"Bank RBK"-ның несиелік рейтингі өсті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2681

"S&P Global Ratings" агенттігі банктің ұзақмерзімді және қысқамерзімді рейтингін "ССC/C" деңгейіне, ал ұлттық шкала рейтингін "kzCCC+" деңгейіне көтерді.

"Bank RBK"-ның несиелік рейтингі өсті

Халықаралық рейтинг агенттігінің есебінше, оң өзгеріс "Bank RBK"-ның өз міндеттемелерін толық көлемде орындауының қалпына келуіне байланысты болып отыр. Бүгінде банктің барлық рейтингі "CreditWatch with developing implications" ("рейтингтер қайта қарастырылуда, жағдай өркендеу үстінде") тізіміне енгізілген.

"Біз дұрыс жолда екенімізді білеміз. Алты аптаның ішінде ғана қолға алынған қарқынды жұмыстың нәтижесінде банк қызметінің толық тұрақтылығына қол жеткіздік. Бес апта ішінде біздің рейтинг қайта қарастырылды. Мұндай жағдай рейтинг агенттіктері тәжірибесінде өте сирек орын алады. Біздің қазіргі міндетіміз – клиенттердің сенімі мен үмітін ақтау үшін қарқынды бәсеңдетпей, жұмысымызды жалғастыру. Стратегиялық жоспарымыз өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бұдан әрі банктегі жағдай жақсаратын болады. Ал ол өз кезегінде рейтингтік бағаға әсер етуге тиіс", – деп атап өтті "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Торстен Пол.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 23 тамызында "S&P Global Ratings" халықаралық рейтинг агенттігі "Bank RBK"-ның ұзақмерзімді және қысқамерзімді несиелік рейтингін "В-/В" деңгейінен "ССС+/С" деңгейіне дейін, ал ұлттық шкала рейтингін "kzB+" деңгейінен "kzB" деңгейіне дейін төмендеткен еді. Банкті қаржылық сауықтыру шарасы басталған соң, яғни 13 қарашада "S&P Global Ratings" агенттігі "Bank RBK"-ның рейтингін тағы да төмендетіп, "D" дефолтты деңгейіне дейін түсірген болатын.

Өз кезегінде "Bank RBK" АҚ акционері Владимир Ким рейтингтегі жағдайды түзеуге ниетті екенін жеткізген еді.

Естеріңізде болса, осы жылдың қазан айында "Bank RBK" акционерлік қоғамында өтімділікке қатысты проблема туындаған еді. Осының салдарынан қаржы ұйымы өз клиенттеріне – жеке және заңды тұлғаларға қолма-қол ақша беруді шектеді.

Ал "Bank RBK" АҚ акционері Владимир Ким осыдан біршама уақыт бұрын банктің клиенттері мен серіктестеріне арнаған жолдауында банкті қалпына келтіру процессінің алғашқы нәтижелері туралы хабарлаған болатын.

"Біріншіден, маған тиесілі "КСС Финанс" компаниясы "Bank RBK" АҚ-ның 600 млн қарапайым акцияларын сатып алып, банкті 60 млрд теңгеге капиталдандыруды жүзеге асырды. Мәміле нәтижесінде "КСС Финанс" банктің дауыс беруші акцияларының 99,01%-ының иегері атанды. Екіншіден, 2017 жылдың 22 қарашасында "Bank RBK" банктік сектордың қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық банкінен 120 млрд теңге көлемінде алғашқы транш алды", – деп мәлімдеді Владимир Ким.

"Bank RBK" АҚ, ҚР үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және "Қазақмыс" компаниялар тобы арасында жасалған шекті келісім талаптарына сәйкес, 2018 жылдың 19 қаңтарында "КСС Финанс" капиталдандырудың жалпы сомасын 160 млрд теңгеге жеткізіп, банк капиталына тағы 100 млрд теңге қосуы керек. Ал Ұлттық банк өз тарапынан қаржылық тұрақтылықты нығайту бағдарламасы шеңберінде "Bank RBK"-ға тағы 123,7 млрд теңге ұсынбақ.

2017 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, "Bank RBK" АҚ-ның активтері 971,9 млрд теңгені құрады. Оның 438,2 млрд теңгесі клиенттерге тиесілі. Атап айтқанда, 147,7 млрд теңгесі – жеке тұлғалардың салымы.

Есептік кезеңде банктің меншікті капиталы 177,4 млрд теңгені құраса, жарғылық капиталы 144,4 млрд теңгеге тең болды. Банктің 2017 жылдың 11 айдағы табысы – 4,1 млрд теңге.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу