"Қазгеология" Дүйсембай учаскесін "Қазақмысқа" табыстады

4238

Кен орнының жартысындағы полиметал кендерінің қорында 1,25 млн тонна мырыш бар.

"Қазгеология" Дүйсембай учаскесін "Қазақмысқа" табыстады

"Қазгеология" барланған Дүйсембай учаскесін мемлекеттік сараптаманың қарауына тапсырды. Бұл туралы инвестиция және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің брифингінде белгілі болды.

"Дүйсембай учаскесі қарауға енді келіп түсті. Қазір Дүйсембай учаскесінің жер қойнауын мемлекеттік сараптамадан өткізіп жатырмыз", – деді abctv.kz сұрағына жауап берген геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев.

"Дүйсембай кен орны жайында айтар болсақ, кен орнының қоры 300 метрге дейінгі тереңдікте ашық әдіспен өндіруге есептелген және бүгінгі күні бұл жоба Сәтбаев кен байыту фабрикасының шикізат базасын ұлғайту үшін "Қазақмыс" корпорациясына тапсырылды. Кен қорының көлемі 84 млн тонна, оның ішінде орташа құрамы 1,5 пайызды құраған жағдайда 1,25 млн тонна мырыш, орташа құрамы 0,99 пайыз болған жағдайда 839 тонна қорғасын, бір тоннадағы орташа құрамы 8,3 грамм болғанда 699 тонна күміс бар", – деп нақтылады "Қазгеология" басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Қадыржан Қауылдашев.

"Ол жердегі теңгерімнен тысқары қорлар 6,2 млн тоннаны құрайды – бұл орташа құрамы 0,83 пайызды құрайтын 51 мың тонна қорғасын және орташа құрамы 0,5 пайыз болатын 33 мың тонна мырыш, бір тоннада орташа алғанда 3,4 грамм болатын 21 тонна күміс. Бүгінгі күні болжалды ресурстарға есеп жүргізілді, бұл Дүйсембай кен орнының тек орталық учаскесі ғана, ал қалған учаскелері бойынша бағалау жұмыстары "Қазақмыс" корпорациясының қаражаты есебінен жүргізілетін болады", – деді ұлттық геологиялық барлау компаниясының топ-менеджері.

Естеріңізге сала кетейік, Дүйсембай учаскесі "Қазгеологияның" ең алғашқы барлау жобасы болатын. Оның қорлары CRIRSCO халықаралық шаблонына сәйкес есептелген деп көктемде "Қазгеологияның" бұрынғы басшысы, жақында "Қазақмыс Барлау" геологиялық барлау компаниясына басшы болып келген Ғалым Нұржанов айтқан болатын.

Бір қызығы, Дүйсембай учаскесін барлауға 2015 жылдан бері кореялық Korea Resources Corporation компаниясы қатысқан. Инвестиция және даму министрлігі сайтында барлауға жұмсалатын қаражат көлемі жобаның алғашқы кезеңінде 2 млн доллар болады деп хабарланған. Геология және жер қойнауы комитетінің бұрынғы төрағасы Базарбай Нұрабаев 2015 жылы 300 қума шақырымға геологиялық зерттеу, 150 шақырымға электрлі барлау жұмысы, 2,7 мың қума шақырымға бұрғылау жұмысы жүргізіледі және оған 1,1 млн доллар жұмсалады деп жоспарланғанын айтты. "Қазгеология" сайтында "Корея цинк", LG Chem, Daewoo және POSCO сияқты кореялық компаниялар негізінен сирек кездесетін металдар қатпарларына қызығушылық танытып отырғаны айтылады.

Өңдейтін жерлерді іздеу
Қазақстанда бүгінде 1,2 млн шаршы метр жерге геологиялық барлау жасауға рұқсат бар. Геология комитеті бұл жерлер тек 21%-ға ғана талап етіліп отырған деңгейге сай зерттелген деп есептейді. 15 қыркүйектен бастап кім бірінші келсе, сол иеленеді деген қағида бойынша 85 мың блок сатуға қойылған, оның кейбіріне жүзге жуық өтініш түскен. Бұл ретте қазір елде қорларды халықаралық CRIRSCO стандарттарына сәйкес растай алатын 53 білікті тұлға бар.

2018 жылы бюджеттің 8 млрд теңгесі есебінен 78 нысанға бастапқы геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Осы маусымда оның жетеуін зерттеу аяқталады. Бұған дейін 13 қарашадағы үкімет отырысында қаржы министрлігі, ИДМ, ҰЭМ мен әкімдіктерге геологиялық саланы қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Оның ішінде алдағы уақытта геологиялық барлау жасауға арналған мемлекеттік тапсырысты арттыру мүмкіндігі бар екені айтылған.

Сонымен қатар "Қазгеология" салаға шетелдік инвесторларды тарту жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен, компания ШҚО-ның екі учаскесінде геологиялық барлау жұмысын Yildirim Holding A.S. компаниясымен бірлесіп жүргізуде. Сондай-ақ түріктің Esan Eczacibasi Endustriyel Hammaddeler, YILDIZLAR SSS холдингтері, Қытайдың China International Energy Holding энергетикалық холдингі, БАӘ-ның Horizon Royal Diamonds DMCC, АҚШ-тың – Freeport-McMoRan Copper & Gold компаниялары және Бразилияның Vale компаниясы Қазақстанның минералдық байлықтарына қызығушылық танытып отыр.

Есепке алу
Ақбатыр Надырбаев брифинг барысында жақында геология комитетінің "Қазгеоақпарат" және Қазақстанның геология және минералдық ресурстар ақпараттық-сараптамалық орталығы деген ведомстволық бағынысты ұйымдары бір ұйым болғанын айтты. "Қазгеоақпарат" деген ескі атаумен аталатын бірыңғай ұйым жинау, сақтау, өңдеу, жүйеге келтіру және геологиялық ақпаратты мүдделі тұлғаларға берумен айналысатын ұлттық операторға айналды.

"Қазгеоақпарат" РГАО" ЖШС заңды және жеке тұлғаларға геологиялық ақпаратты ұсыну және өңдеу, ықтимал инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін геологиялық нысандардың келешегі бойынша инвестициялық пакеттерді даялаумен айналысады", –деп көрсетілген брифинг материалында.

Биылғы жылы қор жөніндегі мемлекеттік комиссия 84 кен орын бойынша қорларды есептеуге қатысты есепті қараған, оның 40-ы қатты пайдалы қазбалар (ҚПҚ). Бескемпір кен орнында 12 млн тонна темір кені тіркелген, ал Харасан-1, 2, Іңкәй, 4-учаске, Будёновское, 7-учаске алаңынан 92 мың тонна уран есепке алынды. Сонымен қатар елде мыс қоры 58 мың тоннаға күміс 270 тоннаға өскен.

"10 айда алғаш рет бұрын зерттелген учаскелердегі 3 көмірсутек шикізат кен орны алғаш рет мемлекет балансына берілді. Олар: 1 темір рудасы, 1 нефритоид және 1 көмір кен орны", – деді геология және жер қойнау комитетінің басшысы.

Есепке алынған көмір кен орны Сарықұм деп аталады. Ол Қарағанды облысында орналасқан. Жер қойнауын пайдаланушы "Сарықұм групп". Комитет ұсынған материалда кен орны антирацитті және шамамен 406 млн тоннаны құрайтыны айтылған.

Сирек кездесетін мүмкіндіктер
Мемлекеттің қаржыландыруымен атқарылатын геологиялық зерттеуде сирек және сирек жер металдарға ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстандағы сирек жер металдары кен орнын анықтау әлеуетін бағалау аяқталады деп атап кетті Надырбаев.

"Осының нәтижесінде келешекте сирек жер элементтерінің өндірістік нысандарын анықтауға бірқатар минерагениялық кешен таңдалды. Лития және басқа да элементтердің кен орындарын анықтаудың келешегі бағаланып, Шу, Сарысу және Шымкент маңы төңірегінде іздеу-бағалау жұмыстары үшін ұсыныстар берілді", – деді ол.

"Қазгеология" тарапынан еліміз бойынша сирек жер металдарды іздеуге қатысты үш жоба жүргізіліп жатыр.

"Шығыс Қазақстан облысындағы Жоғарғы Еспе учаскесінде іздеу-бағалау жұмыстары аяқталды. Қорларды есептеу жұмыс нәтижесінен белгілі болғандай, Жоғарғы Еспе сирек жер металдар кенінің қоры бар ірі кен орны болып табылды", – деп көрсетілген мемлекеттік барлау компаниясының материалында.

Сонымен қатар геологиялық мекеме Қазақстанның негізгі кенді аймақтарында СЖМ анықтау келешегін бағалау жөніндегі құны 517 млн теңге тұратын үлкен жобаны аяқтауға жақын.

"Атқарылған геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде сирек жер және сирек металдардың кейбірі бойынша болжамды ресурстарға баға берілді, атап айтсақ, олардың ішінде Байназар (Ақмая-Жанет аймағы), Ақсарлы (Көктіңкөлі), Аққұдық (Аққұдық-Қаратас) және Қалба бар. Іздеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға кеңес берілді. Осы зерттеулер нәтижесі Қазақстандағы сирек жер саласы бағдарламасын әзірлеуге негіз болады", – деп жазылған брифинг материалында.

Сонымен қатар "Қазгеология" биылғы жылы Пермь қаласының ғалымдарының қатысуымен Каспий маңы ойпатының тұз қалыңдығындағы лития мен асыл металдардың минералдану аумағын анықтау үшін Батыс Қазақстанда іздеу жұмыстарын бастады.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу