banner

​Астанада "Реннің" реңі қашып кетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2954

Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойынын өткізіп, Франция клубын тізе бүктірді.

​Астанада "Реннің" реңі қашып кетті Фото: fcastana.kz

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде екінші турдың ойындары өтіп, "K" тобында бақ сынайтын "Астана" өз алаңында "Ренн" клубын қабылдады. Қарсыласы осал команда емес болатын. Былтыр Франция чемпионатында 5-орынға ие болған. Ал бірінші турда Чехияның "Яблонец" клубын 2:1 есебімен тізе бүктірген-ді.

Қазақстан чемпионын "қалпақпен ұрып аламыз" деді ме екен, "Ренн" Сарыарқа төсіне үш ойыншысын әкелмепті. Исмаил Сарр жарақатына әлі айықпаса, Хатем Бен Арфа мен Эдсон Мексерді тынықтырып алуды ойлағандай. Себебі 6 қазан күні Франция чемпионатының 9-турында азуы алты қарыс "Монако" клубымен ойнайды.

"Астана" да алаңға ойыншыларының бәрін шығара алмады. Соққысы қуатты мадияр футболшысы Ласло Кляйнхайслерді жасыл алаң түгілі ойын хаттамасын да таппадық. Бас бапкердің міндетін атқарушы Григорий Бабаян оның денсаулығы сыр беріп, тынықтырып алғанды жөн санағанын матчтан кейінгі баспасөз жиынында тілге тиек етті.

Ал "Астана" – "Ренн" арасындағы матчқа келсек, ойын мейілінше тартысты өтті. Франциядан келген команда өз футболшыларының техникалық шеберліктеріне иек артатындай, жылдамдықтары соншалықты жоғары болмады. Елорда клубы сапында да теңбіл допты ұршықша үйіретін жігіттер аз емес. Сондықтан алаң иелері азулы қарсыластарына дес бермей, тең дәрежеде өнер көрсетті.

Ойынның бір сағаты алма-кезек шабуылмен өткенімен, өте қауіпті сәттер мен гол соғатын оңтайлы мүмкіндіктер аз болды. "Қай команда өрескел қателік жіберсе, сол ұтылады-ау" деп отырғанымызда, қонақтардың қорғаушылары жаза басты. Марин Томасов допты ойынға бұрыштан қосқан. Бахтиер Зайнутдинов ышқына секіріп, теңбіл допты қақпа ішіне сүңгітті. Гол!

"Ренн" клубының капитаны Бенжамен Андре допқа Зайнутдиновпен бірге секірсе де, қапы қалды. Қақпашысы да кірпік қағып үлгермеді. Сөйтіп, Ласлоның орнына негізгі құрамда ойнаған жас футболшымыз сенімді ақтады. Мүмкіндік беріп, сенім артса, өз футболшыларымыздың да жерге қаратпасын паш ете білді.

Әрине, бұдан кейін қонақтар қарқындарын үдетті. Таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай мүлт кетіп отырды. "Астананың" ойыншылары шаршаңқырап қалып, Франция клубының футболшыларына ілесу қиындай түсті. Әйтсе де, дес берген жоқ. Олардың толассыз шабуылдарын тойтарып, жанкештілік танытты. Тіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып, тағы бір гол соқты.

Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар басталғанда, "Астана" жылдам шабуыл ұйымдастырып, Марин Томасов "Ренн" қорғаушыларынан сытылып кетті. Әрі пәрменді соққысымен қақпаны дәл көздеп, қонақтардың қақпашысын да сан соқтырып кетті. Гол! "Астана-Арена" стадионына жиналған 28 мыңнан астам көрермен дүр сілкінді.

Сөйтіп, "Астана" сонау Франциядан келген азулы қарсыласын тізе бүктірді. Әрі "K" тобында төрт ұпаймен көш бастады. Ал осы топтағы екінші ойында Чехияның "Яблонец" клубы Киевтің "Динамосымен" тең түсті. Есеп – 2:2. Украина клубы екінші рет жеңіп жатып, жеңісті уысынан шығарып алды...  

 

"Астана" – "Ренн" (Франция) – 2:0

Голдар: Зайнутдинов, 64. Томасов, 90+1.
Ескертулер: Зайнутдинов, 37. Мұжықов, 88. Эрич, 88. Педро Энрике, 89 – Ньянг, 81. Бенсебаини, 62.
"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Маевский, Зайнутдинов (Логвиненко, 75), Энрике, Томасов, Алмейда (Мұжықов 63), Кабананга (Янга, 71).
"Ренн": Диалло, Бааль (Бенсебаини, 27), Да Силва, Желен, Зеффан, Поа (Юханссон, 77), Гренье, Андре, Силики (дель Кастильо, 68), Буриго, Ньянг.
Төрешілер: Гестраниус, Аравирта, Алакаре (бәрі де – Финляндия).
Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 8 – 14

Тура соққы: 2 – 3

Қиыс кеткені: 4 – 8

Тойтарылғаны: 2 – 3

Бұрыштама соққылар: 4 – 1

Офсайдтар: 4 – 2

Доп иелену: 44% – 56%

Пастар: 388 – 579

Дәл пастар: 305 – 497

Пастар дәлдігі: 79% – 86%

Қорғаныста доп тартып алу: 40 – 41

Ескерту (сары қағаз): 4 – 2

Ереже бұзу: 11 – 6

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу