"Астана Арландары" Үндістан "жолбарыстарын" жайратып салды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3188

WSB жобасында бақ сынайтын Қазақстан боксшылары түзде "Indian Tigers" клубын тізе бүктірді.

"Астана Арландары" Үндістан "жолбарыстарын" жайратып салды

"Астана Арландары" Үндістанның Рохтак қаласында "Indian Tigers" клубымен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Шаршы алаңға әуелі 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шықты. Теміртас Жүсіпов аса тартысты өткен жекпе-жекте Шиам Кумар Какарадан басым түсті. Тәжірибесінің мол екендігін дәлелдей білді. Есеп – 2:1 (50:45, 48:47, 47:48). 
Бұдан кейін 56 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар айқасып, Нұрсұлтан Көшғұлов төрешілердің бірауызды шешімімен Эташ Хан Мухаммедке есе жіберіп алды. Жекпе-жектің басында маңдайы жарылып қалып, соның да кесірі тигендей. Есеп – 0:3 (46:49, 47:48, 46:49). 
64 келі салмақ дәрежесіндегі Ділмұрат Мижитов жалпы есепте қайтадан "Астана Арландары" клубын алға шығарды. Соққылары нық боксшымыз Дхеераджды 2:1 (50:45, 47:48, 49:46) есебімен жеңді.  
Рохтак рингіне 75 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шыққанда, жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Соққысы қуатты Әбілхан Аманқұл жерге қаратқан жоқ, Ашиш Кумарды күмәнсіз жеңді. Есеп – 3:0 (49:45, 50:45, 49:46). 
Шаршы алаңға ең соңынан шыққан 91 келідегі боксшылар арасындағы жекпе-же те қызықты болды. Өкінішке қарай, Әбілқайыр Тұрланбек жергілікті көрермендер қызу қолдаған Санджет Санджетке есе жіберіп алды. Есеп – 1:2 (49:46, 45:50, 45:50). 
Естеріңізге сала кетейік, бұл – "Астана Арландары" мен "Үндістан Жолбарыстары" арасындағы екінші кездесу. Біріншісі 10 ақпан күні Қарағандыда өтіп, онда Нұрлан Ақүрпековтің шәкірттері 4:1 есебімен басым түскен болатын. Енді күрзі жұдырықты "арландарымыз" 6 сәуір күні Қытайда "China Dragons" клубымен жұдырық түйістіреді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу