"Астана" "Сутьесканы" сүріндірді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2115

"Астана" Чемпиондар лигасының бірінші сатысындағы қарымта ойынын өткізіп, түзде Црна Гораның "Сутьеска" клубын  тізе бүктірді.

"Астана" "Сутьесканы" сүріндірді

UEFA Чемпиондар лигасының бірінші сатысындағы іріктеу ойындары түгелдей аяқталды. Қазақстан чемпионы қарымта кездесуін Црна Гораның Никшич қаласында өткізіп, жергілікті "Сутьеска" клубын 2:0 есебімен тізерлетті. Деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеп, түзде ойнаса да, басымдық танытты.

Өткен аптаның басында, Астанада өткен бірінші ойында, Қазақ елі чемпионы 1:0 есебімен ғана жеңіске жеткен болатын. Оның өзінде, жалқы голды пенальтиден салған-ды. Сондықтан, "Сутьеска" өз алаңында "жеңісті қолдан бермес" деп топшылағандар мен жорамалдағандар көп болды. Алайда іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты.

Қарсыласының "қалпақпен ұрып алатын" команда емес екендігін түсінген "Астана" алғашқы минуттан бастап, өте сақ және ұқыпты ойнауға тырысты. Алаң иелерінің көсіле сілтеулеріне мүмкіндік бермей, бірден алға қарай лап қойды. Допты көбінесе өздерінде ұстап, алаң иелерін арлы-берлі салпақтатты...

"Сутьеска" матчтың басында бір ғана қауіпті шабуыл ұйымдастыра алды. Марко Вучичтің баспен ұрған добын Ненад Эрич ышқына секіріп, қолымен басып қалды. Бұдан кейін алаң иелері қонақтарының қақпасына, ауыз толтырып айтарлықтай, қатер төндіре алмады. Негізінен, допты қақпа алдынан әрірек теуіп жіберуге тырысты. Жабыла қорғанумен болды.

Ал "Астана" қарқынын үдете түсті. Црна Гора чемпионын тықсырып, қыспаққа ала түсті. Әр таймда бір голдан соғып, жеңіске жетті. Негізі, тағы да екі доп салған. Бірақ екеуін де ойыннан тыс қалған футболшылар салып, оларды төрешілер есепке алмады. Сөз жоқ, шынымен де сол екі сәтте де офсайд болған еді.

Бұл ойында екі голды Серікжан Мұжықов пен Джордже Деспотович жұбы соқты. Бірінші таймда серб шабуылшысы Серікжанның аяғына салып берген добын шыр айнала теуіп, есеп ашты. Ал матчтың екінші жартысында Деспотовичтің басымен ұрған добын қақпашы тойтарғанымен, Мұжықов шірене теуіп, қақпа торында тулатты.

Алаң иелері қанша тырысып, шабуыл ұйымдастыруға талпынғандарымен, "Астананың" қорғанысын бұзып өте алмай, дал болды. Қазақстан чемпионы өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, деңгейлерінің жоғары екендігін паш етті. Тоқсан минут бойы тізгін тартпай, үстемдік танытты. Екі доп айырмасымен жеңіп жатса да, босаңсыған жоқ. Бапкерлерінің айтқандарын бұлжытпай орындап, "Сутьеска" футболшыларына ешқандай да мүмкіндік берген жоқ.

Сонымен, "Астана" Чемпиондар лигасының бірінші сатысынан сүрінбей өтті. "Сутьеска" клубын өз алаңында 1:0, ал түзде 2:0 есебімен жеңді. Жалпы есеп – 3:0. Енді, яғни аталмыш Еурокубок додасының екінші іріктеу сатысында, Дания чемпионы "Мидтьюлланд" клубымен кездеседі. Бірінші ойын 24 шілде күні Астанада, ал қарымта матч содан бір аптадан кейін Хернингте өтеді.

"Сутьеска" (Црна Гора) – "Астана" (Қазақстан) – 0:2

Голдар: Деспотович, 38. Мұжықов, 65.

Ескертулер: Недич, 52. Мердович, 55.

"Сутьеска": Гильен, Булатович, Недич, Цицмил, Мил.Вучич, Стефанович (Бубанья, 61), Лончар, Мердович, Мар.Вучич (Денкович, 54), Цеткович, Кордич (Грбович 71).

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер (Алмейда, 81), Маевский, Муртазаев (Зайнутдинов, 75), Томасов, Мұжықов, Деспотович (Щеткин, 79).

Төрешілер: Жоау Пиньейру, Руй Тавареш, Бруну Родригеш (бәрі де – Португалия).

Никшич. Градски стадионы.

Бірінші ойын – 0:1.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 11 – 20

Тура соққы: 2 – 8

Қиыс кеткені: 6 – 8

Тойтарылғаны: 3 – 4

Бұрыштама соққылар: 2 – 5

Офсайдтар: 2 – 2

Ескерту (сары қағаз): 2 – 0

Ереже бұзу: 10 – 9

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу