"Шетелдік мамандардан бас тартуға болмайды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1827

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттік сатып алулар саласына полиграфты пайдаланбақ.

"Шетелдік мамандардан бас тартуға болмайды"

Астанада өтіп жатқан ХІІІ халықаралық НR конференциясына қатысқан "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қор қызметіндегі жаңашылдықтарға тоқталды. Оның айтуынша, өткен аптада ел президентінің қатысуымен ұйымдастырылған басқару кеңесінің отырысында қордың 2018-2028 жылдарға арналған жаңа стратегиясы, сондай-ақ оған қарасты компанияларды трансформациялау жоспары бектілген. Осыған сәйкес, қор құрамындағы ұлттық компанияларда өзгерістер орын алмақшы.

"Біріншіден, қордың, оған қарасты компаниялардың басшылық құрамын қысқарттық. Қызметкерлер санын да азайттық. Осылайша, жинақы әрі тиімді команда жасақтадық. Бұл қадам бізге жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қандай да бір мәселе бойынша басшылардың келісім беруіне жұмсалатын уақытты қықсартады", – деді Ахметжан Есімов.

Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі әлемдік процестер де жылдам жүреді. Сәт сайын түрлі жағдайлар орын алады. Түрлі өзгерістер болып тұрады. Қор сарапшылары соның бәрін қалт жібермеуі керек.

"Мәселен, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын, АҚШ пен Қытай арасындағы "сауда соғысын" алайық. Ресей де, Қытай да біз үшін – серіктес. Ұлттық компаниялар аталған елдердің өкілдерімен тығыз байланыста. Сондықтан, Ресей мен Қытайдағы ахуалды бағамдап отыру маңызды. Сарапшыларымыз қос мемлекеттегі жағдайларды жедел бағамдауы керек", – деді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы.

Ахметжан Есімов ұлттық компанияларға қызметкерлерді конкурстық негізде іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай шаралар қабылданғанын атап өтті.

"Конкурстың қорытындылары ашық ақпарат алаңында орналастырылуы керек. Ол баршаға қолжетімді болуға тиіс. Сондай-ақ, онда жұмысқа қабылданған адамның не себепті таңдалып алынғаны анық көрсетілуі керек. Мәселен, "Самұрық-Қазына" қорының корпоративтік орталығында конкурстық іріктеудің сегіз сатылы жүйесі енгізілді", – деді Ахметжан Есімов.

Сегіз сатылы жүйенің мақсаты – үміткердің әлеуетін жан-жақты ашу. Басқарма төрағасының сөзінше, оған кез келген адам өтінім бере алады. Үміткерлердің бәрі сегіз сатылық конкурстан өтеді. Бір орынға 156 адамнан өтініш түседі екен.

"Бір жағынан бұл бюрократиялық жүйе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, олай емес. Шын мәнінде, бұл – білікті маманды іріктеп алудың амалы. Сол себепті конкурстық іріктеудің сегіз сатылы жүйесін енгіздік", – деп түсіндірді Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басшылық қызметтерге лайықты кадр резервін жасақтау бағдарламасына басымдық беріп отыр. Мақсат – сапалы кадр резервін қалыптастыру.

"Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті осыған орай арнайы бағдарламаны әзірлеуі керек. Сондай-ақ, компанияларға бірінші және екінші деңгейлі басшыларды дайындайтын арнайы бағдарламаны енгізуді міндеттеу қажет. Ондағы мақсат – компанияның өз ішіндегі білікті қызметкерлерінің санын арттыру", – деді басқарма төрағасы.

Ахметжан Есімовтің дерегінше, бүгінде компаниялардағы жоғары лауазымды қызметтерге лайықты қордың өз ішіндегі кандидаттардың үлесі орташа есеппен алғанда 40%-ды құрап отыр. Ал жаңадан құрылған компаниялардағы көрсеткіш 15%-ға тең. "Қазпошта" секілді ірі компаниялардың көрсеткіші – 70%.

"Осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруі керек. Біз кадрларды өз ішімізден дайындауға тиіспіз. Компания басшылары жоғары лауазымды қызметтерді атқара алатын кандидаттардың үлесін 60-70%-ға жеткізуі қажет", – деді Ахметжан Есімов.

Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы шетелден маман шақыртуға қатысты да өз пікірін білдірді.

"Қоғамда шетелден маман алдыруға қатысты көзқарас әртүрлі. Дегенмен, біз олардан бас тарта алмаймыз. Халықаралық тәжірибе, білікті мамандардың тәжірибесі бізге қашанда болсын керек. Тек, оны тиімді пайдалана білген абзал. Шетелдік мамандардан ешкім де бас тартқалы отырған жоқ. Бастысы, бұл бағыттағы жұмысты дұрыс жүргізу керек. Сараптамаға сүйенсек, бізде шетелдік жұмыс күшін қажет етпейтін салалар да баршылық. Ал енді бір жерлерге сырттан маман алдыруға тура келеді. Оларға төленетін еңбекақы да әлдеқайда жоғары. Егер олар соны ақтаса, онда басы артық әңгіменің қажеті шамалы. Біз шетелдік мамандарды бір ғана мәселені шешу үшін алдырмауымыз керек. Қайта олар біздің кадрларды дайындауға үлес қосуы қажет", – деді Ахметжан Есімов.

Басқарма төрағасының айтуынша, биыл "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында мемлекеттік сатып алулар бойынша жұмыс істейтін мамандардың деңгейін арттыратын арнайы бағдарлама қабылданбақ.

"Мемлекеттік сатып алулар – қиындығы көп сала. Бұл салада сыбайлас жемқорлық белгілері де жиі байқалады. Біз қор ішіндегі мемлекеттік сатып алуларды 10 есе қысқарттық. Бұл ретте, 300 млрд теңгені бизнеске беріп отырмыз. Бизнес өкілдерінің қордың мемлекеттік сатып алуларына қатысуына мүмкіндік жасадық. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл салаға полиграфты да пайдалансақ деген ойымыз бар. Яғни, мемлекеттік сатып алулар саласындағы мамандарды қызметіне қаншалықты сай екендігін анықтайтын боламыз", – деді Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы қор қызметкерлеріне цифрлық технологиялармен жұмыс істеуді міндеттемек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу