"Дәрі-дәрмекке артық ақша жұмсалуда"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2999

Премьер-министр тегін таратылатын дәрі-дәрмектің артығымен сатып алынатынын сынады.

"Дәрі-дәрмекке артық ақша жұмсалуда"

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, қазіргі уақытта дәрі-дәрмек өте көп мөлшерде алынып жүр. Яғни нақты қанша дәрі керек екені белгісіз.

"Дәрі-дәрмекті артық ақша жұмсап сатып аламыз да, қоймаға жинаймыз. Осылайша шығынға ұшыраймыз. Әр өңірге қажетті дәрі-дәрмек санын нақты білмейміз. Қандай дәріге, қандай ауруханадан өтінім түсті сол қалпында қарастырамыз. Облыстарда дәрі-дәрмек шығыны 1 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Сондықтан дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлауды ретке келтіру керек", – деді Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында.

Сондай-ақ ол облыс әкімдеріне денсаулық сақтау саласын қайта реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Премьер-министрдің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанның кейбір өңірлерінде жеке кәсіпкерлер бір де бір медициналық нысан салмаған. Демек жұмыс орындары да ашылмаған.

"Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда бірде-бір нысан ашылған жоқ. Қарағандыда - 4, Ақмолада - 8, Алматы облысында - 9, Павлодарда -15 жеке кәсіпорын ашылды. Астанада - 90, Алматыда - 57, Түркістанда - 43 жеке кәсіпорын жұмыс істеуде. Осыған әкімдер көңіл бөлуі керек. Жағдай жасалды, енді жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс", – деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ әкімдер өздерінің жұмысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тұрғысынан қайта қарауы керек екендігі атап өтілді. Бұл ретте жеке инвестиция тартып, өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін дамытқан жөн.

Бұдан бөлек шет елдерде емделу үшін квота алу мәселелеріне ерекше назар аудару керектігі айтылды. Квота алу тәртібін жетілдіру және оның ашықтығын арттыру тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы жеті бағыт бойынша іске асырылуда.

Министрдің сөзінше, қоғамдық денсаулықты сақтау, салауатты өмір салтын ілгерілету аясындағы бұқаралық шараларға 6 айдың ішінде 6 миллион астам адам қатысқан. 1,5 миллионнан астам адам скринингтен өткен. Бұл – жоспардың 91%-ы. Халықты иммундау 95,2%-ға жеткен.

"Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мақсатында шағын  амбулаторлық-емханалық желі ұйымдастыру жүргізіліп жатыр. Мәселен есепті кезеңде дәрігерлік учаске саны 12%-ға артты. Учаскелік дәрігерлер жүктемесі төмендеп, бекітілген тұрғындар саны 1950 құрады. Нәтижесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жүгіну саны 23%-ға артты", – деді Елжан Біртанов.

Бағдарлама аясында жедел жәрдем қызметіне реформа жүргізіліп жатыр. Мәселен, шұғыл емес шақыртулар емханаларға жүктелді. Персоналды халықаралық стандарттарға бейімдеу кзең-кезеңмен жүргізілуде. Еліміздің тоғыз аймағында бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Алты айдың нәтижесі бойынша жәдел жәрдем қызметінің орташа жету уақыты 7 минутқа қысқарған. Сәтті реанимациялау көрсеткіші 14%-ға артып,  ауруханаға жатқызғанға дейінгі өлім-жітім азайған.

"Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету орталықтандырылды. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор қызметінің ашықтығы арттырылды. Бұл өз кезегінде сатып алулардың тиімділігін көбейтіп, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Дәрі-дәрмектермен қамтылған амбулаторлық пациенттер саны 5%-ға артты", – деді министр.

Елжан Біртанов осы жылдың тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжат айналымын енгізу аяқталатынын мәлімдеді.

"Осылайша, біз еліміздегі әрбір пациент үшін жеке-жеке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл сонымен қатар әрбір пациентпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді", – деді ведомства басшысы.

Бірінші жартыжылдықта өткен жылдың алты айымен салыстырғанда инвестицияның жалпы көлемі 63%-ға өскен. Бюджеттік емес инвестицияның ең көп көлемі (41%) шипажайлық-курорттық ұйымдарды дамытуға тартылған. Министрдің сөзінше, бұл салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік түріндегі инвестицияның саны артып отыр. Мәселен, осы жылдың 6 айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының саны 30-ға жетті. Жалпы, 2016-2018 жылдар аралығында 35 млрд теңгеге 65 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жүзеге асырылуда.

"Жыл басынан бері 8 облыста қанатқақты жоба ретінде қағазсыз медициналық құжат айналымы іске қосылды. 1 шілдеден бастап бұл жоба қалған өңірлерде де басталады", – деді министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу