Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (13 тамыз-17 тамыз).

Валюта нарығындағы жағдай көңіл көншітерліктей емес. Бұл негізінен АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларды жариялауынан, рубльдің айтарлықтай әлсіреуінен болып отыр. Аталған факторды «Альпари», «Телетрейд Групп», «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ және IFC Markets сарапшылары өз пікірлерінде атап көрсетті.

Өзімен бірге теңгенің де бағамын төмендеткен ресейлік рубльдің әлсіреуі осы аптаның басты тренді болды. Бірақ abctv.kz сауалнамасына қатысқан сарапшылар бағамды қалыптастыруға себеп болған басқа да факторларды алға тартып отыр. Оның ішінде АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысының» жалғасуы («Альпари»), Қазақстан Ұлттық банкінің интервенция жасауы мүмкін екені («Астана-Инвест», IFC Markets), түрік лирасының өзінің тарихи шегіне дейін төмендеуі («Телетрейд Групп», IFC Markets) және энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдай («Альпари», «Финам», «Астана-Инвест», IFC Markets) бар.

Жалпы сарапшылардың болжамынша, алдағы аптада дамушы елдердің нарығындағы жағдай бұдан да нашарлап кетуі мүмкін.

Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.

Наталья Мильчакова, «Альпари» компаниясының сараптамалық департамент директорының орынбасары:

Дамушы елдердің нарығы апта бойына мүлдем пәс болды. Алайда мұндай жағдай DXY доллар индексі қатты өспей тұрғанда орын алды. Бұған шетелдік инвестициялық қор капиталын дамушы және шикізат нарығынан шығарып, басқа сенімділеу қаржы активтеріне салу себеп болған сияқты. Дегенмен Brent сұрыпты мұнай бағасы аталған кезеңде қатты арзандаған жоқ (0,22%). Әлем Қытай мен АҚШ арасындағы «сауда соғысының» салдарынан Қытайдың экономикасының дамуы баяулауы мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ әзірге мұндай үрдіс байқалып отырған жоқ.

АҚШ үкіметі әлі күнге дейін күмәні көп «Скрипаль ісіне» байланысты 22 тамыз күні Ресейге қарсы жаңа санкция енгізетінін ресми түрде хабарлады. Бірақ бұл істің АҚШ-қа мүлдем қатысы жоқ. Санкциялық пакет бойынша америкалық компанияларға екі жақты мәндегі кез келген өнімді Ресейге экспорттауға тыйым салады. Сондай-ақ АҚШ үш айдан кейін кез келген америкалық өнімді Ресейге экспорттауға және «Аэрофлот» компаниясына АҚШ-қа тікелей рейс жасауға тыйым салатын жаңа санкция енгізетінін уәде етіп отыр. АҚШ-тың 22 тамыздан бастап енгізілетін жаңа санкциясы мұның алдындағы санкцияны қайталағанмен, жүйкелері тозған инвесторлар әзірге Ресейдің тәуекелді активтерінен кетуді жөн көруде.

Ресейге қарсы қосымша, бұрынғыдан да күштірек санкция енгізілуі мүмкін. Бұл жағдай Қазақстандағы теңге бағамын қалыптастыруға кері әсер етуде. Алайда қазақстандық валюта мүлдем құлдырап кетті деуге келмейді. 8 тамызда теңгенің долларға қатысты бағамы тек 0,7%-ға төмендеген.

Теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша жаңа болжам жасап, бір доллар 349-353 теңге болады деп отырмыз. Ал ресейлік рубльге қатысты бағам бір рубль үшін 5,28-5,33  теңге болуы мүмкін.

Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:

Бейсенбі күнгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша америкалық биржа индикаторлары компаниялардың есеп беру маусымы аяқталып келе жатқандығы салдарынан кері көрсеткіш көрсетті.    

S&P500 нарығының индексі 0,29%-ға төмендеп, 28253,58 шамасында жабылды. Өндірістік Dow Jones индексі 0,29%-ға түсті, ал жоғары технологиялық NASDAQ болса 0,04%-ға өскен. 10 жылдық қазынашылық облигациялар табыстылығы төрт базистік көрсеткішке, 2,92%-ға дейін түскен.

Өткен сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасы 0,25%-ға төмендеп, бір баррель үшін 72,03 доллар болды.

Тап қазіргі уақытта жергілікті қолдаумен Brent сұрыпты мұнай бағасы 71,15 доллар болып отыр.

Алдағы аптада теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,2-5,6 теңге, долларға қатысты бағамы 353-357 теңге және еуроға қатысты бағамы 411-415 теңге болады деп болжап отырмыз.

Олег Богданов, «Телетрейд Групп» компаниясының бас сарапшысы:

Қазақстандық теңге қазіргі уақытта emerging markets сегментіндегі барлық валюта үшін қалыпты жағдай болып отырған жағымсыз тренд. Олардың ішінде көш бастап тұрғаны – түрік лирасы мен ресейлік рубль. АҚШ тарапынан жаңа санкция болуы мүмкін деген хабар жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Доллармен жасалатын операцияларды бұғаттау мүмкін екендігі Ресейдің валюта, акция мен облигация нарығын қатты ширығуға әкелді. Ал бұл қазақстандық теңгеге әсер еткені, сөзсіз. Осыған қарап, дамушы елдер нарығындағы проблемалар одан сайын күрделене түсетінін айтуға болады.

Әлемдегі төлем балансының тапшылығы ең үлкен Түркияның қоры 80 млрд доллар болса да, жалпы қарызы 460 млрд долларға жетті. Түрік лирасы күн санап төмендеп келеді және бұл Түркиядағы қаржы институттарының жағдайын одан сайын ушықтыруда. Ресейдегі жағдай оларға қарағанда біршама жақсы, бірақ рубль өтімділігінің артық болуынан рубльде өз позициясынан ауытқуда.

Егер дамушы елдер нарығындағы тәуекел өсетін болса, онда жағдай түбегейлі өзгереді. Еmerging markets-те жаппай сатылым болуы мүмкін. Сондықтан қазақстандық теңге алдағы аптада төмендеуі мүмкін. Жалпы USD/KZT жұбы 370 теңге, теңгенің еуроға қатысты бағамы 420 теңге болуы мүмкін. Ал рубль бағамы тұрақты 5,1 және 5,5 теңге аралығында қалыптасуы ықтимал.

Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы: 

Барлығының назары – ресейлік рубльде. Рубльдің реакциясы қарқынды болды.

Бұған дейін АҚШ санкциялары ресейлік рубльге басты қысым болады да, ол теңгеге әсер етеді деп болжаған болатынмын. Бірақ доллар аяқ астынан өседі деп ойлаған жоқпын. Қазір енді долларды сатып алу кеш, сонымен қатар оны сату да қауіпті. Рубльге жаңа санкция болады деген жаңалықтың әсері біткен сияқты, келесі аптада рубль жаңа шамада саудаланатын болады.

Соңғы күндері қазақстандық биржадағы бағамның өсуі өте үлкен болды. Ұлттық банк интервенция жасаған сияқты. Келесі аптада да Ұлттық банк нарықта долларды сатып, жаппай сатып алу мен бағам күрт өсіп кетпеу үшін жағдайға араласуы мүмкін.

Келесі аптада доллар 355-365 теңге, рубль 5,3-5,5 теңге, Brent маркалы мұнай бағасы 70-75 доллар, бір биткоин 5000-7500 АҚШ доллары болады деп болжап отырмын.

Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:

Өткен аптада қазақстандық валютаның долларға қатысты бағамы әлсіреді, ал рубльге қатысты бағамы нығайды. Менің ойымша, бұл қалыпты жағдай. Мұнай бағасы мүлдем өзгерген жоқ, бірақ барлық дамушы елдің валютасы үшін түрік лирасының төмендеуі жағымсыз фактор болды. Жұма күні лираның долларға қатысты бағамы 20%-ға дейін төмендеді.

Осының салдарынан теңге мен рубль арзандады. Оның ішінде ресейлік рубльдің долларға қатысты бағамы қатты түсті. Оған АҚШ-тың жаңа санкция енгізу туралы жоспары себеп болды. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев оны тіпті экономикалық соғыс жариялаумен бірдей деп атады.

Қажет болып жатса, теңге бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық банк валюталық интервенция жасауы мүмкін деген хабар теңге үшін жағымды болды. Осы аптада құбылмалық ауқымы бір рубль үшін 5,17-5,37 және бір доллар үшін 353-363 теңге болуы мүмкін.