Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (20 тамыз-24 тамыз).

 

Аbctv.kz сауаланамасына қатысушы сарапшылардың пікірі әлі көңіл көншітпейді. Олардың көбі тап қазіргі уақытта дамушы елдер нарығының валютасы қысқамерзімді келешекте де төмендейді деп отыр. Сарапшылар АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы (TeleTrade КТ,  «Астана-Инвест» инвестициялық үй» АҚ, IFC Markets) мен АҚШ пен Қытайдың бірлескен сауда жасауға қатысты келіссөздерді қайта өткізуін («Финам»КТ, IFC Markets) қазақстандық валютаға әсер етуші факторлар ретінде атап кетті. Сондай-ақ  түрік лирасының тағы төмендегені («Альпари»,  TeleTrade КТ)  сөз болды. Барлық сарапшы энергия тасымалдаушылар нарығына да мән берді.

Сарапшылар валюта бағамын қалыптастыруға әсер етуші басқа триггерлер ішінен жаңа жаһандық дағдарыстың жақындағаны туралы сыбысты («Альпари»), АҚШ-та басталып жатқан дауыл маусымын («ФИНАМ» КТ), Владимир Путин мен Ангела Меркельдің кездесуін («Астана-Инвест» инвестициялық үй» АҚ),сонымен қатар инвесторлардың қыркүйек айындағы отырыста ФРЖ мөлшерлемесінің көтерілетініне сенімді екенін  (IFC Markets) атап көрсетті.

Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.

Наталья Мильчакова, «Альпари» сараптамалық департаменті директорының орынбасары:

Бір апта ішінде дамушы елдердің валютасы мүлдем нашарлап кетті. Көптеген әлемдік дағдарыстар дамушы нарық валютасының құлдырауынан басталғанын негізге ала отырып, әлем жаһандық дағдарыстың жақын екенін айта бастады. Мұндай сыбыс түрік лирасының рекордтық дәрежеге дейін төмендеуінен кейін ушығып кетті. 

Түріктің ұлттық валютасы бір апта ішінде 10,84%-ға дейін түсіп кетті, 13 тамыз күні ол тіпті бір доллар үшін 7 лираға дейін төмендеді, бірақ Түркияның Орталық банкі тұрақтандыру туралы шараларды хабарлағаннан кейін, ол бірте-бірте қалыпқа келе бастады. Сондай-ақ аса құлдырап кеткен валюталар ішінде ОАР мен Грузияның валютасы бар.

Brent маркалы мұнай бағасы бір аптада 2%-ға төмендеді, баға әзірге бір баррель үшін 70 доллар шамасында тұрақтап, теңге мен рубльдің одан әрі төмендеп кетпеуіне дем беріп тұр. Тек қытайлық юань ғана басқа валюталарға қарағанда тұрақты болып отыр.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баспасөз конференциясында теңгенің айырбас бағамының төмендегеніне қарамастан, бюджеттік бағдарлама орындалмай қалады деген қауіп жоқ деп атап кетті. Министр өзінің сөзіне 2018 жылдың бюджетінде бір доллар 340 теңге деп есептелгенін, теңгенің орташа жылдық бағамын дәлел ретінде келтірді. Ал алғашқы жартыжылдықта теңгенің орташа бағамы орташа жылдық бағамнан едәуір төмен болған. Сонымен қатар бір аптаның ішінде теңге басқа дамушы елдердің валютасына қарағанда аз төмендеген.

Теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша жаңа болжам жасап, бір доллар 359-363 теңге болады деп отырмыз. Ал ресейлік рубльге қатысты бағам бір рубль үшін 5,38-5,40 теңге болуы мүмкін.

Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:

Сейсенбі күні америкалық биржа алаңдары сауда сессиясын жоғары көрсеткішпен жапты. Оған алдағы аптада өтетін Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда келіссөздерінің кезекті раунды туралы жаңалық әсер етті. АҚШ пен Қытайдың сауда дауын реттеуге тағы әрекеттенуі нарықтарға сауда соғысының ушығуы басылады деген үміт береді.

S&P500 нарығының индексі 0,79%-ға өсіп, 2840,69 шамасында жабылды.  Өндірістік Dow Jones индексі 1,58%-ды қосып алды, ал жоғары технологиялық NASDAQ болса 0,42%-ға өскен. 10 жылдық қазынашылық облигациялар табыстылығы бір базистік көрсеткішке, 2,86%-ға дейін өскен.

Morgan Stanley сарапшылары сауда соғысының күшеюі, Қытайдың экономикалық көрсеткішінің әлсіз болуы, АҚШ-тың қарыз нарығындағы табыстылықтың өсуі мен әлемдік Орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуі барысында дамушы нарықтарға жасалатын қысым тек өседі деп есептейді. Осыған байланысты олар Emerging Markets-тегі позицияларды қысқартып, тіпті төмендетуді ұсынып отыр.

Өткен сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасы 0,85%-ға өсіп, бір баррель үшін 71,38 доллар болды. Алдағы уақытта қара алтынның бағасын ұстап тұратын драйвер АҚШ-тағы дауыл болуы мүмкін. Бұл дауыл тамыз айының ортасында басталып, қыркүйектің ортасына дейін созылады.

Алдағы аптада теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,2-5,6 теңге, долларға қатысты бағамы 355-359 теңге және еуроға қатысты бағамы  408-412 теңге болады деп болжап отырмыз. 

Анастасия Игнатенко, TeleTrade компаниялар тобының жетекші сарапшысы:

Қиын сәттерді басынан кешкен ресейлік валюта қазір шамалы дамылдаған сияқты. Алайда бұл ұзаққа бармайтыны анық, өйткені алдағы аптада санкция тақырыбы тағы көтеріліп, ойыншылар тағы Американың «қас-қабағына» қарайтын болады. Осыған дейін белгілі болғандай, 22 тамыз күні Вашингтон Мәскеуге қарсы санкция енгізеді. Бұл екі кезеңде өтеді.

Тап осы болжамдар рубльге қатысты жағымсыз трендті қалыптастыруы мүмкін, сондай-ақ бұған мұнай бағасының жағымсыз динамикасы әсер етуі мүмкін. Мұнай нарығы жетінші апта қатарынан төмендеп келеді, фьючерстер әзірге қолдаудың бір деңгейіне ілігуге тырысып жатқанмен, мұнай бағасының төменгі баға ауқымына көшкені нақтыланып отыр. Сондықтан егер қорға қатысты статистика келесі аптада ойыншылар үшін жақсы жаңалық әкелмесе, онда сәрсенбі-бейсенбі күндері Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 68 доллар шамасына түсуі мүмкін.

Осы факторлардың барлығы қазақстандық теңге үшін жағымсыз. USD/KZT жұбын жергілікті түзетуден кейін  доллардың тағы өсуі ғажап емес. Егер теңге/доллар жұбы 359 теңге деңгейінде тұрақтамаса, онда сәуір айынан бастап орын алып келе жатқан жағымсыз тренд одан сайын жалғасады. Егер тіпті қазіргі шама түсетін болса, онда түзету  355,80-366 теңге шамасында болады.

Қазақстан валютасы үшін ең қолайсыз келешек – 2016 жылдың қаңтар-ақпанындағы бір доллар 378-340,80 теңге болған шамаға қайтып келу.

Теңгеге Ресейдегі өзгерістер әсер ететінін естен шығармаған жөн. Сонымен қатар АҚШ Ресейге санкция енгізгенде Қазақстанның мүддесін ескеруге уәде бергенін де атап кету керек. Әрине бұған сену қиын, бірақ экономика министрі Тимур Сүлейменов тап осы мәселені шешуге әрекеттеніп жатыр.

Ал рубльге қатысты жағдай шамалы болса да тұрақты. Бұған дейін рубль/теңге жұбы шектен шыққан жоқ, ал соңғы аптада 5,30-5,40 шегінде тұр. Менің ойымша, бұл ауқым 5,50 теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бірақ жалпы сауда үйреншікті деңгейде болады.

Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ-тың инвестициялық талдау бөлімінің басшысы: 

Келесі аптада рубль бір доллар үшін 66-69 рубль шамасында саудаланады.  Путин мен Меркельдің 18 тамыз күнгі кездесуінен кей инвесторлар жақсы нәтиже күткені анық. Алайда кездесу қорытындысы бағамға әсер етеді деп ойламаймын. Бағамның динамикасы мұнай бағасы мен санкцияға қатысты басқа жаңалықтың шығуына тәуелді болады. Бірақ мұнай тұрақты бағада сатылып жатыр, қандай да бір қатты құбылу болады деп ойламаймын. Санкция жарияланып қойған. Сондықтан жоғарыда аталған шама шындыққа жанасады.

Теңге мен рубль бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, теңге де осы шамада саудаланады.

Егер тек  техникалық сараптамаға сүйенер болсақ, онда биткоин бағасы түседі деп ойлаймын. Мерзімін нақты айта алмаймын. Мүмкін келесі аптада немесе одан кейін түсуі мүмкін. Бірақ тап қазір криптовалюта сатып алуға кеңес бермейін және жалпы криптовалюта нарығына қатысты шығып жатқан жаңалықтарға мән берген дұрыс.

Келесі аптада доллар 358-370 теңге, рубль 5,25-5,4 теңге, Brent маркалы мұнай бағасы 70-75 доллар, бір биткоин 5000 -8000 АҚШ доллары болады деп болжап отырмын.

Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:

Өткен аптада теңгенің долларға қатысты бағамының төмендеуі жалғасты. Менің ойымша, бұған негізінен америкалық валютаның басқа валюталарға қатысты бағамының нығаюы, мұнайдың арзандауы сияқты сыртқы факторлар әсер етті. 26 қыркүйек күні өтетін отырыста инвесторлар ФРЖ мөлшерлемесінің көтерілетініне сенімді. Сонымен қатар АҚШ пен Қытайдың бірлескен саудаға қатысты келіссөзді қайта бастауы доллар үшін жағымды фактор болуы мүмкін. Келіссөз келесі аптаға жоспарланған.  

Теңгенің рубльге шаққандағы бағамы мүлдем өзгерген жоқ десе де болады. АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары күшейетіні туралы жоспар жария болғанда рубльдің долларға қатысты бағамы 6%-ға, теңгеге қатысты бағамы 2,5%-ға түсіп кеткен болатын. Қазір Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері Ресейге қарағанда жақсы. Бұл екі елдің валютасының динамикасына әсер етеді. Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс биылғы жылдың қаңтар-шілдесінде 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға өскен. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 3,1%-ға артқан. Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің өсуіне мұнай өндіру мен газ конденсатының осы кезеңде 6,1%-ға артқаны себеп болды. Ал осы кезеңде Ресейде еш өзгеріс  болған жоқ. Осыған қарап, теңгенің рубльге шаққандағы бағамының нығаюы Қазақстандағы  көмірсутектерді өндірудің тұрақтандыру шаралары бойынша баяулауы мүмкін екенін айтқым келеді.

Келесі аптада құбылмалықтың болжамдық ауқымы бір рубль үшін 5,23-5,43 теңге, бір доллар үшін 357-367 теңге болуы мүмкін.