"Атакент" абаттандырылады

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2264

Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының аянышты халі шаһар басшысын бей-жай қалдырмады. 

"Атакент" абаттандырылады

Алматыдағы "Атакент" Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының 23 гектар аумағын уақытша жалға алу туралы келісім күшін жойды. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек "Атакент" аумағын қаланың коммуналдық меншігіне қайтаруды бұйырды. Бұған басқарушы компанияның "Атакент" аймағын дамытуға қатысты міндеттемесін орындамауы себеп болды.

Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығы 54,1 гектар жерді алып жатыр. Оның 31 гектары жекеменшікте, ал 17 гектарында сауда орындары мен мейманханалар сондай-ақ спорт кешендері орналасқан. Бүгінгі таңда игерілмеген жерге шектеу қойылған. Дегенмен мақсатты түрде салынған көрме павильондары мен басқа нысандар сүрілмейді.

"Кезінде "Атакент" айналасы жасыл желекке оранып, мұнда адамдар отбасымен серуендеуге келетін. Бұрын каскадты субұрқақ бар еді, ал қазір оның бәрін асфальттап, көлік тұрағы мен базарға айналдырып жіберді. Басқарушы компания осы аумақты  дамыту туралы уәде берді, алайда соңғы жылдары ешқандай жұмыс атқарған жоқ", – деді Бауыржан Байбек.  

"Атакенттің" шынымен құты қашып, берекесі кеткен екен. Бұрын адамдар демалатын жер бүгінде қоқыс алаңына айналғандай. Опырылған жол, шіріген ағаш, тұрмыстық қалдық "Атакентті"  аянышты күйге түсірген.

Бауыржан Байбектің сөзінше, іскерлік ынтымақтастық орталығының кіреберісіндегі автотұрақ жойылады, "Атакенттің" айналасы абаттандырылып, жасыл желекке оранады және тозығы жеткен орындықтар мен қоқыс жәшіктері ауыстырылады.

"Атакент" Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының президенті, Белгияның Қазақстандағы құрметті консулы Денис Ван ден Вейхтің айтуынша, "Атакент" аумағының 23 гектар, іс жүзінде 21 гектар жері жалға алынған.

"Біз жалға алу құжаты негізінде 1992 жылғы министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес нақты міндеттемелерді орындауға тиіспіз. Жалға алынған жердегі нысандардың барлығы біздің меншік болып табылады. Жалға алынған жердің басым бөлігі – парк. Бізге ешқашан парктің 30 гектар жерін абаттандыру міндеті жүктелген емес. Алайда біз бұл жұмысты өз еркімізбен, өз ықыласымызбен атқардық. Жыл сайын парк аумағын абаттандыруға көп қаржы құйылады. Мәңгі жасыл болып тұратын бір ағаш отырғызу үшін 80-100 мың теңге қажет. Бұл жерде 30 адам талмай, тынбай еңбек етеді", – деді Денис Ван ден Вейх.

Әкімдіктің "игерілмеген жерге шектеу қойдық" деген мәлімдемесіне қарамастан, басқарушы компания жалға алынған аумаққа аллея мен балалар алаңын салып жатыр. Бұл туралы Денис Ван ден Вейх әкімдіктегілер  қабылдаған шешімдеріне қатысты ешқандай құжат көрсетпегенін және ешкім нақты талап қоймағанын алға тартты.  

"Соңғы кезде қоғамда басқарушы компания қол қусырып қарап отыр деген сөз жиі айтылып жүр. Шын мәнісінде, жыл басынан бері 250 млн теңге жұмсадық. Барлығы жеке адамдардың ақшасы, мемлекеттен бір тиын сұраған жоқпыз. Қала басшылығы "Атакент" абаттандыруға бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлуді талап етсе, біз талапты екі етпей орындаймыз. Ескертуден, сыннан қорытынды шығаруға әзірміз, біз диалогқа дайынбыз", – деді "Атакент" Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының президенті.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу