banner

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында үш шахтер қайтыс болды

3075

Апат орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. 

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында үш шахтер қайтыс болды

Қарағанды облысындағы "Арселор Миттал Теміртау" акционерлік қоғамына қарасты "Қазақстан" шахтасында апатты жағдай орын алды. 31 тамыз күні таңғы сағат төрт  шамасында кенеттен газ тараған. Бұл туралы ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді.

Шахта жұмыскерлері сағат 5.35-те үш адамның өлі денесін тапқан. Алдын ала алынған мәлімет бойынша, төтенше жағдай болған кезде шахтада 136 адам болған, оның төртеуі апатты участкіде қалған.

Сағат 7.00-де қайтыс болған адамдардың денесі жоғарыға көтеріліп, 7.05-те апатты-құтқару жұмысын жүргізетін үш адамнан басқа шахтадағы барлық адам жоғарыға шығарылған.

Апат болған жерде Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі индустриалдық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің "кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі" РМК Қарағанды мен Шахтинскідегі 7 бөлімшесінің 60 адамы мен 9 техникасы жұмыс істеп жатыр. 

Оқыс шығарынды – бұл қатты пайдалы қазбалардың (көмір, тұз) немесе кенжардағы  жерасты тау-кен  жыныстарының араласқан газдарының өздігінен шығарылуы. Оқыс шығарындының ұзақтығы бірнеше секунд қана. Ол көбінесе 400 метрден астам тереңдікте болады.

Аbctv.kz -ке  "АрселорМиттал Теміртаудан" хабар берген дереккөздің айтуынша, тап қазіргі уақытта "Қазақстан" шахтасында желдету жүйесінде эксперимент жасалып жатыр. Алайда апат болған кенжарда ешқандай эксперимент жүргізілмеген. Технологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ол жердегі жұмыстың бәрі дұрыс жүргізілді деп ойлаймын. Апаттың шығу себебі туралы бірдеңе айту ерте, бұл табиғат апаты болуы мүмкін. Ал олай болса, біз ештеңе істей алмайтынымыз анық".

Қаза тапқандар жайлы мәлімет:

1. Ахметжанов Рустам Ренатұлы, 23.03.1983 ж., үйленген, 3 баласы бар.

2. Руденко Валерий Валентинович, 18.05.1980 ж., үйленген, 2 баласы бар.

3. Шебанов Максим Сергеевич, 24.05.1986 ж., үйленген, 1 баласы бар.

Соңғы екі жылда "АрселорМиттал Теміртауда" өндірістік жағдайда қаза тапқандардың саны көбейіп отыр. 2016 жылдың 10 қарашасында   "Саранская" шахтасында болған өндірістік апаттан төрт шахтер қайтыс болған еді.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу