Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (19 ақпан-23 ақпан).

19 ақпан- 23 ақпанға арналған валюта болжамы

Америкалық доллардың одан әрі әлсірей түсуі - аbctv.kz сауалнамасына қатысқан сарапшылардың талқылаған басты тақырыбы болды. Бұл факторды барлық сарапшы атап кетті десе де болады. Олардың пікірінше, алдағы аптада қазақстандық теңгенің бағамын қалыптастыруда доллар басты рөл атқарады. Ал доллардың бағамына АҚШ-тағы қиын экономикалық жағдай әсер етеді. Мұны «ФИНАМ», «Телетрейд Групп», «Астана-Инвест» Инвестициялық үй» АҚ, «АНАЛИТИКА онлайн Қазақстан» компанияларының сарапшылар сөз етті.

Бұған қоса, бағамның қалыптасуына энергия тасымлдаушылар нарығындағы жағдай да әсер ететін болады. Бұл факторды сауалнамаға қатысқан барлық сарапшы атап кетті.

 Алдағы аптада теңгенің нығаюына ресейлік валютаның одан әрі нығая түсуі қолдау болады.

Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар. 

 

Наталья Мильчакова, «Альпари» сараптамалық компаниясы департаментінің орынбасары  

Өткен аптада Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,8%-ға төмендеді, бұған АҚШ-тың мұнай қоры бойынша статистика әсер етті. Әсіресе, Baker Hughes-тің АҚШ-та мұнай өндіруші платформалардың белсенді өсу туралы есебі қатты әсер етті деуге болады.

Қазақстанда ұлттық экономика министрлігі 2018 жылдың қаңтарындағы экономикалық өсу туралы есеп берді. Министрліктің бағалауы бойынша, қаңтарда Қазақстанның ЖІӨ-сі 4% болған. Алайда Қазақстанның құрылыс индустриясы қаңтар айында 15%-ға қысқарған, бұл ЭКСПО халықаралық көрмесінің жабылуымен және Астана халықаралық әуежайының жаңа териналын салудың аяқталуымен байланысты.  Жарияланған статистика есебінен теңге шамалы өсті.

Теңгенің долларға шаққандағы бағамы бір доллар үшін 320-323 теңгеге дейін, ал рубльге қатысты бағам 5,57-5,7 теңгеге дейін өзгереді деп отырмыз.

 

Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:   

Бейсенбі күнгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша S&P500 нарығындағы америкалық индекс 2730,20 көрсеткіште жабылып, 1,21%-ды қосып алды да, соңғы жеті жылда ең үздік бескүндік динамиканы көрсетті. 10 жылдық қазынашылық облигациялардың табыстылығы 2,911 деңгейіне төмендеді, ал америкалық валюта бюджет тапшылығының өсуі мен АҚШ-тың мемлекеттік қарызының салдарынан үш жылдық минимумға дейін түсті.

Ойыншылар нәтижесі Федералдық резервтік жүйенің осы жылы пайыздық мөлшерлеменің өсу қарқынын арттыруға толық карт-бланш беретін АҚШ-тың инфляция бойынша жақында шыққан есебіне мән бермеді.

Алайда,  Bloomberg Intelligence сарапшыларының пікірінше, облигацияларға қатысты акциялар арзан болуы және олар ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына тәуелді болмайды.

 Өткен сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасы нөлдік динамиканы көрсетті. Бұған әлемдік валюта нарығындағы АҚШ долларының әлсіреуі және ОПЕК елдерінің ұзақмерзімді ынтымақтастығы туралы келісімнің әзірленуі себеп болды.

Аталған жағдайда жергілікті қолдаумен Brent маркалы мұнай 63 долларға жетеді.

Жұма күні Baker Hughes мұнай-газ сервистік компаниясының статистикасы жарияланды. Осының нәтижесі бойынша ойыншылар дүйсенбі күнгі саудада мұнай бағасының қозғалыс векторын анықтайтын болады.  

Келесі аптада теңгенің негізгі үш валютаға қатысты бағамы өзгермейді деп отырмыз. Бір рубль 5,6-5,8 теңге, бір доллар 319-321 теңге және бір еуро  398-402 теңге болады деп болжап отырмыз.

 

Олег Богданов, «Телетрейд Групп» компаниясының бас сарапшысы:   

Соңғы екі сауда  аптасында құбылмалық акция нарығында ғана емес, әлемдік валюта нарығында да орын алды. Осы уақыт ішінде доллар индексі 3%-ға өсіп, 90 көрсеткішінен 88,3 көрсеткішіне түсіп те үлгерді. Бұл қозғалыстарға барлық валютаның, яғни негізгі валюталардың, сонымен қатар экономикасы дамуші елдердің валютасының да  бірдей өзгеруі себеп болып отырғанын атап кету керек. Бұл қазіргі уақытта әлемдік валюта нарығы америкалық валюта үшін алдағы трендті анықтауға тырысып жатқанын көрсетеді.

Бір жағынан, тәуекелдердің өсуі мен акциялардың түсуі доллардың нығаюына әкелетінін көрсетті, ал екінші жағынан алып қарайтын болсақ, жоғары инфляция мен АҚШ-тың қазынашылық қарызы нарығындағы сауда инвесторлардың америкалық доллардан кетуіне әкеледі. Сол себепті бұл жағдайда қазақстандық теңгенің бағамы әлемдік нарықпен бірдей өзгеретінін болжауға болады. Теңгеге қатысты қауіп төмен, яғни  теңге өседі. Теңгенің долларға қатысты бағамы 320-330 теңге шамасында қала береді, EUR/KZT 410 теңге шамасына өзгеретін болады. RUB/KZT жұбы 5,6-5,8 теңге шамасында сақталады.

 

Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы:    

Америкалық доллар «әлсіреуін» жалғастырады. Мұның барлығына штат экономикасының тұрақты өсуіне қатысты қауіп себеп. Сондықтан әзірге  долларға деген қызығушылық та жоқ.

Доллардың әлсіз болуынан өткен аптада ресейлік рубль біршама нығайды. Сонымен қатар салық аптасының жақындауы да қосымша қолдау болды. Рубльдің өсуі келесі  аптада да жалғасуы мүмкін.

Сондай-ақ өткен аптада қазақстандық теңге де рубльдің өсуінен нығайды.

Доллардың әлсіреуі мен Саудияның 2018 жылы мұнай өндіруді қысқарту туралы саясатты ұстанамыз дегенінен кейін мұнай бағасы бір баррель үшін 62 доллар шамасынан айтарлықтай өсті.

Өткен аптада биткоинның төмендеуі тоқтап, 10000 доллар шамасына дейін өсті. Алайда биткоинның бұл деңгейден асу-аспауы әзірге екіталай шаруа. Криптовалюта нарығына қатысты жағымсыз болжамдардың болуынан, нарықтағы құбылмалық сақталатын болады. Алдағы аптаға ұсынып отырған болжамымыз: Bitcoin – 7500-12500 доллар, ресейлік рубль бір доллар үшін 56-57,5 доллар, бір рубль- 5,5-5,75 теңге, бір доллар 317-322 теңге, Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі  62-67 доллар.

 

Сергей Полыгалов, «Аналитика онлайн Қазақстан» компаниясының шеф-сарапшысы:

Қазақстандық теңге шетелдік валюталарға қатысты мықты позициясын жалғасытуры мүмкін.

Оқиғаны бұлайша өріс алуына төмендегі жағдайлар себеп болмақ.

АҚШ-тың бюджет тапшылығын арттыруға қатысты ішкі проблеманың туындауынан әлемдік нарықта доллардың айтарлықтай әлсіреуі. Конгестегі республикалықтар мен демократтар алдағы екі жылда бюжет шығындарын 300 млрд долларға арттыру туралы уағдаластық жасады. Қалай болғанда да Америка президенті бюджеттік түзетуді қабылдап, оған қол қоюы мүмкін. Алай нақ осы түзетулер 1 трлн доллар бюджет тапшылығына әкеледі. Салықтың 1,5 трлн долларға қысқарумен бірге бұл жағдай нашар көрініс болары анық. Бүгінгі күні тап осы жағдай америкалық доллардың әлсіреуі үшін негіз болып отыр.

Сонымен қатар мұнайдың қымбаттауы екінші себеп. Қара алтынның бағасы бір баррель үшін 62 доллар шамасына дейін көтеріліп, бағасы өсе бастады, сөйтіп аптаның соңында оның бағасына 2,5 доллар қосылды.

БАӘ-ның энергетика министрі Сухейль аль-Мазруидің Саудия мен Ресейді қоса алғандағы негізгі  мұнай өндірушілер жылдың соңына қарай мұнай өндіруді шектеу бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы келісім жобасын әзірлеу  ойлары бар екені мұнай бағасына қолдау болды.

АҚШ-тағы мұнай өндіру мен көлемінің артуы ­- мұнай бағасы үшін жағымсыз жаңалық болып қала бермек. Америкада «қара алтынды» өндіру көлемі тәулігіне рекордтық 10,27 млн баррельге дейін, ал бұрғылау мұнараларыныңсаны ақпан айында қарқынды өсіп, 44-ке жетті, сондай-ақ шикі мұнай қоры үшінші апта қатарынан өсуде. Бірақ та тіпті осындай қарқынды өсудің өзінде мұнай бағасы төмендейтін сияқты. Сонымен қатар мұнайды көптеп қолданатын маусым да алыс емес, осының барлығы мұнай тапшылығын тудыруға себеп болады.

Жалпы мұнайдың бір баррелі 64-65 доллар шамасында саудалануы мүмкін, ал бұл қазақстандық валюта құны үшін жағымды жаңалық.

Үшінші себеп ресейлік рубльдің қымбат болуы. Ресейлік рубль бір доллар үшін 56 рубль шамасына тағы қайта оралды. Шетелдік валютаға деген сұраныстың маусымдық төмендеуі де ресейлік рубльге қолдау. 23 ақпан күні S&P және Fitch Ресейдің рейтингісі бойынша шешімді жария етеді, ал бұл шешім жоғары болады деп болжануда. Ал бұл шешім қабылдар алдында ресейлік активтерге деген сұранысты арттырып жіберуі мүмкін.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мұнай бір баррель үшін 64-66 доллар шамасында саудаланады деуге болады. Ал USD/RUB жұбы бір доллар үшін 55-57 рубльді ұстап тұруы мүмкін. Бұл жағдайда RUB/KZT жұбы бір рубль үшін 318-323 теңге шамасында болады, ал USD/KZT жұбы болса бір америкалық доллар 318-323 теңге болмақ.

 

Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:   

Өткен аптада қазақстандық валюта едәуір нығайды. Бұған,негізінен, мұнайдың қымбаттауы себеп болды. Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі 62 доллар шамасында болуы теңгеге үлкен қолдау болған сияқты. Бұнымен қоса, Қазақстан экономикасына қатысты бірқатар жағымды хабарлама болғанын атап кету керек.Үкімет бюджеттік тапшылықты азайтумен қатар ұлттық қарыз мөлшерін 2022 жылға қарай қазіргі ЖІӨ-нің 26%-нан 23,7%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. Сондай-ақ 2017 жылы Қазақстанның сыртқы сауда балансы профицитінің 2016 жылғы 11,4 млрд доллардан 19 млрд долларға өсуі де теңгеге пайдасын тигізді. Инвестициялар ағының келуі де тағы бір фактор деуге болады. Негізінен қазақстан-қытай инвестициялық жобаларының көлемі 27 млрд доллардан асты. Оның 363 млн доллары осы жылы игерілмек. Мен қазақстандық валютаның одан әрі нығаятынына күмән келтірмеймін. Осы аптадағы валюталық құбылмалық бір рубль үшін 5,55-5,73 теңге, бір доллар үшін 314-324 теңге болады.