайған. Айналыстағы қолма-қол ақша (банк жүйесінен тыс ақша) көлемі жыл басынан есептегенде 8,0%-ға ұлғайып, 2 102,9 млрд теңгеге жеткен. Ал ақша массасы (айналыстағы қолма-қол ақшаның және банктік емес резидент заңды тұлғалардың және халықтың ұлттық және шетел валютасындағы аударылатын сондай-ақ басқа да депозиттердің сомасы) 2018 жылдың басынан бастап 1,5%-ға, 19 744,3 млрд теңгеге дейін өскен.

Жария етілгендей, 11 айдың  қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі трансферттерді есепке алмағанда жоспардан 102,6%-ға асыра орындалды. Бюджетке 7 трлн 385 млрд теңге қаржы түсті. Бұл  2017 жылмен салыстырғанда 232 млрд теңгеге көп.

Республикалық бюджет кірісінің жоспары 102,1%-ға, жергілікті бюджет 104%-ға  орындалған. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің шығысы 8 трлн 651 млрд теңге болған. Игерілмеген сома 107 млрд теңгені құраған. Көрсетілген соманың 25 млрд теңгесі бюджетті түзету арқылы бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінеді.

Жыл қорытындысында республикалық бюджет шығысының игерілуі 99,6% деңгейінде болады деп болжанған. Шамамен 42 млрд теңге кәдеге жаратылмайды.  Мұның 40 млрд теңгесі үкіметтің бөлінбеген резерві, 2 млрд теңге  игерілмеген қаржы саналады.

Есепті кезеңде жергілікті бюджетке 698 млрд теңге нысаналы трансферт бөлінді. Оның 95,6%-ы тиісті жеріне жұмсалды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу