"Қазақстан қағазының" ісі қайта қаралады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4458

БЖЗҚ проблемалық активтерді даулап жүр.

"Қазақстан қағазының" ісі қайта қаралады

Осыдан 4 жыл бұрын зейнетақы активтері мен міндеттемелері жеке жинақтаушы зейнетақы қорынан БЖЗҚ-ға өтті. Осылайша БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелінде проблемалық активтер пайда болды. Сол кезде "токсинді актив" деген атқа ие болған борыш күні бүгінге дейін БЖЗҚ-ның "бас ауруына" айналып отыр.

2014 жылдың 1 сәуірінде 32 эмитенттің "токсинді активінің" жалпы сомасы 161,5 млрд теңгені құрады. Бұл БЖЗҚ-ғы барлық активтің 4,4%-ы еді.

БЖЗҚ өкілдері проблемалық активтердің мәселесін шешу үшін үш жыл жан аямай тер төкті. Нәтижесінде қарыздың негізгі бөлігі қайтарылып, 2017 жылдың 1 тамызында "токсинді активтен" 40,5 млрд қалдық қалды. Қазір осы қалдық БЖЗҚ-ғы барлық активтің 0,6%-ын құрап отыр.

Атап көрсетерлігі, БЖЗҚ үш жылда 32 проблемалық эмитенттің санын 19-ға қысқартты. Кейін олардың қатарына тағы екі компания қосылды.

Эмитенттердің басым бөлігі дефолтқа 2007-2010 жылдар аралығында жол берген. Жоғарыдағы жылдар аралығында отандық һәм шетелдік компаниялар қаржы дағдарысын желеу етіп, міндеттерін орындаудан бас тартқан.

Бірден айтайық, БЖЗҚ эмитенттерге есе жіберіп, қарап отырған жоқ. Ол "Билд инвестментс групп" АҚ мен "Real-invest.kz" қаржы компаниясынан 1,3 млрд теңге қарызды қайтарып алды. "Альянс Банк" АҚ (қазіргі "ForteBank"),  Астана-финанс" АҚ, "Атамекен-Агро" АҚ, "Досжан Темір жолы" АҚ, "АБДИ Компани" АҚ,  "Қазэкспортастық холдинг" АҚ, "ЭКОТОН+" АҚ сынды 7 компанияға мемлекеттік бағдарламаларға қаржылай қолдау көрсеткізіп, 113,4 млрд теңгені өтеткізді.

Кезінде Исландияның Landsbanki, "Premier Сақтандыру" АҚ, "РТ Холдинг" АҚ, "Қазювелирпром" АҚ өздерін банкрот деп жариялап, 10,2 млрд теңгені жоқ қылған. Бүгінгі таңда қор аты аталған эмитенттерден ақша өндіріп алу ісін жалғастырып жатыр.

2016 жылы "Имсталькон" АҚ мен бразилиялық SAMARCO Mineracao S.A. компаниясы дефолтқа ұрынып, 4,1 млрд теңге қарыз болып қалған. БЖЗҚ осы ақшаны да даулап жүр.

Қазір БЖЗҚ 20 проблемалық эмитенттің мәселесін май шаммен қарап отыр. Олардың берешегі 41,15 млрд теңге.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2017 жылдың желтоқсанында сот шешімімен "Қазақстан қағазы" АҚ эмитентін оңалту шарасы тоқтатылып,  банкроттық рәсім қолданылған. Қор бұл шешімге қарсылық танытып, биыл Жоғарғы сотқа шағымданған. Осыдан бір ай бұрын Жоғарғы сот бұған дейінгі сот актілерінің күшін жойып, істі Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша алқасының сот отырысында қарау туралы шешім шығарған. Осылайша іс 22 тамызда қайта қаралатын болған.

"Қор борыштарды азаматтық тәртіпте қайтарудың бүкіл мүмкіндіктері нәтиже бермеген эмитенттерге қатысты шараларды қылмыстық-құқықтық негізде шешу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім осы бағыттағы жұмыстардың ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал етті", – деп нақтыланған баспасөз хабарламасында.

Белгілі болғандай, БЖЗҚ "РЭМИКС-Р" АҚ мен "Өрнек XXI" АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істің қозғалуына ықпал еткен. Нәтижесінде сот осы іске қатысы бар тұлғаларды аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыптаған.

"Қазір "Рэмикс-Р" компаниясына қатысты қылмыстық іс бойынша БЖЗҚ-ға келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр. Ал "Өрнек ХХІ" компаниясы басшыларының 2 млрд теңгеден астам қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденген", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Жалпыға жария болғандай, осыдан 8 жыл бұрын  "Атамекен", "Ұлар үміт" зейнетақы жинақтаушы қорлары облигацияларының иесі болған "Homebroker" АҚ БЖЗҚ алдындағы міндеттемесінен қасақана жалтарып жүр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, эмитенттің мүлігі мен активі жоқ. Сондықтан оның борышы дебиторлық қарыз арқылы өтеледі.

"Эмитенттің борышкерлері Асаубаев Бауыржан Қанатұлының мұрагері саналады. Себебі ол кезінде үшінші тұлғалардың қарызы үшін кепіл болған. Алайда 2017 жылы маусымда Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты Бауыржан Асаубаевтың мұрагерлерін борышкерлер тізімінен алып тастаған. Осыған қатысты қор Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Жоғарғы сот БЖЗҚ-ның шағымын қанағаттандырғанына қарамастан, 2018 жылдың 31 шілдесінде Алматы қалалық сотының шешімімен Бауыржан Асаубаевтың мұрагерлері тағы да борышкерлердің тізімінен шығарылды. Қор бұл мәселеге қайта оралады, бұл үшін тиісті инстанцияға шағымданады", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

"Тема.Ко" АҚ басшылары Г.Ахметов пен Б. Ахметов БЖЗҚ алдындағы міндеттерін орындамау үшін жалған құжат жасаған. Бірақ олардың әрекеттері дер кезінде әшкереленген. Қазір компанияның қызметі тексеріліп жатыр.

2005 жылы "Қазнефтехим" АҚ құрал-жабдық сатып алу үшін зейнетақы активінен 1,03 млрд теңге облигациялық қарыз алып, оны талан-таражға салған. БЖЗҚ "Қазнефтехим" АҚ басшысы Е. Киришевтің үстінен құқық қорғау органдарына шағымданған. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары Е. Киришевті іздеп жатыр. Ол табылғаннан кейін осыған дейін жасаған заңсыз әрекеттеріне жауап береді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу