Шымкент шенеуніктері қызметтік көлікпен жүрмейтін болды

1201

Шымкент шенеуніктері қызметтік көлікпен жүрмейтін болды

Шымкент қаласының басшысы әкімдік қызметкерлеріне қызметтік көлікті пайдалануға тыйым салды. Бұл туралы бүгін шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен қоғамдық көлік проблемаларына байланысты өткен жиналыста белгілі болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық... Әр талқылауда мені бұл мәселелер шешіледі деп сендіруімен болды", – деп бастады жиналысты қала әкімі.

Ғабидолла Әбдірахымов жағдай өзгермегенін, қалалық әкімдікке тұрғындардан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мыңдаған шағым түсетінін айтты. "Яғни, жағдайды бақылауда ұстап тұрған жоқпыз. Ендеше, басқаша әрекет ететін боламыз" - деді қала әкімі.

Қызметтік көлікті пайдалануға 1 ай мерзімге тыйым салынады. Өкім қала әкімі, оның орынбасарларына, бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына, сондай-ақ, коммуналды мекемелер мен ұйымдардың жетекшілеріне қатысты. Барлық қызметтік көлік қалалық әкімдіктің көлік тұрағына қойылады. Шаһар басшысы бұған қоса қалалық әкімдіктегі жиналыстар мен кездесулерді барынша азайтуды тапсырды.

Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі мен осы саланы бақылайтын орынбасарына осы салада тәртіп орнату үшін 8 апта уақыт берді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің сақталуы, автобустардың лық толуы, салондардың тазалығы мен жүргізуші-кондукторлардың мәдениеттілігі секілді мәселелер шешіліп, аялдамаларға ақпараттық бағыттауыштар орнатылуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу