banner

"Астана-энергия": энергия қуаттылығы нарығын іске қосу электр энергиясы бағасын төмендетуі мүмкін

3783

Заңнамадағы жаңашылдыққа байланысты энергетика министрлігі қараша-желтоқсан айларында жергілікті тарифтерді қайта қарайды.

"Астана-энергия": энергия қуаттылығы нарығын іске қосу электр энергиясы бағасын төмендетуі мүмкін

2-ЖЭО-да өндірілетін электр энергиясының құны біршама төмендеуі мүмкін. Бұл туралы abctv.kz-ке  монополияға қарсы комитеттің қалалық департаменті ұйымдастырған баспасөз туры кезінде "Астана-Энергия" АҚ-ның басқарма төрағасының даму жөніндегі орынбасары Олег Уткин мәлім етті.

Аbctv.kz-тың елімізде қуаттылық нарығын іске қосуға байланысты елордада электр энергиясы немесе жылуға арналған тарифтер төмендейді ме деген сауалына жауап берген Олег Уткин: "Бәлкім, біраз төмендеу болатын шығар деп отырмыз, бірақ аса айтарлықтай емес. Егер қуаттылық нарығы іске қосылатын болса, жылу емес, электр энергиясының бағасы төмендеуі мүмкін", – деді.

Еске сала кетер болсақ, 2019 жылдың басынан бастап елде электр қуаттылығы нарығы іске қосылады. 1-ЖЭО-ға қарағанда электр энергиясын өндіре алатын "Астана-Энергия" АҚ-ның 2-ЖЭО-сы қуаттылық нарығының энергия өндіруші ұйымдарымен жылдық келісімшарт жасайтын қысқамерзімді нарыққа тартылатын болады. Аbctv.kz. бұған дейін жылу электр станциялары қарашада өтетін орталықтандырылған сауда аукционына қатыспайды деп жазған болатын.

Олег Уткинның айтуынша, қуаттылық нарығы "Астана-Энергия" компаниясының инвестициялық бағдарламаларына әсер етуі мүмкін. Оған қатысты нормативтік база әлі дайын емес және энергия нарығына қатысушылар қолданыстағы заңнаманы әртүрлі түсініп отырғандықтан, елорданың жылу-электр кешенінің топ-менеджері онда қандай өзгерістер болатынын дөп басып айта алмады.

Егер ойлап қарайтын болсақ, қуаттылық нарығынан елордалық ЖЭО-ларды жаңғыртуға салынған құралдар жұмылдырылатын болса, тарифтер өзгеруге тиіс, әрі ол халық пен бизнес үшін жағымды болса керек.

"Астанаэнергосбыт"-тың бөлшектік бағаны төмендету жөнінде 5 қазан күні өткізген жария тыңдалымы туралы сұраққа түсініктеме берген, құрамына "Астана-Энергия" компаниясы кіретін елордалық "Астанаэнергосервис" холдингінің баспасөз қызметінің өкілі Дүрия Әлиғазина: "Тап қазір энергетика министрлігі қуаттылық нарығын іске қосуға байланысты тарифтерді қайта қарап жатыр. Бекітілген шектік тариф әзірге жоқ. Жаңа тарифті бекіту қарашаның соңы мен желтоқсанның басына жоспарланып отыр", – деді abctv.kz-ке.

"Астана-Энергия"-ның 2-ЖЭО-сы қуаттылық нарығына арналған аттестацияны сәуір айында KEGOC компаниясында өтіп, жылу беру технологиясы бойынша ең аз 436 МВт және ең көп 484 МВтты алған болатын.

"Суық ауа райында қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін біз кейде электр энергиясы қуаттылығын төмендетеміз. Себебі жылумен қамтамасыз ету басты назарда болады. Түсінікті тілде айтатын болсақ, екеуіне бірдей бу жетпей қалады. Сондықтан сәуір айында осыған байланысты аттестацияға өтініш бердік. Осыдан кейін аттестация күні болып, олар өздерінің шартты бұйрықтарын берді, бірақ біз оны қуаттылықты арттыру бойынша орындадық, ал қуаттылықты төмендету бойынша жағдайға байланысты емес, факті бойынша орындадық. Содан кейін олар бізге аттестацияның санаттық парағын табыстады", – деп түсіндірді Олег Уткин.  

Үнемдеу үшін өтемақы
"Биылғы жылы бізге өтемақылық тариф енгізілді, оған жағуға тиіс мазутты түгелдей қолданбау себеп болды. Жылды жоспарлаған кезде соңғы бес жылдағы орташа қысты есепке аламыз. Былтырғы жылы екі мың тоннадан артық мазут жағылған жоқ. Бұл бес пайыздық шектен асқандықтан, бізге өтемақылық тариф енгізілді. Әрине, мұны дұрыс деп есептемейміз, біз үнемдедік, шын мәнісінде, өтемақылық тариф енгізбей-ақ, мұны келесі тарифте ақшамен ескеруге болатын еді. Бірақ, естеріңізде шығар, қыс өте суық болды, тіпті 20 күн қатарынан суық тұрып, барлық жабдығымыз тоқтаусыз жұмыс істеді. Соған қарамастан, биылғы қыста небәрі 1,8 мың тонна ғана мазут жақтық. Мұның барлығы жаңа жабдықтар қойылып, қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанының нәтижесі. Яғни 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО арасында байланыс бар, тұтынушыға қажет жылуды екеуінің арасынан бөле аламыз", – деді abctv.kz-тың инвестбағдараламаны орындамауға байланысты энергетикалық компанияға табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті департаменті тарапынан неге өтемақылық тариф енгізілгенін түсіндірген "Астана-Энергия" компаниясының өкілі.

Олег Уткиннің ақпарына сүйенер болсақ, қазіргі төмендетілген тарифтермен салыстырғанда, жеті жыл бұрын елорданың энергетика кешені жылу беру маусымы кезінде 22 мың тонна мазут жаққан.

Аbctv.kz-ке "Астанаэнергосервис" бас компаниясының басшылығы айтқан былтырғы жылы 1-ЖЭО-да Богатырь көмірінің 20 мың тоннасының қолды болуына қатысты топ-менеджер ұрлықтың болғанын жоққа шығарды.

""КамАЗ" – 20 тонна деп есептейік. Ал 20 мың тоннаны шығару үшін қанша "КамАЗ" жүру керек. Әрине, "жоғалды" деу дұрыс емес. Оның үстіне қазір барлық кіріп-шығатын жердің бәріне бақылау камералары қойылған. Кәсіпорнымыз стратегиялық нысан, бізді мемлекеттік қызмет мекемесінің күзет қызметі басқармасы күзетеді, яғни полиция бұған жол бермейтіні анық. Көмірдің калориялығы деген болады, ол кейде көп, кейда аз болуы мүмкін, соынмен қатар көмірдің күлі, ылғалдық бар. Бұл параметрлердің барлығы біздің сараптамада бар. Осының барлығы жоғалды деуге себеп болып отыр. Бірақ 20 мың тонна дегенді тіпті "Астанаэнергосервис"-тен естіген емеспін, аз сан жайлы сөз болды, бірақ бұл қалай болғанда да ұрлық емес", – деді Олег Уткин.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша есепке сәйкес, 2017 жылы "Астана-Энергия" компаниясы сатып алынатын "Богатырь Көмір" көмірінің энергетикалық мүмкіндігін бағалау үшін 1-ЖЭО-ға 17,5 млн теңге тұратын жаңа оперативті калориметрді арнайы сатып алған. Бұл көмір мәлімделген сапаға сай болмаған жағдайда жеткізушіге қойылатын талапты дәлелдеу үшін қажет деп есептейді Олег Уткин.

Жаңғыртудың шығындары
2-ЖЭО-да алты су жылытатын және жеті энергетикалық қазандық бар. Энергетикалық қазандықтың екеуінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу аяқталып қалды, ал біреуі резервте тұр. 1-ЖЭО-да үш энергетикалық және жеті су жылытатын қазандық жұмыс істейді. Оның үшеуі қатты аяз болғанда мазутты қолданады. Сонымен қатар "Астана-Энергия" компаниясында қаланың жеті ауданында қазандығы бар, оларда жекелеген шағын аудандарға бағытталған 36 жылу қазандығы орнатылған. Олардың шығыны ЖЭО-дағыдан көп.

"Астана-Энергия" жылу тарифтерінің есебінен былтырғы жылы 208 млн теңгеге 2-ЖЭО-ның төртінші қазандық агрегатының беткі жылытуын жаңғыртқанын топ-менеджер жұртшылық алдында есеп бергенде айтты. Сондай-ақ осы жылу электр орталығы үшін 169,5 млн теңгеге үш желілік сорғы сатып алынып, оның екеуі соңғы екі жылда орнатылған, ал тағы біреуі 2018 жылдың соңына дейін іске қосылады. Желілік сорғыларды көптеп қолдануға деген сұраныс тұтынушылар санының артуынан туындап отыр.

Сонымен қатар 2-ЖЭО-ның төртінші қазандығындағы эмульгаторларды қайта қалыпқа келтіру үшін 112 млн теңге жұмсалған. Бұған қоса, қаланың екінші жылу электр станциясындағы жетек станцияның таспалық конвейерін сатып алу мен монтаждауға шамамен 50 млн теңге қаражат кеткен. Спикер 2-ЖЭО-да мұндай сегіз конвейер бар екенін, инвестбағдарлама барлық ескі жетек станцияларды алты-жеті жыл ішінде ауыстыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Баспасөз туры барысында Олег Уткин былтырғы жылғы инвестбағдарлама шаралары бойынша 2-ЖЭО-ның ескі күл қалдығының екі секциясын және 1-ЖЭО-ның үш күл қалдығы секциясының топырақ құнарлығын қалыпқа келтіру бойынша жұмыс жүргізілгеніне тоқталды.

"Бүгінгі күні бұл жұмыстардың барлығы аяқталған. Сәуір айында сот арқылы бұл учаскелерді әкімдікке өткіздік, қазір бұл учаскелер мемлекеттің меншігінде. Оларға енді біздің қатысымыз жоқ. Топырақ құнарлығын қалыпқа келтірдік, топырақпен жауып, шөп ектік, көшеттер отырғыздық. Олар әсіресе, күл көп жерде жақсы өсіп тұр. Шөптің өзі қаулап өсіп, тізеге дейін жеткен, сондықтан ол жақтан шаң көтерілмейтіні анық", – деді ол.

"Астана-Энергия"2017 жылы инвестбағдарлама бойынша топырақтың құнарлығын қалыпқа келтіруге 190 млн теңгеден артық ақша жұмсағаны баспасөз турының материалында көрсетілген. 2-ЖЭО-ға жұмсалған жылдық инвестиция көлемі 1 млрд теңге, 1-ЖЭО-да 298 млн теңге болған. Қаланың бірінші жылу электр станциясында былтырғы жылы жұмсалған ең ірі шығын бабы 53,7 млн теңге болғаны, ол беткі жылытуды ауыстыруға жұмсалғаны таратылған материалда айтылған.

"Биыл бастаған шарамыз – 1-ЖЭО-ны шаң басудан тазарту екі жылдық шара. Біз конвейерден қоймаға құбыр арқылы қарапайым түрде ағызатынбыз, қазір осыларды ауыстырып жатырмыз. Біріншіден, олар тозаңдануы азайтылған телескоптық құбырлар. Қыстың күні 1-ЖЭО жанындағы қар қап-қара деп газеттер жазғаны бәрінің есінде шығар. Енді жазуды тоқтататын шығар деп ойлаймын, өйткені биыл екі құбырды айырбастадық, келесі жылы екеуін айырбастаймыз", – деді жылу-энергетикалық кәсіпорынның топ-менеджері.

Уткин "Астана-Энергия" компаниясының инвестбағдарламасы 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін бекітілгенін еске салып кетті. Жыл сайын бағдарламаны іске асыруға 960-970 млн теңге шамасында қаражат жұмсалады. Бекітілген шаралар қазан айының басында ТМРжБҚкомитетінің департаментінде түзетіледі деп болжанып отыр. Оған үнемдеу мен әртүрлі шығын баптары бойынша инвестициялық мерзімдерді ауыстыру себеп. Осыған қарамастан, инвестициялық көлем деңгейі бұрынғыша бес жылға 4,8 млрд теңге болып қала бермек, ешқандай азайту болмайды.

1-ЖЭО-ның инвестбағдарламасына 2018 жылы 238 млн теңге, ал 2-ЖЭО-ға 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірінші жылу электр станциясының шығыстарының ішінде ваккумдық деэраторды ағынды аппаратқа ауыстырумен қайта қалыпқа келтіру, бейне бақылауды жаңғыртуға арналған жабдықтарды сатып алу және химиялық зертхананын жаңарту шығыны бар. 2-ЖЭО-да биыл тораптарды бейтараптандыру жабдығының қолмен жұмыс істейтін ілмекті арматурасын дискілі бекітпелерге айырбастауға 28 млн теңге және жоғары, орташа қысымды арматураны сатып алуға 22,8 млн теңге жұмсау жоспарланып отырғаны баспасөз туры материалында көрсетілген.

Оның айтуынша, биылғы қыста жаңа 3-ЖЭО-ның бірінші кезегі іске қосылмайды. Қажетті мемлекеттік қаражат бөлінетін болса, оны келесі жылдың жылу беру маусымында пайдалануға берілуі мүмкін. Газдандыру жайын сөз еткенде Олег Уткин ЖЭО-ның жартысы көмірден газға көшкен кезде жылу өндірудің өзіндікқұны жеті-сегіз есе өсіп кетуі мүмкін екенін айтты.

Қаланың екі ЖЭО-сы мен жеті аудандық қазандықты біріктіретін "Астана-Энергия" компаниясында 1483 адам жұмыс істейді. Жылу энергетикалық орталығындағы орташа жалақы 230 мың теңге.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу