"Сергек" сескендіреді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5439

Жаңа жүйе қолданысқа енгелі елордалық жүргізушілер тәртіпті бола бастады.

"Сергек" сескендіреді

Астана қалалық инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров "Сергек"-тің сырын ашты. Оның айтуынша, бейнебақылау камералары қала көшелеріне ғана емес, адамдар көп жиналатын орындарға да орнатылады.  

"Бейнебақылау камераларының мүмкіндігі мол. Ол картинаны 25 есеге үлкейтіп көрсете алады", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Басқарма басшысы бұл камералар теріс мақсатқа пайдаланылмайтынын  мәлімдеді.

"Адамның жеке өміріне араласуға жол берілмейді. Бәрі де қауіпсіздік үшін. Бейнабақылау камераларын қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін орнатамыз", – деп түсіндірді Әлішер Әбдіқадыров.

Камералар аумақты тұтас қамту үшін ең биік жерлерге қойылған.  

Әлішер Әбдіқадыровтың сөзінше, "Сергек"-тің қандай нәтиже көрсеткені әлі белгісіз. Барлығы кейін жарияланады. Соған қарамастан жаңа жүйе іске қосылғалы елордалық көлік жүргізушілер жолда жүру ережесін қатаң сақтайтын болған.

"Жүргізушілер жолда мұқият жүретін болды. Жылдамдықты арттыру фактілері азайды. Біз мұның бәрін жедел түрде алынған деректерге сүйеніп айтып отырмыз. Нақты нәтиже қолымызға тиген жоқ. Бір ай немесе екі апта өткен соң ғана қорытындыны жариялаймыз", – деді басқарма басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйекте "Сергек" жүйесі іске қосылды. Ол көшедегі жайсыздық пен жолда жүру ережелерінің бұзылу фактісін суретке және бейнежазбаға түсіріп алады.

Қазір Астана қаласы бойынша дәл осындай үш мыңға жуық камера орнатылды. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы төрт мыңға тарта "Сергек" камерасы орнатылмақ. Камералар қала көшелерінің түйіскен жерлеріне, адамдар көп жүретін орындарға орнатылады.  

Жылдамдық режимін арттырсаңыз, автобус жолағына шықсаңыз немесе тоқтау сызығынан өтіп кетсеңіз "Сергек"-тің камераларына түстім дей беріңіз.

Жалпы, "Сергек" жүйесі "Цифрлы Астана" аясында қолға алынған шаралардың бірі ғана. Жаңашылдықтар әлі де жетерлік.

Мәселен 2018 жылдан бастап Астанада жоғары технологиялық қадағалау қондырғылары (датчиктер) орнатылады. Аталған құрылғылар коммуналдық қызмет бойынша ақпараттарды жинайды.

"Астана innovation" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың сөзінше, жаңа қондырғылар арқылы электр энергиясы, су, жолаушылар легі бойынша ақпараттар алуға мүмкіндік туады. Жаңа қондырғының тағы бір ерекшелігі – көктайғақ болатын жерді алдын-ала анықтауға көмектеседі. Қысқасы бұл құрылғы коммуналдық қызмет өкілдеріне таптырмас көмекші болмақ.

"Астана көшелеріне "Көшелерді "ақылды" жарықтандыру" жобасы аясында арнайы шамдар орнатылады. Мұндай жарықшамдар электр энергиясын аз тұтынады және әлдеқайда жарық болмақ. Осылайша біз көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясының шығынын 60%-ға дейін азайтуға, шамдарды күтіп ұстауға кететін шығынды 30%-ға дейін төмендетуге және олардың жарамдылық мерзімін 6 айдан 15 жылға дейін арттыруға қол жеткіземіз", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Бүгінде қанатқақты жоба ретінде 600-ге жуық жарықшам орнатылған. Атап айтқанда, жаңа шамдар Қонаев – Мәңгілік ел көшелеріне, Достық – Нұрлы жол көшелеріне қойылған. Сондай-ақ Мәңгілік ел көшесімен әуежайға баратын аумаққа да жаңа шамдар орнатылды.

"Бұл шамдардың қаншалықты жарық екенін тұрғындар байқап көрсе де болады. Астана қаласы бойынша 25 мыңнан астам шамды ауыстыруымыз қажет. Біз бұл істі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз. Жуық арада байқау жарияланады", – деді басқарма басшысы.

Жаңа технологияны жаппай енгізу келер жылы қолға алынбақ.

Бұл жобалардың бәрі Астананы "ақылды қалалардың" қатарына қосуға бағытталған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу