Алматыда қала қазынасынан әлеуметтік салаға қосымша 65 миллиард теңге бөлінеді

878

Алматыда қала қазынасынан әлеуметтік салаға қосымша 65 миллиард теңге бөлінеді

Алматыда қала қазынасынан халықтың әлеуметтік қажеттілігіне қосымша қаражат бөлінді. Бюджетті оңтайландыру нәтижесінде, сондай-ақ салық түсімінің артуына байланысты  әлеуметтік салаға қосымша 65 миллиард теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды almaty.tv.

Қалалық мәслихатта 2018 жылдың бюджеті қайта нақтыланды. Өкілетті органның шешімімен, биыл Жеңіс күні қарсаңында Отан соғысы ардагерлеріне 250 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Ал "Алматы жастары" бағдарламасына 2 миллиард теңге бөлінбек.

Алматыда 3 мыңға жуық баланы қамтитын жеке балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мақсатында биыл қалалық бюджеттен 850 млн теңге бөлінді. Ал аз қамтылған отбасылардың 4 мыңнан астам балалары жазғы лагерлерге жіберіледі. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ай сайын көрсетілетін коммуналдық қызмет ақысын төлеу 5,5-тен 6,5 айлықтық есептік көрсеткішке жетті. Яғни, әдетте 13 мың 227 теңге бөлінсе, енді бұл 15 мың 632 теңгеге өсті. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға орталық тармақтан жеке үйлеріне дейін газ тарту шығынын әкімдік 100 пайыз өтейді. Оған қоса, жыл аяғына дейін 3 мыңнан астам адам "Еңбекпен қамту өнімділігі" бағдарламасы аясында жұмысқа тартылады.

Мәслихаттың кезекті жиынында қала әкімі Бауыржан Байбек Алматының әлеуетін арттыру үшін басымдықты туризмге беру керек деп санайды.

"Ағымдағы жылы Алматыда туризмнің барлық саласын дамыту үшін кешенді жоспар әзірленді. Медицина, спорт, тау-шаңғы курорты, эко және этно туризмді ілгерілету керек. Халықарылық деңгейдегі 50 іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз. Қаланың әрін кетірген автобекеттер мен темір жол вокзалын ретке келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазір "Қазақстан Темір жолы" 22 млрд теңге бөліп, 2 жылда қайта жөндеуден өткізеді", - деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ мәслихатта қаладағы қоғамдық көліктің жайы да айтылды. Мәселен, биыл автобус паркінің үштен бірі жаңартылды. "Алматыэлектротранс" мекемесіне 199 автобус сатып алу үшін қаржы бөлінген. Ал 200 қоғамдық көлікті "Green Bus Company" компаниясы жаңартса, басқа да жеке тасымалдаушылар шамамен 131 автобус алады. Жалпы, соңғы екі жыл ішінде қала бағыттары бойынша 500 жаңа автобус жолға шыққан. Рейстердің жиілігі 90% дейін артты, ал интервал 3 есеге қысқарды. Оған қоса, мәслихатта қаланың көріктендіру мен аулаларды жаңартуға да қыруар қаражат бөлінгені белгілі болды.

Сондай-ақ 2018 жылы Медеу, Бостандық, Түрксіб және Жетісу аудандарындағы саябақтар ретке келтірілмек. Yлкен және Кiшi Қарасу өзендерінің жағалауларын, жер асты өткелі жолдарын қайта жасау үшін қаржы бөлінді. Ал биыл тұрғын үй кешенін модернизациялау аясында 130 үй кешен жөндеуден өткізілмек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу