Астанаға танымал спортшы атбасын тіреді

12 Қаңтар 2018 15:19

Астанаға 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Әлжан Жармұхамедов келді.

Ол елодарда көрсетілген «Движение вверх» ресейлік фильмнің қойылымына қатысты. Бұл кино  Олимпиададағы ерен жеңіске арналған. Әлжан Жармұхамедовтың өзі осы киноның кейіпкерлерінің бірі, спортшы Мюнхендегі Олимпиадада Кеңес Одағы құрамында ойнаған болатын. 

Атақты баскетболист Мюнхенде өткен олимпиаданың финалындағы ойынның басынан соңына дейін қатысқанын айтты.

«Ойыншылардың ішінде маған көп ойнауға тура келді. 40 минут ойынның 36 минутын ойнадым. Бірінші және екінші таймда тек екі минут демалдым. Қарсыластарға доп салғызбаймын деп жанталасып, ойынға бастан-аяқ қатыстым», – деді ол.

«Движение вверх» киносының қойылымынан кейін көптеген шақыртулар алдым. Міне, шақыртумен Астанаға да келіп қалдым. Қазақстандағы киноға және менің жеке басыма деген мұндай  қызығушылық, әрине, адамды қуантады. Залдағы көрерменнің барлығы менің қолымды алып, суретке түсіп жатыр. Шынымды айтсам, осыншалықты көңіл қойғандарына таң қалдым», – деп ойымен бөлісті. 

«Қазақстанға үнемі келіп тұрамын. Бұл менің ата-бабамның туған жері. Жыл сайын туған жеріме, Оңтүстік Қазақстанға келемін. Қазақстанға ең алғашқы рет 1967 жылы Аламытыға шақырғанда  ауысқым келді. Сол уақытта «Локомотив» командасы бар болатын. Келіп, жарты жылдай қонақүйде тұрдым. Олар Кеңес Одағының баскетбол федерациясына рұқсат алуға тырысты. Бірақ маған рұқсат бермеді. Осыдан кейін мен Мәскеуге ЦСКА командасына кетіп қалдым», – деп есіне алды Әлжан Жармұхамедов.

Астанада Әлжан Жармұхамедов балалар баскетбол академиясында жаттығу өткізіп, өзінің шеберлігінің біраз сырын ашты. Оның айтуынша, «Астанада баскетбол дамып келеді, бұл жерде  әлемге баскетбол мектебімен танылған Сербияның маманы Деян Парижаниннің жұмыс істеуі де тегін емес».

Әлжан Жармұхамедов 1972 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері және олимпиада чемпиона атанған алғашқы қазақ. Қазіргі уақытта ол Мәскеуде тұрады, балаларды баскетболға үйретеді.