Жылжымайтын мүлік операциялары еңбек нарығын кері тартып тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4832

Құрылыста жалақы өсіп, денсаулық сақтау саласында азайды.

Жылжымайтын мүлік операциялары еңбек нарығын кері тартып тұр

2018 жылдың екінші тоқсанында нақты жалақы көлемінің өсімі 2,2%-ды құрады. Жылдың екінші тоқсанында инфляцияның баяулауы жалақының номиналды мәнінің 8,5%-ға артуына түрткі болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

Еңбек өнімділігі мен жалақының байланысы
Басқару және қосымша қызмет көрсету саласындағы жалақы көлемі 15,7%, құрылыста 8,4%, кен өндіру және өңдеуші өнеркәсіпте 6,5% және 4,6%-ға ұлғайған.  Ал денсаулық сақтау саласы мамандарының жалақысы керісінше 4,5%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларындағы еңбекақы 5,2%-ға төмендеп кеткен.

2018 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еңбек өнімділігінің өсім қарқыны бәсеңдеп, 3,7%-ды құрады. Бүкіл экономика бойынша еңбек өнімділігінің оң серпіні өндірістегі өнімділіктің 7%-ға артуы есебінен көбейіп отыр. Өз кезегінде өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің артуына тау-кен өндірісіндегі өнімділіктің 9,9% өсуі алғышарт болды. Ал өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 1,2%-ға қысқарса, ауыл шаруашылығы мен құрылыста еңбек өнімділігі тиісінше 4,2% және 12,2%-ға өскен.

2017 жылғы төртінші тоқсанда қызмет көрсету секторындағы еңбек өнімділігі 2014 жылдың соңынан бастап сақталған біршама құлдыраудан кейін қайта өсе бастады. 2018 жылғы бірінші тоқсанда да аталған оң серпін жалғасын тауып, өсім 2,3%-ды құрады. Қызмет көрсету секторындағы еңбек өнімділігінің өсуі қаржы және сақтандыру қызметіндегі 21,1%, көлік саласындағы 5,8%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегі 5,6%, тұру және тамақтану қызметтеріндегі 3,2%, байланыс қызметіндегі 2,8%-дық ұлғаюдан туындап отыр.

Есесіне жылжымайтын мүлік операцияларындағы өнімділік 29,5%, ғылыми және техникалық қызметте 11,9% төмендеп кеткен.

Өзін өзі жұмыспен қамтушылар азайып, жалдамалы жұмыскерлер көбейген
Жұмыс күшіне шығындардың үлес салмағының серпіні 2015 жылғы төртінші тоқсаннан бастап алғаш рет өсім көрсетіп отыр. 2018 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, жұмыс күшіне шығындардың үлес салмағының өсуі 0,35%-ды құрады. Оған номиналды жалақының өсу қарқынының күш алуы себеп болған.

"2018 жылғы екінші тоқсанда жұмыссыздық 4,9% деңгейінде өзгеріссіз қалса, жұмыс күші 1,1%-ға ұлғайды. Бұл бірінші кезекте жұмыспен қамтылған халықтың өсуінен", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Жұмыспен қамтылған халықтың өсуі жалдамалы жұмысшылардың ұлғаюына байланысты болып отыр. Бұл ретте өз бетінше жұмыспен қамтылған халық төртінші тоқсан қатарынан төмендеп келе жатқанын (2,8%) еске сала кеткен жөн.

Жалпы, екінші тоқсанда жалдамалы жұмысшылардың саны 1,4% өсті. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте (2,7%), білім беруде (2,6%), өңдеу өнеркәсібінде (2,6%), саудада (2,5%), көлікте (1,7%), байланыста (1,6%) ұлғаю байқалды.

Ал жылжымайтын мүлік операцияларында (9,3%), тау кен өндіру өнеркәсібінде (0,6%), электрмен жабдықтау (0,3%) керісінше қысқарған.

Ауылшаруашылығы (0,5%-ға) мен құрылыста (8,9%-ға) аталған салаларда еңбек өнімділігінің өсуі аясында жалдамалы жұмысшылардың төмендеу үрдісі сақталды.

Қорыта айтар болсақ, басқару және қызмет көрсету салалары, құрылыс пен кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі жалақыны көтеріп жатса, денсаулық сақтау мен жылжымайтын мүлік операцияларында еңбекақы көлемі азайып кеткен.

Еңбек өнімділігіне келер болсақ, тау-кен өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 9,9 пайызға ұлғаюы бүкіл өнеркәсіп саласындағы өнімділіктің 7%-ға көбеюіне, бұл өз кезегінде Қазақстандағы еңбек өнімділігінің 3,7%-ға жетуіне ықпал етті. Осылайша елдегі еңбек өнімділігі бұрынғы қарқынын бәсеңдетіп алды. Оған ең алдымен "кінәлі" сала жылжымайтын мүлік операциялары екен. Мұндағы еңбек өнімділігі 29,5%-ға бір-ақ төмендеп кеткен екен. Яғни жылжымайтын мүлік операцияларындағы компаниялар еңбек өнімділігін күрт төмендетіп, тиісінше қызметкерлернің жалақысын да азайтып жіберген екен.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу