banner

"Серпін" серпілтпеді

3803

Павлодарға білім қуып келген ОҚО жастары өз өңірлеріне кетіп жатыр.

"Серпін" серпілтпеді

Елімізде 2014 жылы басталған "Серпін-2050" бағдарламасы оңтүстік жастарына солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу және сол аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігін берді. Бірақ Павлодар облысына келген оңтүстік жастарының басым бөлігі қолдарына  дипломдары тие салысымен туған жерлеріне тартса, ендібір тобы оқуларын аяқтамай, кері қайта бастаған.  

2017 жылы Павлодар облысындағы колледжерді "Серпін" бағдарламасы бойынша 67 түлек аяқтады. Олардың 11-і ғана Павлодар өңірінде жұмысқа орналасты, үшеуі жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатыр.

Бес түлек Қазақстанның басқа қалаларында еңбек жолын бастаса, тағы бірі әскерде азаматтық борышын өтеп жүр. Түлектердің жалпы санының 70%-ы немесе 47 колледж бітіруші өз өңірлеріне қайта оралған. Қазіргі таңда облыстағы 7 колледжде "Серпін" бағдарламасымен 448 студент білім алып жатыр. Бұлардың  174-і биыл диплом жазатын түлектер.

Жоғары оқу орындарында да аталмыш бағдарламаның қатысушылары бар. Инновациялық еуразия университеті былтыр алғаш рет 20 студент қабылдады. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бағдарлама аясында 541, Павлодар мемлекеттік педагогикалық  университетінде 661 жас білім алуда.

Былтыр "серпіндіктердің" алғашқы легі колледж бітірсе, биыл жоғары оқу орнын, атап айтқанда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдайды. 2014 жылы дәл осы оқу орнына аталмыш бағдарлама бойынша 145 бала оқуға түссе, биыл оның 135-і жоғары үлкен өмірге жолдама алады.

Төрт жыл аралығында 10 студент жоғарыда аты аталған жоғары оқу орнынан кетіп қалған. Бұл туралы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Қайрат Текжанов: "Серпін-2050" бағдарламасы бойынша білім алған 10 студент денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты туған жеріне оралды. Олардың арасында шаңырақ көтерген, климатқа үйренісе алмағандар студенттер де болды", – деді.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін биыл бітіретін Инабат Махмұтова Қызылордаға қайтқысы келетінін айтады.

"Биыл оқуымды тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанамын. Ұстаздық жолымды туған жерімде бастамақ ойым бар. Өйткені бізге Павлодар облысының алыс ауылдарынан ғана жұмыс ұсынылып жатыр. Менің шалғай елді мекенге барғым келмейді", – деді ол.

Түлектердің Павлодар облысында тұрақтамауының тағы бір себебі – баспана мәселесі.

"Серпін" бағдарламасы бойынша білім алуға келген студенттердің барлығы жатақханамен қамтылады. Ал оқу аяқталған соң қиындық туындай бастайды. Соның ең бастысы баспана мәселесі. Бұл өңірде пана болар ағайындарымыз жоқ, ал пәтер жалдауға жағдайымыз жетпейді. Кейбір кәсіпорындар қызметкерлеріне үй береді дегенді естідім, бірақ оны да біраз уақыт күтуге тура келетін түрі бар. Өз аймағымызға амалдың жоқтығынан ораламыз", – дейді Шымкенттен келген студент Нұрбол Айтуаров.

Мәселенің ушығуына оңтүстік пен солтүстіктің арасында көлік қатынасының дұрыс жолға қойылмауы да себеп болып тұрған көрінеді. Мәселен Павлодар мен Қызылорда арасын жалғайтын автобус, пойыз, не ұшақ жоқ. Студенттер  үйлеріне Астана, не Алматы арқылы жетеді. Білім алушыларға жылына екі рет 9620 теңге жолақы төленгенімен, бұл сома үйге қатынауға жеткіліксіз болып жатады. Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша, колледждерде оқитын бір студентке жылына 690,62 мың теңге бөлінеді. Оған қоса ай сайын 16579 теңге шәкіртақы, бірреттік тамақтану ақысы беріледі. Бірақ түлек туған жеріне оралса, оның білімі мен жүріп-тұруына бөлінген мемлекеттік қаржы қайтарылмайды.

"Түлек өз өңіріне оралған жағдайда "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" тұжырымдамасы бойынша өтемақы төлеу қарастырылмаған", – дейді Павлодар  облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әлекпарова.  

Айта кетейік, биыл Павлодар облысындағы колледждер мен жоғары оқу орындарын "Серпін-2050" бағдарламасы бойынша 309 түлек тәмамдайды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу