Алматылықтарға «Президент Назарбаев» қызғалдағы таныстырылды

29 Сәуір 2018 17:36

Оңтүстік астанада «Көктем көркі – қызғалдақ» деген атаумен  қызғалдақ фестивалі өтті. Фестивальде қызғалдақтың жаңа «Президент Назарбаев» сұрпы таныстырылды.

Қызғалдақтың жаңа түрін голландық селекционер Жан Лайтхард өмірге әкеліп отыр.  Гүлдер осыдан төрт жыл бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевқа Нидерландта өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысқан кезінде таныстырылған болатын.  Аталған сұрыптың ерекшелігі сол – ол өте ірі және қызғылт ақтаңдақтары бар.  Бойының биіктігі 70 сантиметрге дейін жететін гүлдер көктемнің үш айында да гүлдеп тұрады.

«Жас натуралистер станциясы» МКҚК директоры Зейнеп Аришеваның айтуынша, «Грин Ланд» компаниясы «Президент Назарбаев» қызғалдағының 10 мың баданасын сатып алып, Қазақстанға жеткізген.  Гүлдер Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында және Алматы қаласындағы Тұңғыш президент паркінде өсіп тұр.

Оның айтуынша,  голландық селекционерлер сондай-ақ «Қазақстан Республикасы» сұрпын да жасаған. Аталған қызғалдақтың гүлдері бокал тәрізді және аса ірі болып келеді.  Дегенмен әзірше гүлдің баданасын қазақстандық ешбір компания сатып алған жоқ.

Гүл мерекесінде сонымен қатар  қызғалдақтың басқа да сұрыптары таныстырылды.