"Азия Авто" жаңа модельдердің есебінен табысқа кенелді

Артур Мискарян Артур Мискарян
7107

Автоөндіруші бірінші жартыжылдықтағы жұмысының қаржылық қорытындысын жариялады.

"Азия Авто" жаңа модельдердің есебінен табысқа кенелді

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша "Азия Автоның" таза табысы 4,68 млрд теңгеге жетті делінген кәсіпорынның есебінде. Биылғы жылдың алты айында кәсіпорын қол жеткізген жиынтық табыс 22,3 млрд теңгені құрады (өткен жылы 11,8 млрд теңге болған), ал  жалпы табыс 7,2 млрд теңгеге жетті.

Өткізу жылдамдығы жеделдегеннің арқасында компанияның жиынтық табысын екі еселеуге мүмкіндік туды: 2016 жылғы қаңтар-маусым айларының нәтижесі бойынша 11,8 млрд теңге болса, биылғы алты айда 22,3 млрд теңге пайда тапты. EBITDA көрсеткіші алты айда 6,03 млрд теңгеге тең болды делінген есепте.

Өскемендегі зауытта құрастырылатын модельдер қатарында Lada, Skoda, KIA және Chevrolet бар. Қаржылық көрсеткіштердің жоғарылауына жаңа көлік модельдерінің шығарыла және Қытайға көлік экспорттала бастауы жағымды әсер еткенін айтады компаниядағылар.

Жалпы, биылғы жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстан автонарығында 2014 жылдың орта шенінен басталған құлдыраудан кейін едәуір өрлеу байқалды. "Бипэк Авто – Азия Авто" тобының мәліметіне сүйенсек, бірінші жартыжылдықта Қазақстанның автозауыттарында 7779 автокөлік құрастырылған, ал осы кезеңде 7748 көлік сатылған, бұл 2016 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 57,5%-ға артық. Егер былтырғы жылдың алғашқы алты айында Өскемендегі зауытта 1,18 млрд теңгеге 368 автокөлік шығарылса, биыл 20,1 млрд теңгеге 5653 көлік өндірілген. Осылайша кәсіпорынның Қазақстан нарығындағы үлесі есептік кезеңде 28,5%-ды құрады, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 12,3% болатын.

Есептік кезеңде зауытта KIA Sportage кроссовері мен KIA Optima седанын құрастыру ісі жөнге салынды, сондай-ақ KIA Cerato және  KIA Quoris модельдері жаңартылды. Жақын арада жаңа Skoda көліктері шығарылады деп күтілуде, ал қыркүйек айында жаңа Chevrolet құрастырыла бастайды. Жалпы алғанда, "Азия Авто" АҚ-ның президенті Ерік Сағымбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін зауыт тағы он шақты жаңа көлік моделін ұсынбақшы.

"Азия Авто" зауытында шығарылатын автокөліктердің басым бөлігін (59,8%-ын) жеке тұлғалар сатып алған.  Корпоративтік клиенттер автокөліктердің 23,3%-ын алса, тендер мен мемлекеттік сатып алулар аясында кәсіпорын 16,9% өнімін өткізді. Айта кету керек, жалпы сатылған автокөліктердің 6,9%-ы жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша алынған. Сонымен қатар екінші жартыжылдықта ескі көлікті кәдеге жарату бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылып, сатып алушылар Қазақстанда құрастырылған автокөлікті алуда қомақты жеңілдікке ие болады, бұл, өз кезегінде, қазақстандық автозауыттардың сатылым деңгейін өсіретін тағы бір фактор болмақ деген ойда компаниядағалар.

Одан бөлек, зауыттағылар жыл соңына дейін Қытайға 3000 автокөлік жеткізуді жоспарлап отыр (бірінші жартыжылдықта ҚХР-ға 692 көлік жеткізілді). Айта кету керек, Қостанайдағы "Сарыарқаавтоөндіріс"  зауыты да өнімін экспортқа шығарады – жыл соңына дейін зауыт Тәжікстанға 1000 JAC автокөлігін жеткізбекші.

Бірінші жартыжылдықта "Азия Авто" төлеген салық сомасы 368,5 млн теңгені құрады. Мұндай мәліметті "Қазавтоөндіріс" салалық одағы келтіреді. Жалпы автоөндірушілерден мемлекеттік қазынаға 1,2 млрд теңге салық түскен. "Сарыарқаавтоөндіріс" зауыты бұл кезеңде 240,7 млн теңге салық төлесе, "СемАЗ" 163,8 млн теңге төлеген.

Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу