RU KZ
TV
RU KZ
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33 KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Ауа райы:
-1Астана
-2.23Алматы
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38
Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33
KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Жылды 4 пайыздық өсіммен түйіндемек

Жылды 4 пайыздық өсіммен түйіндемек

Ел үкіметі 2018 жылдағы соңғы отырысын өткізді.

Жылды 4 пайыздық өсіммен түйіндемек, еңбек өнімділігі , Үкімет отырысы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы

1016 29 Желтоқсан 2018 14:26 Автор: Фархат Әміренов

Бақытжан Сағынтаев басқаратын ел үкіметі 2018 жылдағы соңғы отырысын өткізді. Жиында еңбек өнімділігі мәселесі талқыланды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндауынша, көлік саласындағы еңбек өнімділігі 3,1 пайызға, құрылыстағы көрсеткіш 9,3 пайызға, өнеркәсіптің үлесі 4,3 пайызға өскен.

«Өнеркәсіп салалары бойынша тау-кен өнеркәсібінде және сумен жабдықтауда өсім байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің индексі 98,2 пайызды құрады. Өнімділік машина жасауда 11,5 пайызға, химия өнеркәсібінде 9,2 пайызға және жеңіл өнеркәсіпте 1,6 пайызға ұлғайды», – деп толықтырды Жеңіс Қасымбек.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 45,1 мың адамға артқан. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайызға артық.

Министр еңбек өнімділігін одан әрі де арттыру қажет деп есептейді. Ол үшін бірқатар жұмысты қолға алу керек.

«Өңірлердегі жұмысты күшейту қажет. Қаржылық қолдау құралдарын дамыта отырып, кәсіпорындарды жаңғыртуды инвестициялауға ынталандыру керек. Көлемді және ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Озық технологиялар мен жабдықтарды пайдалану тұрғысынан мемлекеттік қолдау алатын жобаларға қойылатын талаптарды күшейтуге тиіспіз. Бұдан бөлек, өнеркәсіпті цифрландыруды жалғастыру қажет», – дейді Жеңіс Қасымбек.

Еңбек өнімділігі мәселелері индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында да ескерілмек. Сондай-ақ Индустрияландырудың үшінші бағдарламасының негізгі индикаторларының бірі болмақ.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің баяндауынша, 11 айда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 1,7 пайызға артып, 1,4 трлн теңгеге жеткен.

Қаңтар-қараша айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ұн өндірісі 2,7 пайызға, дәнді дақылдар 17,8 пайызға, шұжық өнімдері 0,6 пайызға артқан.

«Қаңтар-маусым айларында еңбек өнімділігі 13,3 мың доллар/адамды құрады. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 707,1 млн долларға тең болды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен», – деді Арман Евниев.

Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, бірінші жартыжылдықта мұнай өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі 89,6 мың доллар/адамды құраған. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 114,2%-ға тең.

Еңбек өнімділігі отандық мұнай өңдеу зауыттарының негізгі мұнай өнімдерін өндіруі есебінен ұлғайған.

«2018 жылдың 6 айында 1713,6 мың тонна бензин, 119,1 мың теңге авиакеросин, 2093 мың тонна дизель отыны және 375 мың тонна битум өндірілді», – дейді энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов.

Бірінші жартыжылдықтағы мұнай-газ химия саласындағы еңбек өнімділігі 8,2 мың доллар/адамға тең болған. Өткен жылмен салыстырғанда нақты өсім 109,7 пайызды құрады.

Еңбек өнімділігінің артуы полипропилен және метил-третбутил эфирінің өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

«Жалпы мұнай-газ химия саласында 6 айда 7,6 мың тонна бензол, 16,6 мың тонна полипропилен, 12,4 мың тонна метил-третбутилді эфир өндірілді. Осы жылдың қараша айында параксилол өндірісі басталды. Еңбек өнімділігі тұрақты ұлғаюда», – дейді вице-министр.

Бақытжан Сағынтаев аталған мәселе бойынша тиісті тапсырмалар бере отырып, әріптестерін жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Бұл жылды табысты аяқтап, елбасы жүктеген барлық міндетті абыроймен орындау үшін бар күш-жігерімізді салдық деп есептеймін. Елбасы өзінің БАҚ-қа берген сұхбатында жылды 4 пайыздық өсіммен аяқтау мүмкіндігіміз барын айтты. 11 айдың қорытындысы бойынша 4,1 пайыздық қорытындымен аяқтадық. Көптеген жұмыс атқарылды. Сондықтан үкімет мүшелеріне, әкімдерге, холдингтер мен компания басшыларына, қоғамдық ұйым басшыларына, біздің жұмысымызды жеткізуде белсенді жұмыс атқарған бұқаралық ақпарат құралдарына алғысымды білдіремін», – деп қорытындылады соңғы жиынды премьер-министр.

Фархат Әміренов

Тегтер:

Аbctv.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу:

OK