"Қазақстанда пікіріне құлақ асатын экономистер аз"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3646

Экономиканы әртараптандырып, шикізаттық сектордың үлесін азайтпай экономикалық реформалардың нәтижесін сезіну қиын.

"Қазақстанда пікіріне құлақ асатын экономистер аз"

Әнуар Үшбаев - Лондон Warwick университетінің түлегі, Лондон  Imperial College магистрі. Бүгінде "Tengri Capital" инвестициялық компаниясының инвестициялық директоры және активтерді басқару құрылымының басшысы болып қызет атқарады. Экономист abctv.kz-ке эксклюзивті сұхбат берді.

– Әнуар, Ұлыбританияда 11 жыл оқып, жұмыс істедіңіз. Американың "Goldman Sachs" және Францияның "Societe Generale" қаржы институттарында қызмет атқардыңыз. Жақсы, сәтті жобаларыңыз да болыпты. Бәрін тастап елге оралуға не себеп болды?

– Себеп - бизнес, отбасым, сүйікті Алматым. Жұмыс барысымен елге жиі келіп тұрдым. Тәжірибемді Алматыда қолданып көрейін деген ой келді.  Лондонда оқыған жолдастарым Отанға менен бұрын оралды. Олардың тәжірибесі ел экономикасының қандай деңгейде екенін және қай бағытта жұмыс істейтінімді айқындап берді.  

Шетте жүрген кезде өзімнен 15 жас кіші қарындасым бойжетіп қалыпты. Жырақта жүріп, оны өзімнен алыстатып алғым келмеді. Осы қыста анамнан айырылып қалдым. Екі жыл бұрын елге келгенім, анамның қасында біраз уақыт болғаным және қиын күндерде әкем мен  қарындасымның жанынан табылғаным үшін тағдырыма ризамын.

– Бизнесті қалай аштыңыз?

– Капиталын және өзгелердің пікірін бағалай білетіндер сияқты жолдастарыммен серіктестік деңгейдегі бизнестен бастадым. Достарымды серіктес ретінде таңдадым. Себебі мамандығымыз әртүрлі. Бұл мәселеге әрқырынан қарауға мүмкіндік береді.

– Қай бағытты таңдадыңыздар?

– Біздің бағытымызды және алдағы уақыттағы жоспарымызды нарықтағы  қатысушылардың біразы жоғары деңгейде атқара алмайды. Мен еліміздің болашағынан көп үміт күтемін. Әлемдік нарықтағы құбылыстардың ел экономикасына мультипликативті әсерін тынысынан тани алатын жас бизнесмен - экономистер аз шығар. Бірақ олар бар. Дәл қазір өсіп, қалыптасып келеді. 

– Сіз ішкі нарықтағы жеке сектордың үлесін қалай бағалайсыз?

– Ол - экономикалық өсімге апарар жол. Мемлекеттің міндеті - жеке сектордың ұсынысына максимальды түрде бейімделу, сонымен қатар бір мезгілде қаржылай және интелектуальды ұсыныстарды әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындардың игілігіне жарату.

– АҚШ долларының жыл соңындағы немесе алдағы жылдағы бағамы туралы қандай пікір айтасыз?

– Мен Ванга емеспін. Бірақ жақын уақытта теңге бағамының тұрақталатынына себеп болатын алғышарт көріп тұрғаным жоқ. 

– АҚШ-тың сыртқы қарызы өсті. Бұл оның валютасына қалай әсер етеді?

– Доллар бағамы соңғы кезде өзге елдердің валюталарымен салыстырғанда 3%-ға арзандады. АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуі долларға әсер етпейді. Керісінше АҚШ долларының бағасы тұрақталады деп ойлаймын.   

–  Өзбекстан Орталық банкі ұлттық валюта – сумды екі есеге жуық құнсыздандырды...

–  Біздің елдің Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы жақсы. Бірақ ол ұлттық валютаға әсер ететін деңгейде емес деп ойлаймын. 

– Елдегі жеміс-жидектің, азық-түлік өнімдерінің біразы Өзбекстаннан жеткізіледі. Ол азық-түлік бағамына әсер етпей ме?

– Теңге бағамындағы өзгерістерге де, азық-түлік бағасына да әсері болмайды.  

– Ресейде - санкция. Соған қарамастан, ресейліктердің өмір сүру деңгейі біздің елмен салыстырғанда жоғары. Теңге бағамындағы бізге тиімсіз өзгерістердің себебі не?

– Доллар бағамы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын жоғарыда айттым.  Рубль де соңғы айларда 2,5-3%-ға тұрақталды. Бренд сұрыпты мұнай бағасы да тұрақты. Бұл теңге бағамына оң әсерін тигізуі керек еді.

– Бірақ олай болмай шықты ғой...

– Ұлттық банк біраз уақытқа дейін ішкі нарықтағы теңге бағамының тұрақты болмауына, теңгенің тым қатты нығайып кетпеуіне мүдделі болған сияқты...

– Валюта нарығындағы мұндай құбылмалы жағдай девальвация туралы дақпырт әңгімеге жол беріп жүрмей ме?

– "Теңге девальвацияға ұшырайды" деген әңгімеге негіз жоқ.

– Ұлттық валютаның нығаюына себеп болатын факторды ел көріп отыр ғой. Бренд сұрыпты мұнайдың баррелі 50 АҚШ долларынан жоғары. Рубль қымбаттауда. Мұндай жағдайда Ұлттық банкке ұлттық валютаны қысқа мерзімді депозиттерге салған салымшыларға төлейтін қаржы көзін қымбат мұнай есебінен қор жинап, қосымша күш алу тиімді емес пе?    

– Ұлттық банкке қысқа мерзімді депозиттер үшін берілетін өтемақыны сырттан іздеуге қажеттілік жоқ. Егер қажеттілік болса, ондай мүмкіндік Ұлттық банкте бар. Ұлттық банк қысқа мерзімді депозитттердің өтемі үшін қаржыны сырттан іздемейді.     

– Аз уақыт ішінде бір емес, екі девальвацияны бастан кештік.  Жалпы, "девальавацияның пайдасы бар" деген пікірге келісесіз бе?

Екі девальвация да үкіметке қоғамдық пікірді жеткізді. Әлеуметтің   экономикалық рецессияны шын сипатында тани бастағанын көрсетті. Бұл екі жаққа да тиімді деп ойлаймын.

– Девальвация кімге тиімді?

– Жалпы девальвация туралы әңгімеге ел ішіндегі алып-қашпа сөздердің әсері бар. Басқаша айтқанда, ішкі нарықтың эмоциональды әсері де ықпал етіп отыр. Кейбіреулерге, әсіресе шетелдік ретейлерлерге мұндай әңгімені қыздыру тиімді. Себебі шетелдік валютаны сату мен сатып алудағы айырмашылықтар айналып келгенде бәз-біреулер үшін табыс көзіне айналып отыр.    

– Экономиканы доллардың құрсауынан құтқарудың қажеттілігі туралы әңгіменің үкіметтік деңгейде көтеріле бастағанына екі-үш жыл болды. Біз шынында да долларға тәуелсіз ұлттық-мемлекеттік  экономика құра аламыз ба?

– Бұл - дер кезінде қабылданған экономикалық саясат. Банк депозиттеріндегі салымдардың басым бөлігі АҚШ доллары немесе басқадай шетелдік валюта түрінде сақталды. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің монетарлы, қаржы-несиелік саясатының тиімділігі аз. Төмендеп кетуі де мүмкін. АҚШ долларын баспадан басып шығару құзіреті Ұлттық банкте жоқ. Сондықтан Ұлттық банк теңгенің пайыздық мөлшерлемесін жоғарылату, АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы ішкі нарықтың беталысына әсер ете алмады.

Долларға тәуелділік деңгейіміз тым тереңдеп кеткен. Үкімет дедолларизация бағдарламасын қазір емес, мұнай бағасы қымбат кезде, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету арқылы қолға алу керек еді. 

– Дедолларизацияны кештеу қолға алғанымыз теориялық жағынан  бәріне түсінікті. Бұл туралы қаржыгер-сарапшы ретінде пікіріңіз қандай?

– Дедолларизация ешбір елде әкімшілік немесе жоғарыдан бұйрық беру тәсілімен жүргізілген емес. Сондықтан дедолларизацияның тиімділігі мен процесіне бұйрық беру тәсілімен ықпал ете алмайды. Бұл - экономикалық өсіммен қатар жүретін эволюциялық құбылыс.  

– "Үкіметтің экономикалық блогының ұстанымында креативті шешімдер байқала бермейді" деген пікір бар. Экономикалық реформалардан тың идеялар, оң өзгеріске бастайтын бағыттарды байқайсыз ба?

– Маған бұл сұраққа жауап беру қиындау. Мемлекеттік қызметте тәжірибем жоқ. Мақтау да, сын айту да - сырт көзге оңай. Бірақ экономиканы әртараптандырмай, шикізаттық сектордың үлесін азайтпай, экономикалық реформалардың нәтижесін сезіну қиын.

– Қазіргі жағдайды біреулер ұзаққа созылған дағдарыс дейді. Енді бірі бүгінгі экономикамыздың шынайы көрінісі деп жүр. Қазақстан сияқты мұнайға тәуелді және экономикасын әртараптандырып үлгермеген елді қандай болашақ күтіп тұр?

– Әлемдік деңгейде дағдарыс жоқ. Тек қана демографиялық мәселелер экономикалық өсімге кері әсер етіп отырған елдер бар. Мәселен, Жапония.  Біздің елде үгіт-насихат пен профанцияның бәсі басым болып тұр. Сол себепті әлемдік дағдарыс дегенді бес-алты жылдан бері жиі естіп келеміз. Экономикамыздың біз пайдаланып үлгірмеген, өсімге жол ашатын  механизмі жайлы біз кейінірек еститін боламыз. Сол кезде бүгінгі экономикалық өсім туралы нағыз шындық айтылады.  

– Біз өмір сүріп отырған кезеңге болашақ тарихшылар мен экономистер қандай баға беруі мүмкін? 

– Тоқырау деп баға беруі әбден ықтимал.  

– Экономист Берлин Иришев бізге берген бір сұхбатында "Сексеннен асып кеткен Нобель сыйлығының лауреаттарының пікіріне емес, 25 жастағы Әнуар Үшбаевтың пікіріне ден қою керек" деген еді. Жыл сайын Астанада өтетін экономикалық форумға шақырыласыз ба?

– Иә. Былтыр шақырту алдым, қатыстым.  

– Қазақстандық экономистердің пікіріне үкіметтің экономикалық блогы қаншалықты ден қояды? Экономикалық саясатымызға әсер ететін бағдарламаларда экономистеріміздің пікірі ескеріле ме?

Қазақстанда үкіметтің экономикалық блогы пікіріне құлақ асатын экономистер аз. Ораз Жандосовты, Дәулет Сембаевты экономист ретінде бағалаймын. Пікірлеріне аса құрметпен қараймын, ұстазым деп қабылдаймын. Біздер жұмыстан тыс уақыттары да мүмкіндігінше жиірек кездесуге тырысамыз.

– Бірақ олар БАҚ беттерінде көп көрінбейді ғой...

– Рас. Олар пікірін, көзқарасын баспасөзге жариялай бермейді. Күнделікті басылымдардың төрін бермейтін, өздерін экономист деп есептеп, мәлімдеме жасап, пікірін оңды-солды таратып жүргендерді мен профанс деп есептеймін. Нағыз экономист сөйлейтін жерін де, пікір айтатын ортасын да біледі.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу